Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалы ауданында мәдениет үйі ашылды

11.01.2024, 16:25 430

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазалы ауданына сапары кезінде Әйтеке би кентіндегі 600 орындық мәдениет үйінің ашылу рәсімінде тұрғындарды құттықтады. Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев қатысты.

«Қазалы ауданы – қазақ өнері мен мәдениетінің көрнекті тұлғалары дүниеге келген, сабақтастықтың алтын тіні үзілмеген, ел-халықтың ықыласына бөленген таланттарға бай өлке. Осы жылы ауданда ауқымды жұмыстар атқарылады. Бүгін Қазалыда 250 орындық жаңа мектепті пайдалануға бердік. Кәукей ауылында 100 орындық ауылдық клуб салынуда. Майдакөл ауылында да жақын күндері клуб құрылысы басталады. Бекарыстан би, Қожабақы ауылдары мен Әйтеке би кентінде спорт кешені бой көтереді. Әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға арналған 22 тұрғын үй табысталады. Өзге де ауқымды жоспарларымыз бар», – деді аймақ басшысы.
Іс-шарада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев қазалылықтарды жаңа мәдениет ошағының ашылуымен құттықтап, «РЗА» АҚ президенті Самұрат Имандосов бата берді.

Ашылу рәсімінде өңірдегі қоғамдық бастамаларға үн қосып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан тұрғындарға, өнерпаздар мен спортшыларға құрмет көрсетілді.

Әрі қарай іс-шараға қатысушылар жаңа ғимаратты аралап, аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалады.

Айта кетейік, өткен жылы облыста 150 орындық төрт клуб жаңадан салынып пайдалануға берілді. Қызылорда қаласында отбасылық құндылықтар мен салт-дәстүрді дәріптейтін «Анаға тағзым», «Отбасы» орталықтары қызметін бастады.

Биылға да өңірдің мәдениет пен спорт саласында ауқымды жобалар жоспарланған. Облыс орталығында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін Орталық стадион және жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Келесі жылы нысандар ел игілігіне табысталады. Жақын арада «Самұрық қазына траст» қорымен бірге құны 2,7 млрд теңге болатын үстел теннисі орталығының құрылысы басталмақ. Биыл облыс бойынша 4,8 млрд теңгеге 6 спорт кешені мен 4 ауылдық клуб құрылысы қолға алынады. Құны 3 млрд 700 млн теңгені құрайтын 1000 орындық Өнер орталығы жақын күндері ашылады.
Сондай-ақ, жуырда барлық аудандарда музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтарын біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият» орталықтарының құрылысы басталмақ. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында Қызылорда қаласында «Шығармашылық академиясы» салынады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: