Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қала әкімі құрылыс нысандарын аралады

26.11.2021, 11:00 268

HALYQLINE.KZ Кеше шаһар басшысы Ғанибек Қазантаев қаладағы бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Ғанибек Қонысбекұлы ең алдымен Арай-3 мөлтек ауданынан жеке мектеп құрылысына берілетін жер учаскесіне барды. Алдағы уақытта салынатын жаңа білім үйіне бұл аумақтан 3 гектарды құрайтын арнайы жер телімі дайындалған. Қазіргі таңда жобаны жүзеге асыру мақсатында кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілуде.

Айта кету керек, соңғы жылдары жеке инвестиция арқылы қаламызда бірнеше білім ошақтары бой көтеріп, қызмет көрсетіп келеді. Мұнан соң қала әкімі СПМК-70 тұрғын ауданындағы 640 пәтерді құрайтын 13 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты. Аталған нысандарға бірнеше құрылыс компаниялары жұмылдырылған. Олар бекітілген мерзімге сәйкес, ағымдағы жылдың соңына дейін тұрғын үйлерді тапсырады деп жоспарлануда. Ғанибек Қонысбекұлы құрылысшылармен кездесуде асығыстық сапаны бұзатындығын ескертіп, қала әкімдігі жанынан құрылған арнайы топ күнделікті жұмыстың жүруін бақылайтындығын жеткізді.

Күн тәртібіндегі келесі аралау нысаны – «Сабалақ» саяжайындағы ауыз су желісінің құрылысы. Қазіргі күні екі кезең бойынша атқарылған жұмыстар аяқталып, «Сабалақ» саяжайының халқына сапалы ауыз су беріле бастады. Бүгінде мердігер мекеме ауыз су ұңғымасының аумағын абаттандыру мақсатындағы жоспарлы шараларды жүзеге асыруда. Қала әкімі Ғанибек Қазантаев серіктестік басшысына талап үдесінен сеніммен шығу зор жетістік екендігін, халыққа жағдай жасау берекелі іс болатындығын айтып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: