Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қадірі қашқан кадрлар

14.09.2023, 11:45 313

HALYQLINE.KZ

Елдің ішін білмедім, шенділердің біразы бұл күндері шок алып, стресті басынан кешіріп жатыр. Себебі бір: президент Жолдауынан кейін мемлекеттік басқару жүйесінің бірқатар органы қайта құрылып, жаңа министрліктер пайда болып, облыс әкімдері мен министрлер бірінен соң бірі ауысып жатыр. Бір аптадан асты, кадрлық ауыс-түйіс әлі де өз мәресіне жеткен жоқ.

Кезекті кадр ауысу науқанының негізгі ерекшеліктері қандай? Соны сараптап көрелік.

Біріншіден, тұрақты әрі кадрларды іріктеу және орналастыру саясаты қалыптасқан жүйеде мұндай тұрақсыздық болмауы тиіс. Қараңызшы, бір жыл бұрын тағайындалған министрлер орнынан кетті. Әлде кадр тұрақсыздығы Жаңа Қазақстанның жаңа бренді һәм тренді ме? Министрлері жиі ауысатын үкіметтің өзі ауысып кетуі мүмкін. Ал үкіметі ауысқыш мемлекеттің саяси тұрақтылығы да күмәнді болуы әбден ықтимал.

Өз басым мұндай тұрақсыздықты екі фактормен байланыстырамын.

Алғашқысы – бізде кадр тағайындау тәжірибесі ескі Қазақстанның теріс тәжірибесі мен сырқаттарынан айыға қойған жоқ. Оның басты белгілері – топтық, кландық, тамыр-таныстық принциптер, аракідік бой көрсетіп қоятын жершілдік пен рушылдық, кадрларды қоғам пікіріне байланыссыз көтеру не төмендету.

Келесі фактор Жаңа Қазақстанның басты құрылысшыларының дипломатиялық, елшілік өмірбаянына тікелей қатысты. Көп жылдар бойына шетелде жүрген ол шенділер ел ішіндегі жағдайға толық қанық емес, қоғам мен басқарушы элитадағы терең де тылсым тенденциялардан бейхабар.

Осыдан барып, кадр таңдауда қателіктер көбейіп кетті.

Екіншіден, меніңше, кадр тағайындауда басты шешім қабылдайтын бір орталық жоқ сияқты. Қарап отырсам, басты кадрларды ауыстыруда жүйелік, бірізділік, белгілі бір қисын, сабақтастық жоқ. Әйтпесе, қызметінен кеткен әкім не министрдің орны бір апта бойына қаңырап бос тұра ма?! Ондай іркілістер сол аймақ не сол министрліктің берекесін қашырады, бір бастық кетіп, екіншісі келгенше, небір өсек-аяң тарап үлгереді, оның бәрі басқарушы жүйеге, сол салада жүрген адамдардың психикасына орасан зор нұқсан келтіреді. Мәселен, сол салада не аймақта өз міндетін абыроймен атқарып келе жатқан орынбасар бір күнде түкке керек болмай қалады. Өйткені жаңа бастық өзімен бірге өз командасын әкеледі де, жылдар бойына қалыптасып, нәтижелі жұмыс атқарып келе жатқан аппараттың быт-шыты шығады.

Үшіншіден, бізде әкім не министрдің орнынан кетуі не басқа жұмысқа ауысуының себептерін қоғамға жария түрде түсіндіру тәжірибесі қалыптаспаған. Ол бастық – «киләді, китәді, расстраивать итәді». Ондай, есеп берілмейтін жүйеде жауапкершілік қайдан пайда болсын?! Үнсіз келеді, үнсіз кетеді. Нәтижесінде сол тұлға туралы әртүрлі ғайбат сөз тарайды. «Құдайға шүкір», әрбір әкім не министрдің шынайы бет-келбетін ашып қана қоймай, өмірде жоқ фактілерді беті қызармай тарата салатын қаптаған ақпараттық ресурстар баршылық.

Аңқау елге – арамза ақпарат құралы! Мұның бәрі жеке тұлғаларға ғана емес, тұтастай мемлекеттік басқару жүйесіне деген теріс көзқарасты қалыптастырады: «биліктегілердің бәрі жершіл, рушыл, жемқор, мансапқор» және тағы басқа. Мұндай нигилизм мемлекеттің өзіне деген көзқарасқа өз салқынын тигізеді.

Төртіншіден, кадр саясатын анықтайтын жалғыз президент емес, оларды бекіту не бекітпеуге парламент және жергілікті мәслихаттардың да өз ықпалы бар. Әрине, олар оппозиция емес, президент ұсынған кандидатураға толық құрамымен қарсы шыға алмайды. Алайда ұсынылған үміткердің іскерлік, кәсіби, адами қасиеттерін ашық талқылауға болады ғой? Оған президент те тыйым салып жатпаған болар. Орнынан кетіп жатқан министрді не әкімді кезінде қолдап дауыс берген нақ сол депутаттар емес пе? Олай болса, күні кеше өздері қолдаған шендінің лайықсыз боп шыққанына олар неге өз деңгейінде жауап бермейді?

Бесіншіден, Жаңа Қазақстанға ескі Қазақстанның тағы бір сырқаты жұққандай. Бізде бюрократиялық оқшантайға бір кіріп алған адам ендігәрі одан шықпайды да, сол шенеуніктік деңгейде бір орыннан екінші орынға көшіп жүре береді. Сөйтіп, зейнетке шыққанша сол ортадан шықпайды. Мұның өзі кадр саласында буындардың ауысып тұруына өз кесірін тигізеді. Мәселен, ескі Қазақстан тұсында 30 жыл бойына ауыспаған министрлер мен әкімдер тұтас бір буынның (социологияда оны «Х буыны» деп атайды, яғни өткен ғасырдың 60 және 70-жылдары дүниеге келгендер) мемлекеттік қызметке белсенді түрде араласуына кедергі боп алды. Кландық жүйе кесірінен ол буын өзінің әлеуетін жүзеге асыра алмай қалды. Сол үрдіс Жаңа Қазақстанда да орныға бастаған сияқты.

Сөйтіп, бізде «кәсіби министр не әкім» категориясы пайда болды. Олар нақты кәсіппен шұғылдана қоймаған, тек қана басқара алады. Қолынан басқа ешнәрсе келмейді. Шынтуайтына келгенде, кез келген маман үшін шенеуніктік отставка трагедия болмауы тиіс. Мемлекеттік қызметтен кеттің бе, өз мамандығың бойынша жұмыс істе, отбасыңды асыра! Мұғалім не дәрігер, журналист не құрылысшы, инженер не кәсіпкер дегендей. Қоғам мен мемлекеттік қызметте осындай үрдіс қалыптастырмай, біз өмір бойы шенеунік боп жүретін кастадан құтыла алмаймыз. Өркениеттік тұрғыдан алғанда, мемлекеттік қызметтегілердің қатары азая беретінін ескерсек, мұндай тәжірибені тезірек қолға алу керек-ақ.

Алтыншы себептің саяси астары бар. Қарап отырсақ, осы жолғы ауыс-түйісті қолға алған президент экономика, қаржы, логистика, экология, идеология салаларының басшыларына көңілі толмаған секілді.

Ол да дұрыс. Бірақ «еститін мемлекет» қағидатын жария еткен президент неліктен осы салалар менеджерлерін тек қана консерваторлық көзқарастағы шенеуніктік ортадан іздейді? Алуан түрлі, соның ішінде, ресми бағдарламаларға қатысы сыни пікірі мен балама тұжырымдамалары бар азаматтық қоғам өкілдері қайда?! Сол жақта жүрген мемлекетшіл, ұлттық ұстанымдағы азаматтар неге мемлекеттік қызметке тартылмайды?

Меніңше, Жаңа Қазақстанның жаңа кадр саясатының басты бағыты осы тренд болуы тиіс.

Әміржан  ҚОСАН

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: