Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Парламент депутаттары тұрғындармен кездесті

06.01.2024, 15:00 395

Жаңа жылдың алғашқы жұмыс аптасында Сенат депутаттары Ақмарал Әлназарова, Руслан Рүстемов, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мұрат Ергешбаев пен Мұрат Әбенов Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келді.

Іссапардың мақсаты – тұрғындармен кездесіп, оларды толғандырған мәселелерді шешу жолдарын талқылау, партияның халыққа берген уәделерінің, Сайлауалды бағдарламаның орындалу барысынан хабардар ету. Фракция мүшелері түрлі сала өкілдерімен, еңбек ұжымдарымен Қызылорда қаласында, Сырдария, Жалағаш аудандарында кездесулер өткізді.

Сенатор Ақмарал Әлназарова медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымдары басшыларымен денсаулық саласындағы мәселелерді талқылады. Жиналыста тұрғындардың алғашқы медициналық-санитариялық көмек алуын бекіту, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жедел медициналық көмектің 4 санаттағы шақыртулары, қаржыландыру секілді түйінді түйткілдер көтеріліп, олардың шешу жолдары қарастырылды.
Сапар барысында Р.Рүстемов, А.Әлназарова және М.Ергешбаев сырдариялық спортшылармен кездесті. Кездесу күрделі жөндеуден өткен аудандық спорт клубында өтті. 1976 жылы салынған ғимаратқа былтыр «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 88,9 млн теңге қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазір клубта 792 адам спорттың 9 түрінен жаттығады. Іс-шараға спортшылар, жаттықтырушылар және сала ардагерлері қатысты.

Депутаттар Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүргізілген конституциялық реформаларды, әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды, Парламент қабырғасында талқыланып жатқан Заң жобаларын таныстырды. Спортты дамытуға бағытталған басымдықтарды атап өтті. Өз кезегінде жергілікті спорт қауымдастығының өкілдері ауылдағы спорт нұсқаушыларына төленетін жалақының төмендігін айтты. Депутаттар бұл ретте қалыптасқан жүйелі кедергілерді Туризм және спорт министрлігінің назарына жеткізіп, шешу жолдарын бірге қарастыруға мүдделі екенін білдірді.

Мұнан бөлек, халық қалаулылары Сырдария ауданына барып, денсаулық сақтау саласы өкілдерімен кездесті. Сала қызметкерлері кадр дайындау мәселесіне байланысты ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, ауылдық жерден шыққан мамандардың интернатурада тегін оқуына квота қарастыру керек. Депутаттар бұған байланысты тиісті сауалдар жолданатынын атап өтті.

Жалпы өңірде денсаулық сақтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Халықтың сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру мақсатында елді мекендерде 15 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Биыл облыс бюджетінің басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталды. Оның ішінде денсаулық саласына 138 млрд 600 млн теңгеден астам қаржы бөлінді.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов «Қызылорда-Жезқазған» жолын қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты.
Автожолдың Қызылорда облысына қарасты бөлігі 204 шақырым, ол 6 лотқа бөлінген. Техникалық-экономикалық негіздемесіне сәйкес, Қызылорда қаласының айналма жолы I б санатты, 4 жолақты, 14,6 шақырым. 12-216 шақырым аралығы II санатты, 2 жолақты. Жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы техникалары мен үй жануарларына арналған өткелдер, су арналарына өтетін көпірлер, көпфункцианалды аралық бақылау өлшейтін аркалар, заманауи жылы дәретханалар мен демалыс алаңдары толық қарастырылған.
Фракция мүшесі мониторинг барысында сала өкілдері, мердігер мекеме қызметкерлерімен кездесті.

Мұрат Әбеновтің Қызылорда қаласындағы жұмыс сапары қалалық жылу-электр орталығында жалғасты. Мұнда жаңа жылу-электр орталығының құрылысымен және қаланы ыстық сумен қамту жобасымен танысты.
2025 жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін ЖЭО қаланың жылу және электр қажеттілігін толық қамтамасыз етіп қана қоймай, артылған электр энергиясын басқа өңірлерге сатуға мүмкіндік береді.
Қазіргі қолданыстағы орталық 1964 жылы салынған. Бірнеше рет күрделі жөндеу жүргізілгеніне қарамастан, стратегиялық нысанның негізгі және қосалқы қондырғыларының тозу деңгейі 90 пайызға жеткен.
Былтыр Энергетика министрлігі түркиялық «Aksa Enerji Uretim AS» компаниясымен Қызылорда қаласында жаңа бу-газ қондырғысын орнату жөнінде келісім-шартқа қол қойды. Шетелдік инвестиция есебінен салынатын жаңа ЖЭО 240 МВт электр қуатын өндіре алады. Жобаның болжамды құны – 215 миллиард теңге. 2023 жылдың 24 қазанында іргетасы қаланды.

Іссапар барысында мәжілісменге Қызылорда қаласын ыстық сумен қамту жобасы таныстырылды. Бүгінде облыс орталығындағы 781 үйдің 6-уы ыстық су жүйесіне қосылған, тағы 174 үйді қосуға мүмкіндік бар, 423 үйді қосуға қаржы қажет, 184 үйді қосуға мүмкіндік жоқ екені анықталды. Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлер 7 аймаққа бөлініп, әр аймаққа жобалаушы ұйым бекітілді. Ыстық су қосу мүмкіндігі бар көпқабатты тұрғын үйлерге жоба-сметалық құжаттамалар әзірленуде.

Сонымен қатар, Мұрат Абдуламитұлы Қызылорда қаласындағы Темірбетон бұйымдарын өндіру зауытының жұмысын көрді. Заманауи құрылғылармен жабдықталған зауытта құрылысқа қажет бетон бұйымдардың барлық түрі жасалады. Мұнда тәулігіне 200 м3 темірбетон бұйымдары шығарылады. Өндіріс орынында екі ауысыммен 100 адам тұрақты жұмыс істейді. Тауарлар ішкі нарықты толықтай қамтуда.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: