Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясы өтті

22.06.2022, 10:50 88

HALYQLINE.KZ  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың нақты тапсырмалары мен міндеттемелерін орындау аясында бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХIV сессиясы өтті.

Аймақ басшысы жалпыұлттық бірлікті құруда Қазақстан халқы Ассамблеясының орны ерекше екенін атап өтіп, тәуелсіздік алған жылдардан бері елімізде Ассамблеяның бастамасы негізінде кең көлемде жұмыстар атқарылғанын тілге тиек етті.

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Ассамблеяның 31 сессиясында жаңа мемлекеттік модельге, мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа форматына көшу қажеттілігін атап өтті. Нәтижесінде Ата заңымызға түзетулер енгізуге байланысты жалпыхалықтық референдум өз дәрежесінде ұйымшылдықпен өткізілді. Референдумның өтуіне бірлік пен бірегейлікті көрсеткен Сыр халқы да, оның ішінде этнос өкілдері мен этномәдени бірлестіктер де жоғарғы деңгейде атсалысты, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы күні кеше Ұлытау облысында өткен Ұлттық құрылтайдың ел тарихындағы маңызын атап өтіп, Сыр өңірінен Құрылтайдың құрамына енген облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, техника ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым Академиясының академигі Қылышбай Бисеновті құттықтады. Сондай-ақ, ротация тәртібімен тағайындалған облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдық негіздегі төраға орынбасары Қахар Дадашевты таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі және осы қызметті бұрын атқарған неміс этномәдени бірлестігінің жетекшісі Шек Иринаға алғысын білдірді.

Жиында баяндама жасаған Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов қазіргі күрделі жағдайда ел бірлігі – аса маңызды құндылық екенін жеткізіп, көпті ауызбіршілікке шақырды. «Атамекен» балалар ауылының директоры Лиза Сқақова ұлт болашағында саналы ұрпақ тәрбиелеудің мәнін айшықтап, өзі басқаратын отбасы үлгісіндегі ұйымның түлектері кәсіби бағдар алып, өмірде өз жолын тауып, лайықты азамат атанып жүргенін мақтанышпен жеткізді. Меценат Илларион Ли шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды, ал «Мансап» мектебінің құрылтайшысы Наталья Мишукова адами ресурстарды қалыптастырып, өскелең ұрпақты тәрбиелеу туралы ой өрбітті.

«Хабар 24» арнасының Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі Нұрлан Жақыпбеков ақпараттық технологиялар заманында медиасауаттылық пен БАҚ құралдарының рөлін сөз етсе, 30 жылдан астам уақыт донор болған Лямига Хамзина адам өмірін құтқару ісінде уақытылы қан тапсырудың маңызын айтып, жақсылық жасап жарысуға шақырды. Пікір алмасуда сөз алған «Абай қазынасына саяхат» клубының жетекшісі, Ұлы Абайдың 150 өлеңін және поэмасын жатқа білетін белсенді жас Елена Пак замандастарын Қазақстанның жарқын болашағын бірге құруға атсалысуға шақырды.

Сессия жұмысын қорытындылаған аймақ басшысы Мемлекет басшысының «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасын іске асыру, Қызылорда қаласында аналардың әлеуметтік мәселелерін шешу мақсатында «Аналар үйін» ашу, ұлтаралық ынтымақтастықты нығайту үшін «Халық достығы» аллеясын салу, сарапшылар даярлау жөніндегі әдістемелік орталықтар мен медиация институтын құру және этномедиация бағытын дамыту туралы тапсырмаларын орындау мақсатында бірқатар міндет қойды. Мұнан бөлек, сол жағалауда орналасқан «Рухани жаңғыру» орталығын Үкіметтік емес ұйымдар үйі ретінде ашу қажет екенін тілге тиек етті.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: