Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары талқыланды

05.08.2020, 16:00 498

HALYQLINE.KZ Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Қызылорда облысының 2019-2022 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары талқыланды. Жиында облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Тілешов кешенді жоспарда көзделген бірқатар мәселелер туралы баяндады.

Әлеуметтік-экономикалық даму жоспарының жалпы құны 219,7 млрд теңге болатын 119 іс-шараны қамтиды. Оның ішінде республикалық бюджеттен 156,7 млрд.теңге, жергілікті бюджеттен 50,6 млрд теңге және басқа көздерден 12,4 млрд теңге қаралды.

2020 жылға Кешенді жоспарды іске асыруға барлығы 69,4 млрд теңге көзделген, оның ішінде республикалық бюджеттен – 52,1 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 13,8 млрд теңге, басқа көздерден – 3,5 млрд теңге көзделген. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 2020 жылы 15,6 млрд теңгенің 42 іс-шарасы қолдау тапты, оның ішінде Кешенді жоспар шеңберінде 1,4 млрд теңгенің 11 іс-шарасына қолдау көрсетілді. Қалған іс-шаралар 2021-2023 жылдарға арналған бюджет шеңберінде кезең-кезеңімен шешілмек.

Облыс әкімі Г.Әбдіқалықова әлеуметтік-экономикалық жоспар экономиканы дамытумен қатар тұрғын үймен қамтамасыз ету, газ, энергия, жылу, сумен жабдықтау, жолдарды жөндеу және басқа да мәселелер шешілуі қажеттігін атап өтті. Биыл кешенді жоспар шеңберінде жаңа мұнай кен орындарын одан әрі игеру мақсатында Шу-Сарысу шөгінді бассейнін зерттеу жұмыстары басталады. Сонымен бірге агроөнеркәсіп кешенінде Қызылорда қаласындағы ет комбинаты мен Қармақшыдағы құс фабрикасын салу жұмыстары жүргізіліп, оған 80-ге жуық жұмыс орны ашылады. Ет өнімдерінің үлесі артып, ішкі нарықты қамту көзделеді. Жиында кешенді жоспарда көзделген тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бағытында қолға алынатын мәселелер қаралды. Биыл Арал, Қазалы, Қызылорда қаласында 43,6 шақырым су құбыры желілерін салу көзделуде.

Осылайша, өңірде 4 мыңнан астам адам сапалы ауыз суға қол жеткізе алады. Сонымен қатар, Тереңөзек, Жосалы және Арал ауданындағы Жақсықылыш кенттерін газдандыру жұмыстары аяқталады. Нәтижесінде, 37 мыңға жуық адам табиғи газды пайдаланып, көгілдір отынның игілігін көреді.

Даму жоспарында инфрақұрылым мәселелері жан-жақты қаралған. Облыстағы барлық аудандарда 136 шақырым жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жергілікті жолдардың үлесін 69,0%-ға дейін көтеруге мүмкіндік береді.

Аяқ сумен қамтамасыз ету бағытында да мәселелер шешімін табады. Биыл Көкарал бөгетін салу және Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіру, сондай-ақ Күміскеткен және Қараөзек су қоймаларын салу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Аталған нысандарда құрылыс жұмыстары республикалық бюджет есебінен 2021 жылы бастау алады. Кешенді жоспарды орындау нәтижесінде тұрғын үй құрылысы бағытында жаңа пәтерлер табысталады. Осы жылы 815 пәтерлік жалға берілетін тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін Қызылорда қаласы және Шиелі ауданында 698 пәтерлік 15 тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Жиында аймақ басшысы ауқымды кешенді жоспарда көзделген мәселелердің уақытылы іске асып, атқарылған жұмыстар нәтижесі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін беруі керектігін атап өтті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: