Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Нәлібаев қай жерді нұсқады? (Видео)

17.08.2020, 10:30 818

HALYQLINE.KZ Өткен аптада қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Жұмыспен қамту жол картасы» мен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында атқарылып жатқан жұмыстарды аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықоваға таныстырып, жүргізілу барысын баяндады.

«Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қызылорда қаласында әлеуметтік-мәдени, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін және инженерлік-көлік инфрақұрылымдарын жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Аталған бағдарлама аясында барлығы 97 жоба қолға алынған. Бұл жобалар бойынша қала тұрғындары үшін қосымша 4373 жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінгі таңда жұмыспен қамтылғандар 90 пайыздан асып, оның 56,7 пайызы тұрақты жұмыс көзіне айналған.

Облыс әкімі алдымен Нұрсұлтан Назарбаев даңғылының бойындағы абаттандыру жұмыстары мен жаяу жүргінші жолының құрылысымен танысты. 6 шақырымға жуық жол бойын көгалдандырып, тротуар салуды «Асанасдар» ЖШС жауапкершілікке алған. Мердігер жоба аясында 180 адамды жұмыспен қамтып отыр. Шаһар басшысы жұмыстың жоспарға сай жүргізіліп жатқанын жеткізіп, тұрғындарды көптеп жұмыспен қамтуға маңыз беріп отырғанын айтты.

Биыл Қызылорда қаласы бойынша 12 шақырым жылу жүйелері күрделі жөндеуден өтуде. 20 жылдан аса қызмет жасаған жылу құбырларының 5 шақырымы «Қызылорда жылу электр орталығы» мекемесінің өз қаражатымен ауыстырылса, қалған 7 шақырым «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы негізінде жаңалануда. Бұл жұмыстарға бағдарлама талаптарына сай 200 адам жұмысқа тартылған. Жалпы Қызылорда қаласы бойынша жылу желілерінің ұзындығы 186 шақырымды құрайды. Оның 72 пайызы толығымен жаңартылған.

Мемлекеттік бағдарлама аясында қаржы қаралып, күрделі жөндеуден өтіп жатқан нысанның бірі – «Локомотив» стадионы. Спорт орталығы соңғы рет 2007 жылы жөндеуден өткен. Бүгінде тозығы жетіп, қайта жаңғыртуды қажет еткен стадион ғимаратын жөндеуге тараздық «АгроспецСтрой» мекемесі жауапты. Мердігер 35 адамды жұмыспен қамтыған.

Ақсуат ауылдық округі «Ауыл – ел бесігі» республикалық бағдарламасы аясында қаржылай қолдау тапқан. Ағымдағы жылы ауылда 16 көше орташа жөндеуден өтіп, оның 7 көшесіне асфальт салынса, қалған 9 көшеге қиыршық тас төселіп болады. Сонымен бірге 1982 жылы салынған №143 орта мектепке араға 38 жыл салып күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары негізінде ауылдың жұмыссыз жүрген 40 азаматы жұмыспен қамтылған.

Аталған жұмыстарды көзімен көрген облыс әкімі «Қала әкімі жақсы бақылауға алып, кезең-кезеңімен жұмысты уақытылы тапсырады деп жоспарланып отыр» деп қорытындыласа, шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаев алдағы уақытта да бұл бағыттағы бақылауды арттырып, қосымша жұмыс көзін ашуға күш салатынын жеткізді.

Ал, тақырыптағы сауалға және фотодағы көрініске нақты жауап беретін болсақ, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықоваға жұмыс барысын қолымен нұсқап көрсетіп жатқаны байқалады. Оны видеодан да анық көруге болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: