Бүгінгі Үкімет отырысынан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасарының төрағалығымен мәжіліс өтіп, онда 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттің атқарылу қорытындылары қаралды. Алғашқы тоқсандағы макроэкономикалық көрсеткіштерді талқылау бойынша Қызылорда қаласы әкімдігіндегі жиында шаһар басшысы Нұржан Ахатов бұл бағыттағы жұмыстарды ширату қажеттігін алға тартып, тиісті сала жетекшілеріне тапсырмалар жүктеді. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
3 айда негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика қалыптасты. Бюджет кірістерінің жоспары 2026 жылдың 1 сәуіріне 102,1 пайызға орындалып отыр.
— Аймақ басшысы салық базасын ұлғайту бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Бүгінгі күні қала аумағында тұрғындардың мүлік және көлік құралдары бойынша берешек қалыптасқан. Бұл – жергілікті бюджет кірістерінің орындалуына тікелей қатысты. Бюджет түсімінің өсімі бірінші кезекте жеке бизнес қызметін заңдастыру, инвестиция тарту, нақты салықтық базаны анықтау арқылы қамтамасыз етіледі. Осыған байланысты жұмысты жедел үйлестіруді тапсырамын, — деді Нұржан Сәбитұлы.
Мәжілісте Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы вирустық инфекциясының алдын алу жайы да қаралды. Қазіргі уақытта қала көлеміндегі санитариялық-қорғаныш аймақтарында және буферлік зоналарда кенеге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Әсіресе, саяжайлар мен ауылдық округтерде мал қора-жайларды механикалық тазалау атқарылуда. Жиында шаһар басшысы бұл бағыттағы шараларды күшейтуді міндеттеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!