Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мәжіліс депутаты журналист ісінің әділ қаралуын талап етті

05.06.2023, 10:25 244

HALYQLINE.KZ

Парламент мәжілісі сайлауынан кейін еліміздегі саяси және қоғамдық белсенділерді қамау, айыппұл салу оқиғалары жиілеп кетті. Марат Жыланбаев,  Рысбек Сәрсенбайұлы, Мұхтар Тайжан, Лұқпан Ахмедияров,  Нұржан Әлтаев, Думан Мұхамедкәрім секілді азаматтар жоғарыда аталғандай жазаға ұшырады. Оларға көбіне 488-бап («бейбіт жиындар туралы» ) бойынша іс қозғалуда.

28 мамырда журналист Думан Мұхамедкәрімді  25 тәулікке тағы қамады. Оған 488 баптың 12-бөлігімен («бейбіт жиынның тәртібін бұзу») айып тағылды. Ол бұл айыппен келіспей, 2 маусымда аштық жариялаған болатын.

3 маусымда Думан Мұхамедкәрімнің әке-шешесі Алмаз Тілепов пен Қалимаш Райымбеқызы ұлының босатылуын сұрап, олар да аштық жариялайтынын жеткізді.

Алмас Тілепов пен Қалимаш Райымбекқызы

– Ұлым Думанды дереу босатсын! Ол террорист емес! Заңсыз түрде ұстап әкеткеніне қарсымын. Сондықтан бүгінгі күннен бастап аштық жариялаймын. Оны ұстап әкеткен полиция бөлімінің екі қызметкері көшеге шашын алдыруға барған жерінен ұстап алып, көлікке күштеп отырғызып, көлігін далаға тастап, өзін алып кеткен. Қайта 25 тәулікке соттап отыр. Босап шыққанына 2-ақ күн болатын. Апелляция сотына беріп едік, олар да заңсыздықты көзін жұмып, өзгеріссіз қалдырды, – деді журналистің әкесі Алмаз Тілепов.

Жиылған жерге келген прокуратура өкілі Сұңғат Сәтпаев наразылықтық «заңсыз» екенін айтып, тарауға шақырды.

Журналистің анасы оның айтқанына келіспей, ұлының шындықты айтқаны үшін ғана жазықты болып отыр деп есептеді.

– Осымен төртінші рет қамап отырсыздар. Заң бойынша 30 күн ғана қамауларыңыз керек. Сіздер 60 күн қамадыңыздар. Менің ұлым кісі өлтірді ме? Арақ ішіп біреумен төбелесті ме? Террорист пе? Менің балам шындықты айтып, шырылдады. Халықтың жан айқайын айтты, – деді Қалимаш Рымбекқызы.

Енді бұл іске қатысты депутат Қазыбек Иса да үн қатты. Ішкі істер министрлігі жұрт талабын ескеріп, істі әділ қарауға шақырды.

– Журналист Думан Мұхамедкәрімді бір жерді қиратып, біреуге зақым келтіріпті дегенді естігеніміз жоқ.  Қоғамға одан қандай қауіп бар? Енді қарт-әке шешесін осындай қапырықта (ауа райының ыстығында – авт.) аштық жариялайтындай мәжбүрлікке түсіру қиянат емес пе?! Думанды бір айдың ішінде үш рет тұтқындау, қамаудан шыққан күннің ертеңінде оны барған жерінен көшеден ұстап алып, басып алып кету қаншалықты заңды? Бұл – «шаш ал десе бас алуға» дайын тұратын полиицияның басынуы емес пе?!», – деп жазды мәжіліс депутаты.   

Қазір мәжілісте бір емес, бірнеше журналист депутат бар. Әзірше Қазыбек Исадан басқалары  әріптесінің саяси қудалауға ұшырап жатқанына қатысты пікір білдірмеді.

Адвокат Ғалым Нұрпейісов Думан Мұхамедкәрімнің Мұхтар Әблязовпен сұхбат жасағаны үшін  жауапқа тартылуы мүмкін екенін айтады.

Жасұлан Наурызәлі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: