Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Депутат Ермұрат Бапи Назарбаев әулетіндегі «ылаңды» жайып салды

01.06.2023, 13:23 308

HALYQLINE.KZ

Парламент мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи ҚР Бас прокуроры Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдап, тұңғыш президенттің маңайына топтасқан жемқорлық әрекетінің бірнешеуін әшкерелеп берді. Назарларыңызға депутаттық сауалдың жазбаша нұсқасын ұсынамыз.

Халық қазынасынан ұрланған-жырланған активтерді елге қайтаруға қатысты заң жобасы мәжіліске келіп түсті. Әзірге оған көз жүгіртіп шығып, шикі тұстарының аз емесін көрдік. Бірақ, біз депутаттар,  бұл заңды елде әділет орнатудың бір инструментарий (әділет орнатудың құралына – авт.) деңгейіне жеткізіп қабылдауымыз керек деп ойлаймын. Бұл – принципті және күн  тәртібінде тұрған өте маңызды мәселе. Біз клептократтар (қолдағы билікті пайдалану арқылы ақша жымқырғандар – авт.) 30 жыл бойы талан-таражға салған халық байлығын елге қайтаруымыз керек. Бұл – кемінде 150 миллиард доллармен өлшенетін қазына. Ал енді осы қаржыны қайтаруға бірінші кезекте міндетті органдар заң қабылдағасын іске кірісеміз деп арқаны кеңге салуға болмайды. Елден жылыстаған активтерге тықыр таянған сайын клептократтар оны түрлі схемалар мен әлемнің түкпір-түкпіріне тығу әрекеттерін жанталаса жасап жатыр. Сондықтан, Берік мырза (Бас прокурор – авт.), біз Халықаралық журналистер консорциумының көмегімен өзіміз анықтаған ақпаратты сізге және тиісті тергеу органдарына жеткізуден жалықпаймыз, талап қоюдан танбаймыз. Ал сіздер тиісті заңның қабылдануын күтпей, іске шұғыл кіріскендеріңіз жөн болады. Сізге елдің Бас прокуроры ретінде депутаттық сауал жолдаудан, ұрлықтың ізін іздестіруден жеделдетуді қақсап, талап етуден қоймаймыз. Мен бұл  клептократия тақырыбын  атышулы Қазақгейттен бастап, 25 жыл бойы «Дат» газетіне жазып келем. Құдай бұйыртса, тағы 5 жыл парламент партасынан қайталай беремін.

 Мәселен, сіз үшін белгілі болуы мүмкін, бірақ қоғам үшін жаңа ақпарат айтайын. Бас прокурор мырза! Сіз Қазақстанның газын сырқа сататын Tethys («Тетис» – атв.) компаниясын білесіз бе? Білмесеңіз, әлемнің «Газ трейд» компанияларының регистріне көз жүгіртіңіз.

Tethys-тің иелерінің бірі Қайрат Шәріпбаевтың қызы. Ашық ақпараттың айтуы бойынша, Шәріпбаев Дариға Назарбаеваға телініп жүрген күйеуі екенін білесіз. Міне, осы «Тетис» фирмасы Қайрат Шәріпбаев басқарған мемлекеттік монопалист «ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясының газын сыртқа сатып келген. Қазір журналист зерттеушілер соңғы 8 жылда бұл фирма Қайрат Шәріпбаевтың бақылауындағы IPL контракшн компаниясы арқылы банктерге бірнеше миллилард доллар шығарғанын анықтады. Кейбір ашық ақпараттарда мұның мөлшері 20 миллиард доллар деп жүр. Егер бұл қоғамдық тергеу ісіне елдің Бас прокуротурасы мен тиісті сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктері айналысатын болса, бұл миллиардтардың көлемі мен шыққан төркінін тезірек анықтауға болар еді. Бұл миллиардтар бүгінде  байлықтың ғана көзі емес, билікке қайтадан араласудың мәселесі. Мұндай қаржыға шынында да 20 мың терроршы  жалдауға болады. Бұл миллиардтар реваншистердің  (саяси жеңілістен кек алуға ұмтылушылар – авт.) резерві екенін сіз жақсы білуіңіз керек, прокурор мырза.

Енді екінші мысалға келейік. Швейцария үкіметі Ғалымжан Есеновтың есепшотында орасан зор ақша жатқанын анықтады. Есенов  Есімовтың күйеу баласы. Ахметжан Есімовтың кімнің (тұңғыш президенттің – авт.) ет-жақыны екені сізге де, бізге де белгілі. Есепшот иесі бұл ақшаның өзіне тиесілі екенін дәлелдей алмаған соң, швейцариялық  тергеушілер Ғалымжан Есеновтың қаржылық қызметі туралы не білесіздер деп, Қазақстанның Бас прокуротурасынан көмек сұраса, «Ғалымжан Есенов сүттен ақ, судан таза. Оған қатысты қозғалған іс жоқ» депті сізге дейінгі Бас прокурор. Анығында, сол кездегі Елбасының бұйрығымен, Бас прокурордың орындауымен Есеновке қатысты іс күні бұрын тоқтатылған екен.

Енді сұраққа көшейік.

1.Ұрланған активтерді елге қайтару науқанына жетекшілік жасауды ел президенті сізге тапсырған екен. Жоғарыда атап өткен нақақ жабылған істі қайтадан қозғауға құлқыңыз бар ма?  

2. Аты аталып отырған Есенов мырза «Жусан» банкінің бір иегері ретінде тұтастай бір банкті тегі бангладештік, азаматтығы американдық Рон Вахит деген күдікті операциялардың шеберіне басыбүтін беру әрекетін жасауда. Сіз, құзырлы лауазымгер ретінде осы операцияға қарсы қандай қимыл жасамақ ойдасыз?

3. «Қазақстан ұлттық теміржол» компаниясы құрамынан стратегиялық маңызы бар «Транстелеком» АҚ компаниясын экс-президент Назарбаевтың немересі Нұрәлі Әлиевке сутегін берілгенін қалай бағалайсыз?   Баланстық құны 250 миллиард теңге тұратын, жылдық түсімі 80-90 миллиард теңгеге жететін ұлттық меншік небәрі 18 миллиард теңгеге сатылды. Әзірге менің сізге жолдайтыным: Осы «Транстелеком» АҚ Нұрәлі Әлиевке әр жылдары жалпы көлемі 8 миллиардқа жуық девидент төлеген. Енді осыншама зор көлемдегі заңсыз ақшаны тез арада қайтару керек.

4. Елдегі жемқорлық және ұрлық қылмыстары туралы осындай деректерді қоғамға ашық жариялауға сізге не кедергі келтіруде? Егер мұндай фактілер Бас прокурордың аузымен ашық айтылғанда, президент Тоқаевтың активтерді елге қайтару саясатына қалың халықтың сенімі арта түсер еді.   

Дайындаған Жасұлан Асқарұлы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: