Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бауыржан Мұратбекұлын әріптестері жаңа қызметке шығарып салды

07.07.2026, 15:28 66

Бүгін Арал ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен актив отырысы өтті.

Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап Арал аудандық көпбейінді орталық аурухананың бас дәрігері қызметін атқарған Қуанышбаев Бауыржан Мұратбекұлының жаңа қызметке ауысуына байланысты өзінің ізгі лебізін білдіріп, білікті кадр, тәжірибелі маманның алдағы қызметіне сәттілік тіледі.

Бауыржан Мұратбекұлының ауданда қызмет атқарған жылдары денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында межелі міндеттерге қол жеткізгенін алға тартып, сала бойынша бірқатар жетістіктерге қол жеткізілгенін атап өтті.

Мәселен соңғы үш жылда «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауданға қарасты Қызылжар, Бөген және Тоқабай елді мекендерінде дәрігерлік амбулаториялар, ал Көктем ауылында медициналық бекет салынып, пайдалануға берілді.

2024 жылы салаға 25 санитарлық автокөлік табысталып, шалғай орналасқан Сазды, Жіңішкеқұм, Құланды, Жаңақұрылыс, Ақбасты, Қарашалаң және Мергенсай елді мекендері заманауи медициналық автокөліктермен қамтамасыз етілді.

Өткен жылы көптен шешімін таппай келе жатқан Сексеуіл кентіндегі 25 төсектік аурухана пайдалануға берілді.

Сондай-ақ, Арал қаласында «Қамқорлық» ерте араласу оңалту орталығы ашылып, пайдалануға берілді.

Бүгінде бұл орталық Арал және Қазалы аудандарындағы 2 мен 17 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі 900-ге жуық ерекше балаға медициналық көмек көрсететін бірегей мекемеге айналды.

Жыл басында орталық аурухана жанынан 17 төсектік нейроинсульт және 35 төсектік кардиология бөлімшелеріне арналған жапсаржай құрылысы аяқталып, ел игілігін көруде.

Жыл соңына дейін аталған орталықты МРТ және ангиограф қондырғыларымен жабдықтау жоспарлануда.

Тозығы жеткен жұқпалы аурулар бөлімшесінің жаңа ғимаратының құрылысы да толық аяқталып, ел игілігіне табысталды.

Дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыру және көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсарту мақсатында да соңғы жылдары 8 маман әлемнің бірқатар елдерінде білім алып, тәжірибе жинақтады.

Атап айтқанда, Түркия, Ресей және Литва мемлекеттерінде анестезиолог, кардиолог, неонатолог, анестезиолог-реаниматолог және акушер-гинеколог мамандары өз білімдерін жетілдірді.

Аудандағы кадр тапшылығын азайту мақсатында соңғы екі жылда 5 дәрігерге облыстық бюджет есебінен 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді.

Саладағы тағы бір маңызды жетістік – Арал аудандық көпбейінді орталық ауруханасының Ұлттық аккредиттеудің 2025–2028 жылдарға арналған кезеңінде «Жоғары санат» дәрежесіне ие болуы.

Соңғы жылдары атқарылған осындай жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелерге ең алдымен Бауыржан Мұратбекұлының еңбегіңіз сіңді деуге болады.

Жиын барсында Б.Қуанышбаевтың саладағы қызметіне тоқталып өткен аудан басшысы Аманжол Сақыпұлы ауданның ең жоғарғы наградасы құрмет грамотасы мен естелік сыйлық табыстады.

Жиында әріптестері атынан аудандық аурухана қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы төрағасы А.Асанбаев пен аудандық мәслихат төрағасы Б.Төрахметов жылы лебіздерін айтып, тіліктестік білдірді.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: