Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Баланың білімі мен тәрбиесі үшін бірдей жауаптымыз

30.04.2023, 11:45 409

Дәл осылай деп Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев фейсбук парақшасында жазды.

«Осы аптаның соңына қарай Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Бейсембаев Ғани Бектайұлы Сыр еліне арнайы келіп, білім саласындағы өзекті әрі ортақ мәселелерді бірге талқыладық. Алда бірлесе атқаратын жұмыстарды саралап, білім беру мекемелерінің жұмысын ширатуға, одан әрі жақсартуға мүмкіндік беретін жоспарларды межеледік.

Ведомоство басшысы Жаңақорғандағы «Талдысу» облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында «Сыр дарыны» академиясының оқушыларымен кездесті. М.Көкенов атындағы мәдениет үйінде өткен білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша мәжілісте талқыланған мәселелер бойынша өз пікірін білдіріп, Сыр өңірінде атқарылған жұмыстарға оң баға бердi. Министрлік білім алушылардың білім сапасына мониторинг жүргізгенде, Қызылорда облысы республикада бірінші орынға шыққанын айтты.

Министр Жаңақорған кентіндегі №110 мектеп-лицейін аралап, мектеп ұжымына жаңа автобустың кілтін табыстады. Шиелі ауданындағы Ы.Алтынсарин атындағы №219 орта мектептің асханасы мен спорт залын, музейін, кітапханасын және демеушілер есебінен жабдықталған акт залын аралап көрді. Осы жерде Жаңақорған, Шиелі аудандарының педагог-шебер, зерттеуші ұстаздарымен кездесу ұйымдастырылып, саланың өзекті мәселелері талқыланды.

Министрдің қатысуымен Қазалы ауданында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға арналған жиын өтті. Бала тәрбиесі бәрімізге ортақ іс болғандықтан, жиынға құқық қорғау және мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары, үкіметтік емес ұйымдар мүшелері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сондай-ақ, қала, аудан әкімдері, мәслихат депутаттары, ардагерлер мен қоғамдық кеңес мүшелері, ата-аналар комитетінің төрағалары, облысымыздағы барлық мектеп директорлары онлайн режимде қосылды.

Соңғы кездері жиілеп кеткен балалар арасындағы құқықбұзушылық деректеріне «бұрыннан бар әрекеттер» деп немқұрайлы қарауға болмайды. Қазалы ауданында болған төбелес қоғамда резононс туғызып, құқықбұзушылық профилактикасы комиссиясында және жедел ұйымдастырылған жиында қаралғанын білесіздер. Тиісті мекемелер мен қызметкерлер қажетті тапсырмалар алды.

Бұл келеңсіздіктерге ата-ана мектепті, мектеп ата-ананы кінәлағанмен мәселе оңды шешілмейді. Мұндай оқиғалардың тым жиілеп кетуі әкімдік пен құқық қорғау органдарын ғана емес, «болашағымыз – бала» деп жүрген барша азаматтарды, әсіресе ата-аналарды ойландыруы тиіс!
Мектептегі тәртіпсіздіктерді болдырмау үшін жан-жақты талдауларға сүйену қажет. 2021 жылдың маусым айына дейін барлық білім беру ұйымдарында мектеп инспекторлары қызмет атқарып келді. Бұл қызмет аймақтық инспекторға ауыстырылғаннан кейін олардың жұмыс жүктемесіне басқа да міндеттер қосылды. Егер мектеп инспекторлары бұрынғыдай тек оқушылармен ғана жұмыс жүргізгенде топтық төбелестерге жол берілмес пе еді деп ойлаймын. Министрге Ішкі істер министрлігімен бірлескен комиссия отырысында мектеп инспекторы қызметін қалпына келтіруді мәселе етіп көтеруді ұсындым.

Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері, облыстық білім басқармасының және облыстық полиция департаментінің басшылығына әр білім беру ұйымындағы «лидер» балалармен адрестік жұмыс жасап, ерекше қадағалау орнатуды тапсырдым. Топтық төбелестерді ұйымдастыруға ықпал ететін топтарды анықтап, тиісті шаралар қабылдау керек.

Бұл ретте оқу орындары басшыларымен бірлесе отырып, зорлық-зомбылықты, балалардың қарым-қатынасындағы келеңсіздіктерді болдырмау үшін жедел жұмыстар күшейтілуі тиіс.

Оқушылардың бос уақыты дұрыс ұйымдастырылса көп мәселе күн тәртібінен түсер еді. Ол үшін жастар орталықтарымен бірлесіп, құқықбұзұшылыққа бейім оқушыларды қоғамдық шараларға, мектеп жанындағы спорт, музыка, өнер үйірмелеріне тарту керек. Мектептерге сот, прокуратура және полиция қызметкерлерін шақырып, жасөспірімдер жасаған қылмыстар мен тәртіп бұзушылықтың салдары неге апарып соққаны баяндалатын оқу сағаттары ұйымдастырылуы қажет.
Бала тәрбиесі – бір жиналыстың ауқымымен шектелмейтін, күн сайын қадағалап, талдап отыратын мәселе. Бұл ортақ іске белсенді азаматтар, ардагерлер, ата-аналар комитеті, білім саласына жанашыр депутаттар үн қосады деп сенемін.

Осы сапарда Ғани Бектайұлы Байқоңыр қаласындағы №277 мектеп-лицейде ұстаздар қауымымен пікірлесіп, байқоңырлық түлектерге грант бөлу, арнайы бағдарлама жасау туралы мәселе көтерді. Жалағаш ауданы Таң ауылындағы №118 мектеп ұжымымен де кездесіп, жаңа автобус табыстады.

Сапар қорытындысында Оқу-ағарту министрлігі мен Қызылорда облысы әкімдігі білім беру жүйесін дамытудың өңірлік жол картасына қол қойдық. Бұл құжатта білім саласындағы өзекті мәселелерді шешу жолдары көрсетілген. Сонымен қатар бүгін облыс мектептеріне 19 автобус табысталды.

Облыс бюджетінің жартысына жуығы балаларымыздың лайықты білім мен тәрбие алуына бағытталатынынан көпшілік хабардар. Бұл Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауы арқасында мүмкін болды. Өйткені білімге салынған инвестицияның болашақта еселеп қайтатыны анық» деді аймақ басшысы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: