Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аудан әкімі редакциялардың жұмысымен танысты

05.10.2021, 9:50 609

HALYQLINE.KZ  Кеше аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Әйтеке би кентіндегі редакцияларға арнайы барып, газеттердің тыныс-тіршілігімен танысты. Журналистермен кездесіп, олардың жұмыстарына сәттілік тіледі.

Аудан басшысы алдымен аймақтық «Тұран Қазалы» газетінің баспаханасында болып, басылымды шығару барысын көзбен көрді. Газеттің бас редакторы Ғазиз Әліш баспаханадағы техникалармен таныстырып, әрбірінің атқаратын қызметі туралы айтып берді.

Сондай-ақ екінші қабаттағы редакция ұжымымен кездесіп, журналистермен пікір алысты.

«Тұран Қазалы» газеті – 10 мыңнан астам тарылыммен облыс аумағына таралатын басылым. Қазіргі таңда редакцияда ардагер журналист, бас редактордың орынбасары Раушанбек Сейтенов бастаған шығармашылық ұжым еңбек етеді.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев мұнан соң облыстық «Сыр медиа» ЖШС-на қарасты «Қазалы» газетіне жол тартты. Еліміздегі газеттердің ең жас бас редакторы Есет Табынбаев аудан басшысына редакция жұмысымен таныстырды.

Аудан тұрғындарын жедел ақпарат, сүбелі сұхбаттармен, танымдық және сараптамалық материалдармен қуантып отыратын журналистермен жүздескен Мұхтар Әуесұлы алдағы уақытта да халық сүйсініп оқитын мақалалар көп болсын деген тілегін жеткізді.

– Аудандық газет редакциялары – шығармашылықтың ордасы, қаламгерлердің құтханасы. Басылымдардың ауданның рухани-мәдени дамуында алатын орны ерекше. Тарихты таңбалап, қағаз бетіне түсіріп, насихаттап келе жатқан журналистер қауымының жұмысын жоғары бағалаймыз, – деді Мұхтар Әуесұлы.

Редакция аптасына екі рет газет шығарудан бөлек, «Сыр медиа» ЖШС-на қарасты басылымдар мен республикалық «Халық» газетін аудан тұрғындарына тарату қызметін де ұсынады.

Биыл редакция орналасқан ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда редакция қызметкерлері жарқыраған жарық бөлмелерде отырып жұмыс істеуде. Журналистерге жағдай жасаған аудан басшылығына аудандық «Қазалы» газетінің бас редакторы Есет Табынбаев алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев №17 Қазалы ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебіне де арнайы барып, спорт мектебінің жұмысымен танысты. Боз кілемде республикалық, облыстық жарыстарға дайындалып жатқан жас спортшыларға сәттілік тіледі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: