Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алтыннан жабу жапсаң да…

27.01.2020, 14:12 322 0

Шынын айтқанда, біз төрдегі төрелерге бекерге өкпелейміз. Әкімшіліктен бөлінген қаржының ауылға жетпейтіні сияқты, ауылдағы айтылған өсек-аяңның не ақиқат-шындықтың әкім отыратын жерге неге жетпейтінін енді түсіндік. Несі бар екен, кеш болса да түсіндік. “Ештен кеш жақсы” деген. Ал, мұны бұған дейін біреуден сұрап көрдік пе? Керек емес. Өйткені, сіздің шыр-пыр болғаныңыз басшыға керек болса да, құны жандайшаптары үшін көк тиын. Себебі, түйткілдің салдары «төпли» жалағыштардың өсу жолына орасан кедергісін тигізіп, орға жығып, омақаса құлатуы мүмкін. Оның үстіне майшаммен қарайтын мәселеге келгенде ауруын жасыра жөнелетіндер жетеді бізде. Қанмен келген қасиет емес, бірақ етке сіңісті, іске орнықты, жұмыста тұрақты болып барады. Басшысын мақтаған кезде қос құлағына майдай жағатын сөздері дайын, мәселені меңзесең, мүләйімси қарап, “креслодағысының” қос құлағын мақтамен толтырып, шындықты мақтамен бауыздай салуға әзір.

Иә, қазір жағынудың жанданып, ТЖ-лардың тартынбай, төремен төрде тең дәрежеде тұратын дәуірі. “Жаңағың жалған” деп көріңіз, қос қолымды қосарлап жағаңыздан алмай-ақ, қара сөздің құдіретімен сізді шыбындаған атша бас изетуге бармын. Шала бүлініп, шырқыңыз қашқан соң, шарасыздан шекеңізді қасып, қараптан-қарап үстел үстіндегі қаламмен қағазды шимайлай кетер ме екенсіз, бәлкім!? Көрген көзге күдік болмаса да, құлақпен естігенді елемей көрсеңші бір. “Жүрген соң бауырында күнде көріп, таулардың биіктігі байқалмайды” дегендей, біле-тұра “сен мені, мен сені көрмедімдер” көбейді. Үйреншікті әдеттен барлығының хабары бар, айтуға ауыз болса да, батылдық жоқ. Қазіргі таңда түйткілдер іс жүзінде емес, іс-қағаз жүзінде шешімін тауып, сұрқы қашқандардың сырты алтын тастан болса жеткілікті деңгейде жүріп жатыр. Іс-шараның өтуін арнайы барып, бас бармақпен емес, суреттен көріп, сыртынан саспай пікір айта салатын жағдайға жеттік. Біз сөйткен соң басшылар қайтпек? “Қонақ қойдан жуас” демеуші ме еді? Ал, жуас малдың жүндеуге жақсы екенін білесіздер ғой. Ол түгілі, аласұраған арғымақ та арқанға байланады, түбі тәртіпке көнеді. Бірақ, түйеге жантақ керек болса, мойнын созушы еді ғой…

Айтарымыз астарланып, көңіліңіз күңгірттеніп бара жатқандай. Жариялылық пен ашықтықты ұран етіп алып, қажет етпейтін біз ғана емес шығармыз. Ендеше, ашынып айтып, ашығын әңгімелейік. Елге түзден беделді біреу келсе, тілмен жалағандай тап-таза тасжолдармен жүргізіп, тап-тұйнақтай бола қалатынымыз жаман. Көше жақ беті көрікті үйлер мен көшеде күзететіндер көбейіп кететіні тағы бар. Бай болсақ екен, бөтенге қай жолмен болса да, барымызды білдіртпеуге болады. Яғни, қанды қанмен жумас болар, алтынды алтынмен жаппас болар. Сол секілді жауырды жаба тоқығанмен, жараның аты жара екенін биліктегілер білсе ғой. Бас ал десе, шаш алатындар емес, шаш ал десе, бас алатындар көбейді. Солардың кесірінен халықтың мұң-мұқтажы жетер жеріне жетпей, бәріміз бай-қуатты өмір сүріп жатқан жайымыз бар. Осындайда жамандықты жылтырақпен жамап-жасқап, жақсылықтың жалынын жақтыра түскен жалған-ай дейсің ғой…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: