Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әрбір тапсырма орындалуымен құнды

26.08.2020, 15:55 363

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі күні Қызылорда қаласында 25 мың 681 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Олардың 83,8 пайызы белсенді жұмыс істеп тұр. Бұл туралы қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Б.Аманкелдиев аппарат отырысында айтты. Бөлім басшысының айтуынша, өңірде жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің 46,6 пайызы облыс орталығының үлесінде екен.

– Жыл басынан бері 1244 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, 1278 жаңа жұмыс орны ашылды. Мемлекеттік бағдарламалар аясында 2 млрд 226 млн теңгені құрайтын 524 жоба қолдау тауып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 62 пайызға артқан, – деді Б.Аманкелдиев.

Ал «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде 2020 жылдың басынан бері 215 млн 400 мың теңгені құрайтын 60 жоба қаржыландырылған. Бұл жобалардың дені қалаға қарасты кент және ауылдық округтердің тарапынан ұсынылған.

«Бизнестің жол картасы 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасымен жалпы құны 1 млрд 926 млн теңге болатын 54 жоба мақұлданып, 33-і қолдауға ие болған. Б.Аманкелдиевтің сөзінше, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 40 пайызға артқан.

Президент тапсырмасында айтылған басым бағыттардың бірі – «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын іске асыру. Бұл бағытта жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы жүзеге асырылатын уақыттан бері қала бойынша 2 млрд 549 млн теңгені құрайтын 32 жоба қолдауға ие болған. (Оның ішінде жоба құны 411 млн теңге болатын 11 жоба қаржыландырылған).

– Екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдарында жоба құны 1 млрд 400 млн теңгені құрайтын 3 жобаның құжаты қаралуда, – деді бөлім басшысы.

Б.Аманкелдиевтің есебін мұқият тыңдаған қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бөлім басшысына тиісті тапсырмалар жүктеді.

Аппарат отырысында қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Индира Ақжігітованың есебі тыңдалды. Ол «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасының» жүзеге асырылу барысы туралы айтты.

– Қазіргі күні Қызылорда қаласы бойынша аталған жол картасы шеңберінде 97 жоба жүзеге асырылып, оған 18 млрд теңге бөлінген. 25 тамыздағы жағдайға сәйкес 3981 жұмыссыз азаматтар еңбекпен қамтылып, 91 пайызға жоспар орындалды. Ал мердігер құрылыс мекемелерімен 63,2 пайыз жұмыспен қамтамасыз етілген, – деді бөлім басшысы.

Сондай-ақ, ол «Еңбек» мемлекеттік бағадарламасының орындалу барысы туралы айтты.

Шаһар басшысы Индира Ақжігітоваға да тиісті тапсырмалар беріп, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын қадағалауды тапсырды.

Қ.ЖАСАРАЛҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: