Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Журналистерге саябақ емес, сөз бостандығы керек – Ораз Әлімбек

05.07.2023, 9:21 263

HALYQLINE.KZ

Астананың 25 жылдық мерейтойына орай қалада Журналистер саябағы ашылды. Саябақтағы стеллада Ахмет Байтұрсынов пен Шерхан Мұртазаның бейнесі бейнеленіп, еліміздегі басты ақпарат құралдарының атауы жазылған. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі саябақтың ашылуын журналистерге көрсеткен құрмет деп есептейді.

– Бұл журналистерге көрсетілген үлкен құрметтің бір көрінісі. Журналистер саябағының елорда күні қарсаңында «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» орналасқан ғимараттың алдында ашылуының да символикалық мәні бар. Себебі биыл Астанаға 25 жыл толып отыр. Ал енді сол елордамыздың еңселі болуына ардагер журналистер еселі еңбек етті. Сондықтан бұл аллеяны ардагерлерге тарту ретінде қабылдап отырмыз, – деді министр Дархан Қыдырәлі.

Журналист Ораз Әлімбектің айтуынша, бұл саябақтың журналистерге керегі шамалы. Одан көрі конституциямызда жазылған сөз бостандығы қажет деп есептейді.

– Билік Астана қаласынан «Журналистер саябағын» ашыпты. Құрметті журналистер, сіздерге сол саябақ керек пе? Саябақпен қай жыртығыңды жамайсың? Ол жерді видеоконтент жасайтын студия ретінде пайдаланасыңдар ма? Әлде саябақтың бір бұрышын ашық аспан астындағы офис қыласыңдар ма? Саябақтан журналистерге не пайда, айтсаңдаршы…

Менің ойымша, журналистке саябақ қажет емес. Журналистке Конституциядағы басты құндылықтың бірін – сөз бостандығын толығымен жүзеге асыра алатын демократия керек. Парламент қарауында жатқан «Масс-медиа туралы» заң жобасы Сөз бостандығын тұншықтыруға, журналистің адымын аштырмай, аузына қақпақ қоюға бағытталған. Билік журналистерге жақсылық жасаймын десе, сол заң жобасының көзін құртсын. «Сендерге саябақ ашып бердік» деп журналистерді алдамай-ақ қойсын. Анау жылы Тоқаевтың бастамасымен Алаш арыстарына арналған саябақ ашып еді. Бұл дұрыс шығар, бірақ алашордашылардың әруағы риза болсын десе, НКВД мен КГБ-ның архивін неге түгел ашып тастамайды?! Әлде мұндай қадам жасауға Ақорда Кремльден тайсақтай ма?, – деп ашынды журналист.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: