Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Журналист Думан Мұхаммедкәрімнің қамау мерзімі тағы бір айға созылды

17.08.2023, 9:59 175

HALYQLINE.KZ

Сот қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрімнің қамау мерзімін тағы бір айға ұзартты. Бұл жөнінде «Азаттыққа» адвокат Ғалым Нұрпейісов хабарлады.

Адвокаттың айтуынша, қамау мерзімін ұзарту туралы шешімді 16 тамызда Алматы облысының ауданаралық мамандандырылған тергеу соты шығарған.

Бір күн бұрын «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының президенті, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook-тағы парақшасында журналист Думан Мұхаммедкәрімнің денсаулығына қатысты тергеу изоляторы жіберген жауапты жариялаған. Бұған дейін журналистің 20 күннен астам аштық жариялап, әлсірегені жөнінде хабарланған еді.

«Аштық жариялаған күннен бастап қамаудағы Думан Мұхаммедкәрім дәрігерлердің бақылауында болды. Аштықты тоқтатқаннан кейін Думан Мұхаммедкәрімге бірнеше рет Талдықорған қалалық ауруханасында кешенді түрде емдеу ұсынылды. Бірақ ол одан немесе қандай да бір анализ тапсырудан бас тартты» деп жазылған қамау мекемесінің құқық қорғаушыға жіберген жауабында.

Мекеме бұған қоса, журналистің қамау жағдайы «заңға сәйкес» екенін атап өтіп, ол «бір адамға кемінде 2,5 шаршы метр жер берілуі тиіс» «санитарлық талап сақталған камерада отырғанын» атап өткен. Мекеменің хабарлауынша, журналист «денсаулығын сақтау үшін тиісті дәрежеде тамақтанып жатыр», сәлем-сауқат алуына кедергі жоқ, қоғамдық қорғаушылары мен адвокатымен де кездесу берілген.

Ал адвокат Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, ұзақ аштық кезінде шамамен 20 кило салмақ жоғалтқан журналист әлі күнге дейін қалпына келмеген. Оған медициналық көмек қажет.

«Оның бұрыннан бері бүйрегі ауырады. Оған комптьютерлік томография жасалуы тиіс болған. УЗИ оның бүйрегі ұлғайғанын және төмен түсіп кеткенін көрсеткен. Думан әкімшілік қамауда отырған кезде оған компьютерлік томография жасауға уәде берілген, алайда әлі күнге дейін орындалған жоқ. Оның қаны қоюланған. Біз қайырылғаннан кейін 6 дәрігер келіп, тексерген еді. Сол кезде Думанды өзге дәрігерлермен қатар психиатр да тексермек болды. Сол кезде Думан психиатрға қаралудан бас тартқан. Тергеу изоляторы «бас тартты» деп соны айтып отыр. Ол тұтас кешенді емдеуден бас тартқан жоқ» деді Ғалым Нұрпейісов Азаттыққа.

Адвокаттың айтуынша, қазір ең қиыны – Талдықорғандағы тергеу изоляторында тұтас облыс үшін 4 қана адвокат бөлмесі бөлінген. Бір мезетте 10-15 шақты адвокат келген кезде олар бір-бірін күтуге мәжбүр, кейде тергеушілер де келіп, сонда сұрақ-жауап алады. Сондықтан адвокаттар өздері қорғап отырған азаматпен жөнді сөйлесіп үлгермейді. «Бұл қамаудағы азаматтар мен адвокаттардың да құқығын бұзу» деді ол.

Думан Мұхаммедкәрім Қылмыстық кодекстің «тыйым салынған ұйым ісіне араласу» (405-бап, 2-бөлім) және «экстремизмді қаржыландыру» (258-бап, 1-бөлім) баптары бойынша күдікті деп танылған. Оған мұндай айыптың тағылуына қуғындағы экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты түрткі болған. 22 маусымда Думан Мұхаммедкәрім тергеу сотының шешімімен екі айға қамалған.

Талдықорғандағы тергеу изоляторында жатқан қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрім өзін Алматыға ауыстыруда талап етіп, 5 шілдеде аштық жариялаған. Бастапқыда облыстық прокуратура «ауыстырамыз» деп уәде бергенмен кейін полиция «Алматыдағы тергеу изоляторында орын жоқ» деп ауыстырудан бас тартты. Журналистің кейін аштықты тоқтатқаны белгілі болды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: