Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жас сайлаушылар клубтары алғаш рет өз жобаларын таныстырды

24.04.2026, 16:45 47

«Жастар және сайлау» республикалық форумы аясында еліміздің әр өңірінен келген Жас сайлаушылар клубтарының мүшелері электоралдық мәдениетті дамытуға бағытталған бастамаларын ұсынды. Іс-шара барысында Нұрлан Әбдіров жастармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Кездесудің басты мақсаты – жастар мен сайлау органдары арасында ашық әрі тұрақты байланыс орнату. Форумға қатысушылар өз жобаларын таныстырып қана қоймай, жас азаматтарды сайлау үдерісіне тарту жолындағы тәжірибелерімен бөлісті. Айта кетерлігі, мұндай кездесуді өткізу бастамасы клуб мүшелерінің өздерінен шыққан.

Жиынға республика бойынша 60-қа жуық белсенді жас пен өңірлік, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссияларының басшылары қатысты.

Форумды ашқан Нұрлан Әбдіров жастардың электоралдық мәдениетті қалыптастырудағы рөліне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, жыл сайын 300 мыңнан астам қазақстандық алғаш рет дауыс беру құқығына ие болады, сондықтан оларды алдын ала ақпараттандыру мен дайындау маңызды.

Іс-шара барысында түрлі өңірлерден келген қатысушылар өз идеяларын ортаға салды. Мәселен, Қызылорда облысынан Мейірман Меңдібай жас сайлаушылар арасында стартап жобаларды қолдау бастамасын көтерсе, алматылық Бауыржан Маханбет жастарды ақпараттандыруға арналған цифрлық құралдар мен білім беру форматтарын ұсынды.

Сондай-ақ Орал, Павлодар, Астана қалаларынан келген клуб мүшелері студенттік сайлау модельдерін енгізу, ақпараттық жобалар әзірлеу, пікірсайыс турнирлерін өткізу, жасанды интеллект негізіндегі құралдарды пайдалану сияқты ұсыныстарымен бөлісті. Қызылордадағы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті студенттері кибералаяқтықпен күресуге бағытталған Qalqan AI жобасын таныстырды.

Форумда жастар бастамаларын жүйелі түрде дамыту мәселесі де көтерілді. Қатысушылар жыл сайынғы форум өткізу, арнайы онлайн-платформа құру, клуб мүшелеріне арналған лагерьлер ұйымдастыру және үздік қатысушыларды марапаттау сияқты ұсыныстар айтты.

Кездесу соңында Жас сайлаушылар клубтарының қызметі біртіндеп жүйелі сипат алып келе жатқаны атап өтілді. Бүгінде еліміз бойынша 248 клубта үш мыңнан астам жас бірігіп, сайлау мәдениетін қалыптастыруға үлес қосып отыр.

Айта кетейік, форум аясында аумақтық сайлау комиссиялары төрағаларының қатысуымен кеңес өтіп, сайлау науқандарын ұйымдастыруға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: