Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жапырақ та таза жерде жатса деймін…

17.09.2020, 10:40 555

Әлемді жайлаған пандемия ауыздықталмай тұрғанда «жасы 65-тен асқандар көшеде бейсауат жүрмесін» деген тыйымға қарамастан, «көше тазалығына атсалысқаным не теңім?» демеймін. Қырғауылдай құлпырып, күн санап бой түзеп келе жатқан әсем қаламызда қолдан жасап қоқыс төккен «көлі» бар. Көзің түссе, қос жанарың жауыр боп, жел тұрса иістен жүрек айнып, демің мүлде тарылады. Бір кездері белгілі шайыр Махмұтбай Әміреев «Баулары жайқалған жүзім-алма, бақтары гүл толы қызық ол да…» деп жырлаған Қызылорданың жаңа ауданы әл-Фараби көшесінің тұрғынымын.
Биыл әл-Фарабидің 1150 жылдығын еске алсақ, әлем ғұламасының атындағы көше тұрғыны болудың өзі бір мәртебемізді асырды. Әл-Фарабиді ғалым зерттеушілер өте жоғары насихаттады. Осы мәртебені жастар терең сезіне ме? Өздеріңіз көріп жүргендей аса жайлы, су жаңа көлік аялдамаларында әр кезеңде халқымыздың рухани демеушісі болған қайраткерлердің тұлғасы ілініп, жолаушыларға, үлкен-кішіге өткеннен тағылым алып, болашаққа ұлттық сеніммен бой түзеуге қуат береді. Енді осы аялдамалардың күтімі мен тазалығына әрбір қала тұрғыны жауапты екенін ұдайы насихаттай берсек деймін. Менің үйімнің тұсындағы аялдамада қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсарин мен халық қаһарманы Роза Бағланованың суреті ілінген. Құмды жел тұрғанда шаң басып, жауыннан кейін айғыздалып қалса сүртіп, тазалау көп уақытымды алмайды. Әрине, бетперде тағып, қолғап киіп.
Жайлы орын екен деп түн мезгілінде жайғасып алып, дабырлап сөйлеп, темекі қорабы, сусынның қалбыры, шемішке қабығын тастап, қолданған бетпердесін қыстырып кететіндерге ескерту жасаймын! Үйімнің тұсындағы тез өсіп кететін арамшөптерді отап, өртеп отырсам, коронавирус жоламайтындай бір жеңілдеп қалатыным бар.
Менің үйімнен әріректе қоқысы үнемі тазалық көлігіне тиелетін жер бар. Тазалық қызметкерлерінің еңбегі зая кетті. Кісі бойы өскен алабұтадан аржақтағы тұлғаларды бірден танып, байыптай алмау көңілге қаяу түсіреді. Менің көзімше пакеттерді мектеп оқушысы тастап, жайбарақат кете барды. Отбасының тәрбиесін пайымдай беріңіз. Қатты қалдықтарды бір бөлек, желге ұшатынын (картон, целофан, памперс, т.б.) ит-құс ақтармайтындай қапқа салып буып, тазалық көлігі келген кезде ғана шығарып қойсақ, қиын шаруа емес. Тазалыққа насихат қазақ отбасында, қала түгілі ауылда да қалғымағанын еске саламыз. Менің атам Махмуд алынған тырнақ пен шашты аяқ баспайтын жерге көметін. Әлдебір фирмалардың аяқ-табағын жарнамалап, көше аралайтын жастар тазалық жөнінде үкімет тапсырмасын орындауға тиіс үнпарақтарды таратуға неге белсенділік танытпайды? Бәрімізге ортақ алдағы тазалық айлығына қаншалықты дайынбыз?
Әлде індетке байланысты өтпей ме? Лениннен қалған мұра, бүкілхалықтық «сенбілік» әлі санамызда… Күз айында жапырақ та таза жерде жатса деймін…

Сәрсенкүл ЖҰМАБАЕВА,
зейнеткер, гидротехник

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: