Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жанын жақсылыққа қиған журналист

08.09.2021, 9:00 282

8 қыркүйек – журналистердің халықаралық ынтымақ күні

HALYQLINE.KZ Бұрыңғы С.М.Киров атындағы (қазіргі Әл-Фараби атындағы ұлттық) университетінің тарих факультетін тамамдарда (1969 ж) ғалым ұстазым профессор Әбу Сақтағанұлы Тәкеновтың жетекшілігімен диплом жұмысын жазып қорғадым. Тақырыбы: Қазақстанның шетелдермен интернационалдық байланысы (1917-1937 жж.) болғандықтан, Юлиус Фучиктің өмірі мен шығармашылығын зерттеген болатынмын.

1903 жылы Прага қаласында өмірге келген ол 1943 жылы 8 қыркүйекте неміс басқыншыларының қолынан қырық жастағы қыршын кезінде қаза тапты. 1958 жылы мамыр айында Халықаралық журналистік ұйымдарының !У конгресінің (Бухарест) шешімімен неміс басқыншыларының қолынан түрмеде азапталып өлтірілген Чех журналисі, антифашист Юлиус Фучиктің құрметіне 8 қыркүйек журналистердің Халықаралық ынтымақтастық күні болып белгіленді. Содан бері бұл дата әлем елдерінде атап өтіледі.

Ю.Фучик – қарапайым жұмысшы отбасында өмірге келіп, солардың жарқын болашағы үшін өмірінің соңына дейін күрескен қайраткер. Сол кездегі буржуазиялық Чехословакиядағы халыққа жасалынған әділетсіздікке қарсы күрес оны 1921 жылы Коммунистік партия қатарына әкелді. «Творба» журналының , «Руде право», «Руди вечерник», «Гало-Новини» газеттерінің редакторы бола жүріп, аталған баспаларды фашистік режимге, қоғамдағы саяси әлеуметтік әділетсіздікті әшкерелеуге ұтымды пайдаланды.

Ю.Фучик жаңа бағытқа бет алған Кеңес үкіметінің жанашыры болды. Екі рет (1930,1935 жж.) 20 айдан аса Кеңес Одағында болды. Алғаш рет Фрунзе қаласында 1925 жылы Чехтар ұйымдастырған «Интергельпо» өндірістік копперациясының бес жылдығына 1930 жылы Коммунистік «Руде право» газетінің тілшісі әрі жұмысшылар делегациясын басқарып келді. Орта Азия республикаларының тарихи, саяси, әлеуметтік даму қарқынымен танысып, Қазақстанда басталған тарихи өзгерістерге ерекше көңіл бөлді. «Иіссу флаконы» (Флаклон одекалона) атты очеркінде Эмба мұнай кеніштеріндегі құрылыс қарқынына қазақтармен бірге туғандай қуанышын білдірді. Ал «Қызылордалық комсомол қыз» (Комсомолка из Кызылорды) очеркінде қарапайым қазақ қызының білімге талпынысын үлкен шабытпен суреттейді. Қызылордалық қарындасымыз әкесінің қарсылығына қарамастан Ташкентке кетіп, сауатын ашып білім алады. Кейін екі жыл Москваның Шығыс халықтары институтында оқиды. Москваның бүркіген жауыны мен қара түтіні шөлүркіген дала қызының денсаулығын нашарлатып, елге қайтуға мәжбүр болады. Ақтөбеде жаңадан ашылған совхозға (кеңшарға) өз қалауымен келіп, қызмет жасайды. Кейін туған жері Аралға келіп мәдени-ағарту жұмыстарының ұйытқысы болады. Ю.Фучиктің аталмыш очеркінде Арал теңізінің, Арал қаласының сол кездегі табиғи көріністері тамаша суреттелген.

Ю.Фучик шығармашылығына ерекше әсер еткені оның Туркісіпте болған кезі. Бұл жайлы күнделігінде: «Қумекен шөлді, құмды даланы, тауды жарып өтетін 1442 шақырымға созылған Сібір мен Семейді жалғастырған бұл темір жол әлемдік магистраль!. Осыларды біз бірінші рет көріп тұрмыз. Қуанышымызда шек жоқ» деп жазыпты.

«Правда Востока» (30 июнь, 1930 жыл) газетіне берген сұхбатында Орта Азия республикаларында тарихи өзгерістерге әсіресе Қазақстандағы индустриаландыру қарқынына ерекше көңіл бөліп, риясыз достық сезімін білдірген. «Руде право» газетінде жарық көрген (25 август 1935 ж.) «Чехтар Балхашқа келе жатыр» (Чехи едут на Балхаш) атты очеркінде қазақ даласында бой көтеретін мыс өндіретін үлкен зауытты салатын «Прибалхашстройға» көмекке чек мамандарының келгенінен хабардар етеді.

Иә, Юлиус Фучик – ұлттарына қарамай халыққа жасалынатын игі істердің жанашыры, тек рухани емес тән қиындықтарында көрген, оларды көтере білген, дегенінен қайтпайтын қайсар тұлға. Қазақстанда басқа Орта Азия республикаларында болып, алған әсерлерін, репортаждарын «Сүйікті елде» (В стране любимой), «Біздің ертеңіміз бүгін болған елде» (В стране, где наша завтра стало вчерашним днем) атты кітаптарына топтастырылған.

Антифашистік пыйғылынан қайтпаған қайсар Фучиктің әлемге атын паш еткен, көптеген ұлттар тіліне аударылған «Дар тұзағындағы репортаж» (Репортаж с петлей на шее) атты еңбегі. Аталмыш шығарманың бізге жетуіне себеп болған оның жұбайы – Густа Фучикова. 1945 жылдың мамыр айындағы гитлерлік Германияның жеңілісінен кейін, Густада түрмеден шығысымен жұбайы жайлы мәліметтер іздестіріле бастайды. Нәтижесінде Ю.Фучиктің 25 августе 1943 жылы өлім жазасына кесіліп, екі аптадан кейін 8 қыркүйекте үкімнің Берлинде орындалғанын біледі. Гестапоның Панкраце түрмесінде отырып, күнделік ретінде жазған еңбегінің мүмкін болуына түрме надзерателі А.Колинский көмектесіпті. Әр жерге тығылған, әр кімнің қолындағы парақтарды жинастырып, реттеп Ю.Фучиктің соңғы кітабін 1945 жылы қыркүйек айында оқырмандарына ұсынады. Сөйтіп өзі мәңгілікке сүйіп өткен күйеуінің алдындағы адал махаббатын, оның саяси көзқарасының белсенді қолдаушысы болғанын дәлелдейді.

Күнделік ретінде жазылып, тек өзі емес түрмеде отырған фашизмге қарсы азаматтардың бастарынан өткен киыншылықтарын, түрме қызметкерлердің айуандық әрекеттерін бұлтартас фактілермен әшкерелейді. Әйелі Густаға жазған соңғы хаттарының бірінде:

– Ешқашан ұмытпа, саған осы хатты жеткізетін адам маған өмір сыйлады. Менің одан алып отырған қағаз бен қаламым өзіне деген алғашқы махаббатымдай толғандырады, – деп жазыпты. Атын айтпаса да, түрме надзерателі А.Колинскиді мегзеп отырғаны түсінікті. Аталмыш еңбекті тебіреніп, түрме қызметкерлерінің айуандық әрекеттеріне тісіңді қайрап отырып оқитынына кәміл сенемін. Құрметті оқырмандар Ю.Фучиктің соңғы еңбегін оқып шығуды ұмытпассыздар. (орысша нұсқасы. Ю.Фучик. Избранное.Кн.1-М: Политиздат,1983. 305-409-беттер).

Студент кезімізде Ю.Фучиктің жерлесі, Чех, Одан бұрын Қырғызстанға келген, кейін Алматыда тұрған Р.Маречекпен кездесу жасадық. Ол біздерге досының Орта Азия халықтарына жасаған ерен еңбектерін тізбектеп айтып, Қырғызстанда оның есіміне көшелермен гүлзар бақтар берілгенін, Қырғыз жастарының ұсынысы мен Теріске-Алатоо жотасынан 4010 метр биіктіктегі шыңға Юлиус Фучик есімі беріліп, «Люди, я любил Вас! Будьте бдительны» деген сөзімен вымпел қойылғанын айтты. Бұл Ю.Фучиктің соңғы еңбегінің соңғы сөзі болатын. Қырғыз жастары жыл сайын оның қайтыс болған күнін еске алу үшін осы шыңның басына альпинистік экспедиция жасайтынында айтты. Студенттерге 1958 жылы Гусина Фучикованың Пржевальскіге келгенін жеткізді. Бұларды айтып отырғаным қаны бөлек болса да, жан жүрегі қазақтармен бір болған Чех бауырымыз Юлиус Фучикті мәңгі есте қалдыру үшін біз не жасадық? «Жастарымыз бен журналистеріміз осы ұсынысымызға не айтар екен?» деген сауалмен ойымды аяқтаймын.

Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

профессор

Фото: аutogear.ru

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: