Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жанашырлыққа жан риза

24.10.2023, 16:15 142

HALYQLINE.KZ

Талсуат ауылдық округінде орналасқан Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «№2 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі – мүмкіндігі шектеулі жандар мен I-ІІ топтағы мүгедектерге арналған стационарлық орын. Орталықта әлеуметтің әлеуетін, оның жеке қажеттілігін ескере отырып даму деңгейлік қабілеттерін арттыруда сегіз бағыт бойынша қызмет түрі көрсетіледі. Олар әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек қызметі, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқық қызметтері жүргізіледі.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер қиын өмірлік жағдайда болатын ерекше жандарға қызметтер кешенін қамтамасыз етеді, туындаған әлеуметтік мәселелерді жою үшін және қоғам өміріне қатысудың басқа азаматтармен тең мүмкіндіктерін құруға бағытталған шарттарды тудырады. Әр бағыттың әрбір ерекше жандарға жасайтын тәжірибелі мамандары бар. Бір бағытты әлеуметтік-мәдени орталық қызмет алушыларының рухани қажеттіліктеріне қарай мәдени ой-өрісінің кеңеюіне, мәдени-тынығуға бейімделуіне, шығармашылық белсенділігінің дамуына ықпал жасайды. Қызмет алушылардың мәдени деңгейлерін дамыту мақсатында мерекелік іс-шаралар өткізіледі. Көркемпаздар үйірмесіне, атап айтсақ, көркемсөз, ән, би, хор үйірмелеріне, дене шынықтыру сабақтарына қызмет алушылардың қызығушылығы мол. Өнерпаз қызмет алушылар жанды дауыста ән шырқап, би билеп, көркем сөздер оқиды. Атап айтсақ, Гүлнар Қазбайқызы бірнеше ән жинағы бар, жарыстарға қатысып келеді. Облыстық деңгейдегі үлкен ауқымды іс-шараларға, фестивальдарға қатысып, Қызылорда облысы әкімі орынбасарының алғыс хатымен марапатталды. Ерекше жандарға арналған «Сыр жұлдыздары» атты облыстық фестивалінде дипломмен, «Біз біргеміз» атты мүгедектігі бар адамдар арасындағы облыстық шығармашылық фестивалінде Мамырайымов Марат, Мыңжасаров Оралбек, Жетіруова Әзиза, Мыңжасаров Өскен алғыс хаттармен марапатталды. Қызмет алушы биші қыздардан құралған «Шабыт» тобы диплом иеленді. Өнерпаз қызмет алушы жыл көлемінде «Мүгедектерге арналған оңалту орталығы», «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығы», «№7 Арнайы түзету мектеп интернаты», «№1 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» орталықтарына барып, көркем сөздері мен ән, күй, билерін көрерменге паш етіп, қошемет пен алғыс алды.

«Жанашырлыққа жан риза» демекші, орталықта өзге де мәдени мекемелердің қайырымдылық концерттері өткізіліп отырады. Атап айтқанда, «Қызылорда –достық мекені», «Оңалту орталығы»,«Жастар орталығы», «Белкөл кенті және Абай ауылының мәдениеті», «Талсуат ауылдық клубы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының ерекше жандарға әншілері мен мың бұралған бишілері көңілді кештер сыйлады. Қалалық жастар ресурстық орталығының және облыстық мүгедектер қоғамының ұйымдастыруымен ерекше жандар арасындағы жарыстарға қатысып, Жарылқапов Марат, Мыңжасаров Оралбек 2-3-орын алды.

Тынығу шараларында жоспар бойынша қызмет алушылар қаламыздың көрікті жерлеріне, мәдени орындарына, облыстық тарихи-өлкетану мұражайына, С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясына барып, шығармашылық көрмені, Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханасын тамашалап, эстетикалық тұрғыда рухани әсер алғаны сөзсіз. Осы ретте аталған ұжым басшылығы мен қызметкерлеріне алғысымызды айтамыз. Сонымен қатар саламатты өмір салтын сақтау мақсатында Қызылорда «Мұз айдыны» спорттық-сауықтыру кешенінде жай екпінімен мұз үстінде коньки теуіп, «Евразия» спорттық кешенінде бассейнде жүзу, қозғалу, суда ойнау арқылы денсаулықтарын жақсартуда. «Арыстан» спорт кешенінде орталықтың қызмет алушылары үлкен залда теннис ойындарынан және №178 мектебінің алаңына футболдан жаттығуға барады. Жыл бойына саламатты өмір салтын қалыптастыруға қолдау көрсеткен басшыларына, қызметкерлеріне алғысымыз шексіз.

Жалпы, қай сала болмасын, қызметкерлері еңбегіне адал, қызметтері қадірлі, өз ісін жақсы білетін мамандар орны ерекше деймін. Игі істеріңіздің қашанда оңға басуына, әр қадамыңыздың қарымды болуына, ел, қоғам алдында абыройыңыздың арта беруіне шын жүректен алғысымызды білдіреміз.

Гүльбану  Қаржаубайқызы,

№2 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының мәдени ұйымдастырушысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: