Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Зейнеткерлікке смс-тің көмегімен шығуға болады

04.03.2020, 17:48 448

Өткен жылмен салыстырғанда қызылордалықтар мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде алуды жиілетті.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қызылорда облысы бойынша филиалы директоры Айдын Қайруллаев айтты.

«Қазіргі таңда корпорация арқылы мемлекеттік Реестр тізіміндегі 694 қызметтің 642-і көрсетіледі, оның 608-і, яғни 87 пайызы электрондық форматта қолжетімді. ХҚО бармай-ақ, қолыңыздағы смартфонға Telegram-Bot, Egov mobile мобильді қосымшаларын жүктеп алып, 58 мемлекеттік қызмет мен сервистерді онлайн түрде алуға болады. Ол үшін тек мобильді азаматтар базасына тіркелсеңіз немесе ЭЦҚ-ңыз болса болғаны», – дейді Қайруллаев.

Сала басшысының айтуынша, мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру, проактивті және композитті форматқа өткізу, азаматтардың цифрлық дағдыларын арттыру бойынша жұмыстар жалғасын табуда.

2019 жылы филиал мамандары 1 млн-нан астам қызмет көрсетсе, оның басым бөлігі электронды форматта рәсімделген. Есепті мерзімде өзіне өзі қызмет көрсету «Connection Point» секторы арқылы көрсетілген қызмет көрсеткіші де өсіп отыр. Яғни, халық оператордың көмегінсіз мемлекеттік қызметтерді жиі алады деген сөз.

«Айта кетейік, өткен жылдармен салыстырғанда қызылордалықтар көлік құралдарын онлайн форматта тіркеу және жүргізуші куәліктерін электронды порталда ауыстыру қызметін кеңінен қолдана бастады. Мысалы, мамандандырылған бөлім арқылы 15 702 жүргізуші куәлігі берілсе, оның 2 мыңы онлайн түрде рәсімдеген. Есепті кезеңде аймақта тіркелген 85 840 көліктің 167-сі электрондық үкімет порталы арқылы рәсімделген. Айта кетейік, қазір қазақстандықтардың VIP нөмірлеріне деген сұранысы азаюда. 2019 жылы 500-ден аса қызылордалық 114 776 184 теңгеге жоғары сұраныстағы автокөлік нөмірін сатып алған», – деп атап өтті А.Қайруллаев.

Спикердің айтуынша, былтырғы көрсеткіштерге сәйкес облыс бойынша ХҚО арқылы 9506 адам тұрғылықты мекен жайы бойынша тіркеуге тұрса, egov.kz электронды үкімет порталы арқылы 10103 адам онлайн түрде тіркелген. Сәйкесінше әр төртінші азамат тұрғылықты тіркеу рәсімін электронды түрде жүргізген.

Сонымен қатар, жаңадан қолданысқа енген пилоттық жобалардың бірі – зейнеткерлікке смс-тің көмегімен шығу. Проактивті әдіс әзірге мемлекеттік корпорацияның қызметкерлері үшін жүзеге асырылуда. Бүгінге дейін Қызылорда бойынша 1 қызметкер зейнеткерлікті проактивті түрде рәсімдеп үлгерді.

Жоба бойынша зейнет жасына толғанға дейін 10 күн бұрын болашақ зейнеткерге қызметті проактивті түрде рәсімдеуге ұсыныс білдіретін SMS хабарлама жолданады. Келісім берілген жағдайда, кадр бөліміне алдын ала тапсырылған құжаттар электронды түрде жауапты мемлекеттік органның мақұлдауына жіберіледі.

Осылайша зейнеткер жұмыс берушісінің кадр бөліміне алдын ала еңбек өтілі, зейнеткерлік жүйеге қатысуы сияқты мәліметтерді ұсынады, бұл ақпарат, өз кезегінде, еңбек келісімдерін есепке алу бірыңғай жүйесіне енгізіледі.

Сала мамандарының мәліметінше, 2020 жылдан бастап проактивті қызметтер қатары мүгедектік бойынша әлеуметтік жәрдемақылар, жұмыс істеу қабілетінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайларына байланысты төлемдермен толығады деп жоспарлануда. “Алтын алқа”, “Күміс алқа” белгілері бар көпбалалы аналарға да ешқандай қосымша өтінішсіз жәрдемақылар тағайындалмақ.

Қазақстанда 2020 жыл еріктілер жылы деп белгіленді. Осы орайда аймақтағы еріктілермен ұйымдарымен әріптестік қатынас орнатуда.

Сөз соңында филиал директоры азаматтарды мемлекеттік корпорацияның ұйымдастыруымен республикалық «Халыққа жақын бол!» акциясы аясында өтіп жатқан ашық есік күніне белсенді қатысуға шақырды. Алдағы 5 айда филиал басшысының қатысуымен қала, аудан ХҚО-ларында кездесулер өтеді. Акцияның мақсаты – тұрғындардың ұсыныс-пікірірлерін тыңдап, өзекті мәселелерін шешу, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру.

«Азаматтарға арналған үкімет»

мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ

Қызылорда облысы бойынша

филиалының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: