Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ЗАҢ мен ЗАМАН: әйел құқығы қаншалықты қорғалған?

16.05.2024, 11:40 1167

Бишімбаев ісі қоғамда резонанс тудырғаны рас. Бұл әйел атаулының ішке бүккен жанайқайын сыртқа шығарды. «Ұят болады» деп үн қатпаған аяулылар ауыртпалықты көтеріп келді. Мәселен, соңғы 4,5 жылда үйдегі зорлық-зомбылықтан 869 адам көз жұмды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің  2086 фактісі тіркелген. Бас прокуратураның Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің басшысы Марат Әбішевтің айтуынша, 150 әйел ауыр жарақат алса, 200 әйел орта дәрежедегі, 4 мыңнан астам әйел жеңіл  жарақаттанады. Полицияға күн сайын 300 шағым түседі. Оның ішінде бала мен әйелді сабау, мүгедектікке душар ету, тіпті кісі өлтіру фактілері бар. Ал соққыға жығылған сансыз әйелдің тән мен жан жарасына жаңа заң дәру бола ала ма? Саралап көрелік.

«АБЬЮЗЕР ЕР АДАМНЫҢ ҚАРСЫЛЫҚ  ТАНЫТУЫ – ТҮСІНІКТІ  РЕАКЦИЯ»

Әлдінің әлсізге күш көрсетуі мықтылық емес. Әсіресе, тұрмыс­тық зорлық-зомбылық, әйелге физиологиялық және психология­лық тұрғыда қысым көрсету дұрыс емес. Жаһан да еліміздегі оқиғаға қанық. Әділдік іздеген әлемдегі арулар «Салтанат үшін» ұранымен бейбіт митинг ұйымдастырғанына көп куә. Бұл дереу әрекетке көшу керегін қаперге салды. Әрине, мәселе талай уақыттан бері назарда болғанымен, Бишімбаев ісі бұған түрткі болды. Президент Қасым-Жома­рт Тоқаев әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты екі маңызды құжатқа қол қойды. Жаза күшейтілген соң күйінді ме, әйтеуір ерлер тарапынан қарсылық  жоқ  емес.

– Заң ер адамдардың қол көтермеуіне жалғыз тұсау болады деп айта алмаймыз. Бірақ, жазаны қатайту арқылы әйелдердің қауіп­сіздігін, отбасының тұтастығын қамтамасыз ете аламыз. Құқықтық мемлекетте адам өмірінің құндылығын үнемі еске салып тұратын имамдар емес, гуманды заңдар мен ауыр қылмыс үшін әділ жаза болуы тиіс. Жаза әлі де ең қатал жаза деп айта алмаймын. Градациялық түрде қатаятын заң болғандықтан, бұл заңнан үрке қашудың қажеті жоқ. Денсау­лыққа қасақана келтірілген құқықбұзушылық үшін  жаза  барлық  дамыған  елдерде  ауыр жаза  қатарында.

Ерлер тарапынан әлбетте қарсылық бола­ды, ол түсінікті реакция. Өздері потенциал абьюзер  екенін  мойындау  деп  білемін. Ал  қол көтермейтін  еркектерден  бұндай  кері  реак­ция  болмас  еді.

Әйелге дауыс көтеру мен денсаулыққа қасақа­на зиян келтірудің арасы жер мен көктей бізде. Осы екі ұғымды шатастыруға тырысу заңға болмаса да мораль мен этикаға қарсы әрекет деп бағалауымыз керек. Заңға қарсы шығып жатқандардың заңды оқығанына күмәнім бар. Қарсы болса, нақты қай нормаға келіспейтінін айта алмайды. «Бос арбаның үні қатты шығады» демекші, бұл – іші бос, қауқарлы қарсылық айта алмайтындардың әрекеті, – дейді Халықаралық құқық магистрі, гендерлік экономиканы зерттеуші Айгерім Құсайын­қызы.

Заңға енгізілген өзгерістер баланы отбасынан тартып алуға негіз деп қате пікір де таралды. Десек те, бұл – жалған және теріс түсінік. Өйткені,  заң  жобасында  мұндай  норма  жоқ.

– «Балаңды  алып қояды» деп жалған ақпарат таратушылар өздері балаларын ұратындығын  дәлелдеп жатыр. Баласын ұратын ата-ана балаға лайық ата-ана емес. Бала меншік емес. Зат  емес! Жеке тұлға осы қарапайым ұғымды  қабылдауымыз  тиіс.

Статистика нақты шынайы картинаны көрсетпейді. Себебі бізде фемицид қылмысы ҚР ҚК-де бөлек бап ретінде танылмаған. Көрсеткіш 20-30% не 50%-ға ғана төмендейтініне ешкім кепілдік бере алмайды, бірақ төмендейді деп болжанады. Ондай болжамды ғалымдар ретінде тәжірибемізге немесе халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып айта аламыз. 2014-2017 жылдар аралығында бұл бап ҚР Қылмыстық кодексінде болған кезінде көрсеткіштер 3 есе төмен болатын. Демек, осы сандарға  да  сүйеніп, азаяды деп болжай аламыз.

Отбасындағы сыйластық пен құрмет – ортақ  іс. Тек әйелдің міндеті не еркектің ермегі емес. Отбасы бірлескен одақ болғандықтан, ортақ әрекеттерден тамыр алуы тиіс, – дейді А.Құсайынқызы.

ВИКТИМБЛЕЙМИНГ:  ЖӘБІРЛЕНУШІНІ  ЖАЗҒЫРУДЫҢ  ЖОЛЫ

Әйел қауымының жанжал мен жұдырыққа төзіп, жақ ашпауының да себебі бар. Соққыға жығылып, жарияға жар салғанымен қоғам кінәлаудың ретін табады. Мұндай құбылыс – виктимблейминг. Жапа шеккен адамның өзін жер қылып, жарға жығуға неге құмар көпшілік? Мұндай көрініс Салтанат Нүкенованың оқиғасында да қылаң берді. «Мұндай жағдайға дейін жеткізген өзі шығар», «соған көніп, кетпеген өзі», «осыған дейін неге үндемеген?» сынды айыптаулар жығылғанға жұдырық болатынын ескермейді. Содан болар, кейбірі төңірекке тіс жармауға тырысып, тіпті жазған шағымын амалсыз  қайтып  алады.

Психология ғылымдарының кандидаты Руса­на Ғалымханова зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдің жай-күйі туралы сұхбатында  баяндаған  еді.

– Швецияда ғалымдар бір айдан астам зорлық-зомбылық көрген 298 әйелмен әңгіме­лескен. Сауалнамаға жауап бергендер зорланғанын айтып, зардап шеккендерге көмек көрсететін орталыққа жүгінген. Сол әйелдер­дің 70 пайызының жүйкесінде тежелу бас­талған. Ол сал болып қалғанмен бірдей, яғни үрейден миы жұмыс істемей қалады. 48 па­йы­зында тежелу өте жоғары деңгейде байқал­ған. Агрессия кезінде адам мелшиіп қалады, сондық­тан зорлыққа зорлықпен жауап беретіндер өте сирек. Ол – физиологиялық реакция. Үрей – сүтқоректілерге тірі қалуға көмектесетін базалық эмоция. Физиология тұрғысынан қорыққан кезде адам денесі гормондар  бөледі.  Күйзеліс сәтінде мелшиіп қалу – қалыпты жағдай. Өзіңе-өзің қашып кет, құтыл деп айта алмайсың. Үрей мен оған деген реакцияның арқасында біз түр ретінде аман қалғанбыз, сондықтан оған қарсы ештеңе істей алмаймыз, – деді ол.

Тепкіге шыдайтын көнбіс әйел болуға ырым-тыйым да әсер ететін сыңайлы. «Барған жеріңе тастай батып, судай сің», «төркінді төменге қаратпа», «қайтып келген қыз жаман» секілді сөздер қыз-келіншектің мойнындағы жүгін еселеп жібереді. Сөйтіп езгіге шыдап, еңсесі езіледі. Ал жаныңа үңіліп, шерін тарқататын кім қалды? Бір-бірін түсінетін отбасында таяқтың емес, ізгіліктің ізі сақталады. Әркім өз ойын айтуға құқылы, тек қасаң көзқарастан арылған ләзім. Жәбірленгенді одан сайын жыққаннан  береке  артып,  бақ  қонбайды.

245  МЛН  ӘЙЕЛ  мен  ҚЫЗ:  ТӨГІЛГЕН  КӨЗ  ЖАСҚА КІМДЕР  ЖАУАПТЫ?

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – әлем елде­рін алаңдатқан өзекті мәселе. Әр сағат сайын бесеуден көп астам әйел немесе қыз өз отбасы мүшелерінің бірінің қолынан жасалған зорлық-­зомбылықтың нәтижесінде қайтыс бола­ды екен. Мәселен, 2022 жылы әлем бойынша 89 мың әйел мен қыз қасақана өлтірілген, олардың ішінде 48 мыңға жуығы  жыныстық серіктесінің  не өз отбасы  мүшелерінің бірінің қо­лы­нан өлген. Бұл рекордтық көрсеткіш болып табылған. Тіпті әйелдер мен қыздардың  86%-ы гендерлік зорлық-зомбылықтан құқық­тық қорғау жоқ елдерде өмір сүретіні айтылады. БҰҰ-ның еліміздегі әйелдер өкіл­дігінің бас­шысы Дина Амришева аталған жаһандық пробле­ма жайын­да  тілге  тиек  еткен  еді.

– Өкініштісі сол, бұл  адам  құқықтарын  бұзудың ең кең тараған түрі болып қала береді. БҰҰ мәліметі бойынша әлемде әрбір үшінші әйел зорлық-зомбылыққа ұшырайды. UN Women жаһандық веб-сайтында жарияланған «Гендерлік сауалнама 2023» жыл сайын 245 млн әйел мен қыз өздерінің жақын адам­дарынан физикалық немесе жыныстық зорлық-­зом­бы­лыққа  ұшырайтынын  жазды, – деді ол.

Осыдан екі жыл бұрын 15-49 жас аралығындағы әйелдерге қатысты жыныстық серіктесі тарапынан болатын зорлық-зомбылықтың ең жоғары көрсеткіші Океания, Оңтүстік Африка және Африканың оңтүстігіндегі Саха­ра аймақтарында болып, көрсеткіш 33-51%-ды құраған. Ең төменгі көрсеткіштер Еуропа­да, Орталық Азияда, Шығыс Азияда және  Оңтүстік-Шығыс  Азияда  тіркелген.

Ашынса да ащы дауысын шығармайтын әйелдің көз жасына қалу да, куә болу да оңай емес. Ғажап ғұмырына қиянат келтірмеу ерінің де, жан-жағының да, мемлекет пен заңға да қатыс­ты.

ТҮЙІН. «Барған жеріңді бақытты қыл» деген тілек те – әйелге артылған міндет пен жүк. Бақытты болу үшін ер мен әйел бірге әрекет еткені маңызды. Әйтпесе тиран күйеудің қысымына төзіп, демін һәм дымын шығармай ажал құшып жатқандар қаншама… Әлем әйелмен әдемі десек, қауіпсіздігі мен құқығы назардан тыс қалмауы керек.

Замира  ҚОНЫСЖАН

P.S. Астанадағы ауданаралық қылмыстық сот бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевты «әйелі Нүкенованы қинап, аса қатыгездікпен өлтірді» деген айыппен 24 жылға түрме жазасына кесті. Ұйғарыммен шығарылған үкімге көзқарас түрлі екені де рас. Десек те, үздіксіз жалғасқан сот процесі осымен тамам. Қылмыстың өтеуі – жаза.

Коллаж: egemen.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: