Қызылорда облысының көлік-логистикалық әлеуетін дамыту және өңіраралық байланысты нығайту мақсатында Сыр өңірі мен Маңғыстау облысын жалғайтын жаңа әуе бағыты іске қосылады.
Қорқыт ата атындағы халықаралық Қызылорда әуежайының мәліметінше, SCAT әуе компаниясы 2025 жылғы 20 маусымнан бастап Ақтау – Қызылорда – Ақтау бағыты бойынша тұрақты әуе рейстерін орындай бастайды.
Жаңа бағыт жолаушылардың екі өңір арасындағы қатынасын жеңілдетіп, іскерлік, туристік және мәдени байланыстардың дамуына оң ықпал етеді деп күтілуде.
Рейстер Boeing үлгісіндегі әуе кемесімен жүзеге асырылады. Ұшақ аптасына екі рет – сәрсенбі және сенбі күндері қатынайды. Ұшу кестесіне сәйкес әуе кемесі Қызылорда қаласына сағат 16:00-де келіп қонып, сағат 17:00-де Ақтау қаласына қайта аттанады.
Мамандардың айтуынша, жаңа бағыттың ашылуы өңірлер арасындағы көлік қолжетімділігін арттырып қана қоймай, тұрғындардың уақытын үнемдеуге және туристік ағынның өсуіне мүмкіндік береді.
Айта кетейік, соңғы жылдары Қызылорда облысында әуе қатынастарын кеңейту және өңірдің транзиттік мүмкіндіктерін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ақтау бағытының іске қосылуы осы бастамалардың маңызды жалғасы саналады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!