Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бақыттың кілті – отбасымда

15.05.2021, 14:00 458

HALYQLINE.KZ 15 мамыр – Халықаралық отбасы күні. Адам өмірі отбасынан басталады, азамат болып қалыптасуы да осында өрбиді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөздің астында үлкен мән-мағына жатыр. Яғни, өмірде қандай адам болып қалыптасуың отбасында алған тәрбиеңе байланысты. ҚАЖ саласында үлгілі, өнерлі, өнегелі, көпбалалы отбасылар көп. Осындай отбасылардың бірі – Рахмановтар отбасы.

Ер азаматқа тән қасиеттің барлығы бойынан табылатын әділет майоры Әзімхан Рахманов – «балаларым – бақытым» деп бағалайтын азаматтың бірі.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген даналық сөздің мәніне үңілсек, бала тәрбиесіне балалық шағынан-ақ көңіл бөлу қажет» деп Әзімхан әңгімесін бастады.

«Өзім де көпбалалы отбасында өстім, балалардың көп болғаны жақсы, бауырмал, бір-біріне көмек қолын созып өседі. Өзімнің де 2 ұлым, 2 қызым бар. Қызметім қанша қиын болса да, бала тәрбиесіне де көп көңіл бөлемін. «Әкеге қарап ұл өсер» демекші, ұлыма жақсы тәрбие бердім деп есептеймін. Ұлым Қызылорда қаласындағы облыстық спорт басқармасының Жалаңтөс Баһадүр Сейтқұлұлы атындағы мектеп-интернатында оқиды. Кішкентайынан спортқа әуес болды. Баламның болашағы жарқын болатынана сеніп, жолын байламай спортқа баули бастадым. Ұлым республикалық турнирдің жеңімпазы 20-ға жуық медалі бар. Бұл да менің балаларыма берген тәрбиемнің арқасы шығар.

Бала – жас шыбық сияқты, шыбықты қалай исең солай болып өседі, бала бойына рухани құндылықтарды, адамгершілік қасиеттерді дарыта отырып, жақсы тәлім- тәрбие беру керек деп есептеймін.

Қызым сурет салғанды ұнатады. Әр түрлі жарыстарға қатысып жүлделі орындар иеленіп жүр. Қыз бала анасына жақын келеді ғой, қызымның тәрбиесімен анасы айналысады. Балаларыма ұлттық салт-дәстүрді үйретуден жалыққан емеспін. Баланың жеке тұлға болып қалыптасуына , қоғамдағы өз орынын дұрыс табуына ата-ананың атқарар еңбегі ерекше деп айтар едім», – деді әділет майоры Әзімхан Рахманов.

«Отбасында бір-бірімізді түсінуіміз бір салада қызмет етуіміздің де әсері бар шығар», – дейді әділет майоры. «Балаларымның анасы Шынар мекемеде іс жүргізуші болып жұмыс істейді».

«Жолдасым Әзімхан балаларға өте мейірімді. Ұл-қыздарына да әкелерінің айтқаны заң. Денсаулығының барында ұл-қыздарыма жағдай жасайын деп, тынбай еңбек етіп жүр. Қызметте болғасын шаршап келгенде дәмді тамағымды дайындап күтіп отырамын. Бір-біріміздің сыйлап, түсіністік танытамыз. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол», – дейді жұбайы Шынар.

Қиындығы мен қызығы көп ҚАЖ саласында 20 жылға жуық қызмет етуінің арқасы Құдай қосқан жарының жақсылығынан деп біледі.

Еңбек жолын ЗК-169/4 мекемесінде сержанттан бастаған Әзімхан Рахманов, бүгінде осы мекеменің режим тобының аға жедел уәкілі әділет майоры.

ҚАЖ саласында қызмет еткен 20 жылға жуық уақыт ішінде ҚР ІІМ-нің, ҚАЖ комитетінің, облыс әкімінің, департамент бастығы мен мекеме бастықтарының Грамоталарымен, Алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталып, ІІ,ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «Қылмыстық-атқару жүйесінің үздігі» төсбелгілерін иеленген.

Қызметте талапшыл әрі қайсар мінезді Әзімхан – отбасында мейірімді, қамқор әке. «Әке – балаға сыншы» деген қағиданы ұстанып, ұл-қыздарына ақыл-кеңесін беріп, қоғамда өз орнын қалдыратын ұрпақ тәрбиелеуді басты мақсаты санайды.

Дана Достанова,

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: