Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ысырап ырзығың мен ырысыңды азайтады

19.06.2020, 9:35 948

HALYQLINE.KZ Ысырапқа жол бермеу ежелден қазақы тәрбиенің басы болып саналатын. Діннің өзінде: «Жеңдер, ішіңдер және ысырап қыл­маңдар. Шын мәнінде, Алла ысырап ету­шілерді жақсы көрмейді» делінген.

Алайда соңғы уақытта ата-бабаларымыздың осы ұстанымына кереғар соғатын әрекеттер жиі қылаң беріп, кеңпейілдікті аста-төктікке, дархандықты дарақылыққа, жомарттықты орынсыз мал шашпаққа айналдырып жіберіп алып жатқан жайымыз бар. Той бұрын қазақтың қазынасы саналса, бүгінде бір тортқа миллион теңге жұмсайтын байшыкештердің бәсеке алаңына айналып кеткендей әсер қал­дырады.

Әлеуметтік желіден жақында Камал Әлпейісованың той туралы жазбасын көзіміз шалып қалды. Мұнда қаламгер: «…Түркияда (біз кинодан көретін Түркия емес, зиялы ортасында) ішімдік ішілетін жерлерге балаларды ертіп апармайды екен. Жігіттердің бүлдіршін қыздарды биге шақыруына жол берілмейтін көрінеді. Бұл олардың физиологиялық әрі психологиялық дамуы қалыпты болуы үшін керек дегенді естігенде таңғалдым әрі сүйсіндім. Бізде 5-6 жастағы қыздарына жер сызған көй­лек кигізіп, шашын бұйралап, көзін сүрмелеп тойға ертіп апарады…» деп қазақтың қазіргі тойларындағы шектен шығушылық пен астамшылық туралы ой қозғайды.

Ал енді онымен қоймай шақырылатын асаба мен әнші-бишілерге жұмсалатын қаржыны есептесеңіз көзіңіз тас төбеңізге шығып, суша шашылған ақша мен ысырапты тірлігіне іштей налисыз. Тойдың әрине, өнер иелерінсіз сәні де, мәні де жоқ екені түсінікті. Бірақ бір-бірінен қалыспай, жарыса жыртылудың жөні осылай екен деп, даңғойлыққа салынып, қалтасының түбі көрінгенше далаңдағаннан әзірге есеңгіремей, есебі түгел шыққан жанды көргеніміз жоқ. Қазақтың тойы бәрінен бұрын әншілерді дандайсытып жіберді деген сыни пікірлер жайдан-жай айтылмайды. Олардың ұшағы мен қонақүйдегі жамбаспұлына дейін бөлек төленетін болған соң не дейсіз. Ең сорақысы, біз мұны өз еркімізбен істеудеміз. Жағдайы болсын-болмасын, қарызға белшеден батып, дүркіретіп той өткізгенге бүгінде ешкім арланбайтын сияқты, себебі мұндай күй бір-екі адамның басындағы ғана жағдай болса ештеңе емес, жұрттың дені солай істейді. Мұның соншалық мін саналмауының, жалпыға ортақ әрекет болып кетуінің сыры осында. Алайда соңғы уақыттары қазақтың тойлары тым көбейіп кетті, мұны шектеу керек деген сипатта түрлі сыни пікірлер жиі айтылып жүр. Жағдайы той жасауға келіп тұрған отбасылар қиналмауы мүмкін, ал енді балаларына баспана тауып бере алмай отырған үй әр баласының туған күнін, тілашарын дүркіретіп тойлай берсе, не тамтығы қалады? Мысалы, сүндет той, келін түсіру, үйлену тойлары – қазақтың салтында бұрыннан бар дәстүрлі қазыналар. Әрі-беріден соң мұны әр ата-ана ұрпақ алдындағы парызым деп санаған. Біздің бұл жердегі айтайын деп отырғанымыз, кішігірім түрде, тек туған-туыстарымен, отбасымен бірге, шағын ортада ғана атап өтілетін тойларды үлкен тойханалардың төріне шығарып жібергеніміз.

 Сатираның сарбазы Көпен Әмірбек бір сұхбатында: «Кейде қазақтың қалталы азаматтары аспаннан ақша шаштырып, жұртқа әуелі дүние-байлығын көрсету үшін дүркіретіп той жасайды-ау деген ойға қаласың. Жер-жерде бәйге өткізеді, көкпар тартқызады. Ондағы ойлары қазақтың дәстүрін дамытайық деген пиғыл емес, өзінің дәулетін көрсетіп қалу сияқты сезіледі. Байлығы бастарынан асып-тасып жатса, жылаған жетім-жесірге, ғаріп-ғасір мен жағдайы жоқтарға берсе, жақсы болар еді-ау. Оны қазақ қашаннан сауапты іс санаған», – деп еді.

Талай той-жиында қаншама тамақтың желінбей, текке ысырап болғанын көрдік. Ашаршылықты, қиындықты бастан кешкен бұрынғының кісілері нанның қиқымын дастарқанның үстінен теріп жеп отыратын. Ысырапшылдыққа жол бермейтін. Мән берсеңіз, той – бір-ақ күндік ойын-сауық, ән-думан. Сол бір кештік «понтқа» аямаған ақшаны ақыл-ойға бастайтын құндылық­тарға қипақтап қимай қалатынымыз қалай?! Лайым, басымыз ылғи да тойда тоғыса берсін-ау, бірақ ол тойда ең бастысы, ысырапқа жол берілмесе екен деген тілек. Өзбекстан мен Тәжікстанда даңғаза тойларға шектеу қойылып тасталғанына біраз болыпты. Жас жұбайлардың үйлену серуенінде үш көліктен артық машинаға рұқсат жоқ дейді. Үлкен тойларға шақырылған адам саны 150-200-ден аспау керек дейді. Біз бұл мәселені қалай шешеміз? Ысырапшылдыққа жол бермеу үшін қандай қарекеттер жасалмақ керек? Осы туралы бір сәт ойланып көрсек.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

Egemen.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: