Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлыстың Ұлы күні тойланбайтын болды

12.03.2020, 15:52 482

Биыл Наурыз мейрамы тойланбайтын болды. Өзара жақын туыстар арасында атап өтуге тыйым салынбайды. Ал бұрынғыдай жалпыхалықтық масштабтағы ауқымды іс-шараларға рұқсат жоқ. Бұл туралы бүгін ҚР Вице-премьер министрі Ералы Тоғжанов мәлімдеді.

«Бұл дәстүр. Үлкен мейрам. Алайда азаматтардың қауіпсіздігі маңызды. Біз нөпір халық жиналатын орындарда Наурызды тойлауға тыйым саламыз.

Бірақ, бір-бірлерінің үйлеріне баруды ешкім бақылап ұстап отыра алмайды. Бұл енді азаматтардың өз ақыл-санасына байланысты. Олар тек өздерінің ғана емес, қоғамның, өз отбасының қауіпсіздігін ойлауы керек.

Меніңше, туысқандар бір-бірлерін құттықтағанда тұрған ештеңе жоқ деп есептеймін. Алайда 100-500 адам жиналатын орындарда Наурыз тойлауға тыйым салынады», – деді вице-премьер Тоғжанов.

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова және басқа да жауапты тұлғалардың қатысуымен брифинг өтті.

Онда вице-премьер Ералы Тоғжанов 13 наурыздан бастап елде бірқатар шектеу енгізілетінін айтты.

Бұқаралық сипаттағы іс-шараларға тыйым салынады

«10 наурыздан бастап мерекелік, спорттық, мәдени көпшілік іс-шаралар, семинарлар, көрмелер өткізуге тыйым салынады.

Екіншіден, денсаулық сақтау, білім беру объектілерінде және қоғамдық көпшілік орындарда, халықтық қамтамасыз ету орталықтары, коммуналдық шаруашылық, тамақ өнеркәсібі, сауда-базарларда, қоғамдық тамақтану, вокзалдар, әуежайлар, қонақ үйлерде күшейтілген санитарлық дезинфекциялық режимді орнатамыз.

Үшіншіден, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған әлеуметтік объектілерге, әлеуметтік оңалту орталықтарына, мүгедек балаларға арналған оқу орталықтарына баруға тыйым салынады. Каникул кезінде оқушылардың өңірден тыс жерлерге экскурсия жасауына тыйым салынады. Қоғамдық көліктер жуылады, дезинфекцияланады»,  деді вице-премьер.

Оқушылар демалысқа шығады, студенттер қашықтықтан оқиды

Сондай-ақ, мектеп оқушылары 16 наурыздан бастап демалысқа шығатын болды.

«Орта білім беру ұйымдарын каникулға 2020 жылғы 16 наурыздан бастап 5 сәуірге дейін шығуын қамтамасыз етеміз. 16 наурыздан бастап, колледждер мен ЖОО-лар қашықтықтан оқытуға көшеді. Оның ішінде білімді бағалаудың барлық түрлерін қашықтықтан жүргізуге ауыстырылады»,– деді вице-премьер.

Кинотеатрлар жұмысын тоқтатады

Коронавирустың таралу қаупіне байланысты ойын-сауық орталықтарындағы кинотеатрлар жұмысын тоқтатады.

«Сауда орталықтары, соның ішінде базарлар жұмыс істейтін болады. Мемлекет халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуі керек. Ойын-сауық орталықтарындағы кинотеатрлар жұмысын тоқтататын болады. Бұл оңай мәселе болған жоқ. Фильм аз дегенде бір сағат көрсетілетінін білесіздер. Ғимарат ішінде көптеген адамның бір уақытта ұзақ болуы көптеген сұрақ туындатты, сол себепті осындай шешім қабылдадық»,  деді Ералы Тоғжанов.

Той жасауға болмайды

Ералы Тоғжанов елде енгізіліп жатқан шараларға қатысты сөз еткенде қазақтың тойы туралы айтты.

«Қазір бұл – жиі талқыланып жүрген мәселенің бірі. Той өткізушілер жақсылап ойлануы керек. Өйткені бұл адам көп жианалатын жер. Той әр отбасы үшін маңызды екені белгілі. Шақырған соң, адамдар тойға барғысы келеді. Алайда той жасайтын адам өз қауіпсіздігімен қоса, туған-туыстарын, жақындарын да ойласын. Қазақстан азаматтарын жиын-тойларға байланысты жақсылап ойлануды тағы да сұраймыз», деді вице-премьер.

Еске сала кетейік, кеше Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адхан Гебрейесус коронавирустық инфекцияны пандемия деп жариялаған еді.

Abai.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: