Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлыс па, ұлы іс пе?

19.03.2020, 10:20 518

Серік  Ерғали

Наурызға  қатысты  нақтыланбаған бір концепт (тұжырымдық ұғым) бар, ол – «Ұлыс» ұғымы. Әдетте «Ұлыстың ұлы күні» тіркесін «Ұлы істің ұлы күні» десек, Наурыздың бар сипатын аша түседі. Іс те – ұлы, Күн де – ұлы. Іс – жаңару құбылысы, Күн – сол  құбылысты  жүзеге  асырушы.

«Ұлы  іс  күні»

Бұл –«ұлыстың ұлы күні» аталатын тіркестен­ өзгеше, наурыздың қосалқы атауы. Ш.Құдайбердіұлы мен М.Көпейұлының жазуынша, нау­рыз мейрамы бұрынырақта «Ұлыс» аталған. Алайда бұл сөздің түркілік (сақаларда да аймақ ұғымы «ұлыспен» беріледі) мемлекеттік әкім­ші­лік бөлініс бірлігін білдіретін «ұлыспен» қаншалықты байланысы барын тап басып айту қиын. Бәлкім, наурызға қатысты «ұлыс» сөзі Т.Өмірзақов тұжырғандай, ескі түркіше «ғаламдық жарат­ылыс күні» деген ұғымды беретін болар!

Наурыздық ұғымдар бүгінде көмескі тарт­қанымен, қайта қалыпқа келтірерліктей сұл­балар жеткілікті. Наурыз – аумағы жағынан жербетілік, мазмұны жағынан жалпыадамзаттық, тарихи сипаты турасында ежелгі жорал­ғылық мереке, ал арналымы жағынан барлық ізгіліктің бастауы. Сондықтан да оны «Ұлыстың ұлы күні» атаған. Алайда осы сөйлемдегі «ұлыс» сөзі бұрынырақта «ұлы іс» ретінде айтылуы мүмкін, өйткені, оның бір халықтың не мемлекеттің мерекесі еместігін бабаларымыздың білмеуі мүмкін емес. Бұған А.Сейдімбек ағамыздың («Қазақ әлемі», 2007ж, 228-бет) «жастар ауылдағы ноқта көрмеген ең асау тайыншаны ұстап, ең ескі ашамайды салып, ашамай үстіне ең ескі киім-кешек пен құрым киізден жасалған қуыршақ орнатып, тайыншаның құйрығына ескі шелек байлайды да: «Ұлыс таңы атып қалды, бар елге хабар бер!» деп, шабына шыбық жүгіртіп, сауырғ­а бір салып қоя береді» деген баянындағы «ұлыс таң» тіркесі «Ұлы іс таңы» болуы керек. Өйткені, аймақтық деңгейдегі таң болуы мүмкін емес, таң – жербетілік! Ахаң ел аузындағы қалыптасқан тіркесті сол күйі түсіргендіктен, бізге де солай жетіп отыр. Ендеше Наурызды қазақтар «Ұлы іс» деп атап, оған ғаламдық сипат­ берген болып шығады. Онда әдеттегі «ұлыс» деп жүргеніміз «ұлы іс» тіркесі болғаны! Себебі, мазмұн­ы аса Ұлы істе ғана ұлы Күн туылған болар­ еді! Бұл жерде қазекең бүкілғаламдық стартты  ұлы  іске  балап  отыр.

Сайып келгенде, Ш.Құдайбердіұлы мен М.Көпейұлының келтірген қазақтың  Наурыз­ды­ «Ұлыс» атайтындығы және этнограф  А.Сейдім­бектің «ұлыс таңы» тіркесін халық аузынан  келтіруі, шынында  да, халқымыздың бұл ардақты мейрамға басты орын беріп, оны Жаратқанның ұлы ісіндей танып, сенгендігіне ден қойған­ абзал. Демек, Наурыздың қазақ халқы­ тарапынан он сегіз мың ғалам тарапынан орын алатын Ұлы құбылыс ретінде қабылданып, оның қазақы тағы бір атауы – «Ұлыс» (құбылыс, ұлы жасампаздық) болғаны. Және бұл атау, аталмыш рәсімдік мерекенің маз­мұнын барынша аша түсетін келтірінді болып табылады. Оның үстіне, жоғарыда келтіріл­гендей, «наурыз» сөзінің  жасалу  жолындағы «іс»  сөзінің  бұл жолы  да  қатысы  барлығы  тағы  да  аңғары­лады.

«Нау  мен  ырыс»  кітабынан  үзінді

Мұқағали   Мақатаев

Наурыз

Наурыз айы туғанда,

Той болушы еді бұл маңда.

Сақталушы еді сыбаға,

Сапарға кеткен ұлдарға,

Наурыз айы туғанда.

Наурыз, наурыз, күн игі!

Күні игі жердің – түрі игі.

Бауыры жылып науат-қар,

Бабымен ғана жібиді.

Шашылып ырыс шанақтан,

Шақырып бір үй бір үйді,

Шаттанушы еді бір игі.

Осынау игі кең жерге,

Наурыз айы келгенде,

Наурыз тойын бергенде,

Көрмегендер де – арманда,

Арманда – оны көрген де.

Келіп ем өмір-орманға,

Наурыз айы келгенде.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: