Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Туризм табиғатты қорғаудан басталады

05.06.2026, 17:30 66

Қазіргі уақытта елімізде туризм саласы біртіндеп дамып келеді. Қазақстанның табиғаты көркем, тарихи орындары мен мәдени ескерткіштері көп. Сол себепті ішкі туризмге де, шетелден келетін саяхатшыларға да қызығушылық артып отыр. Жыл сайын еліміздің әр өңіріндегі демалыс орындарына, ұлттық парктерге, тарихи-мәдени нысандарға баратын адамдар саны көбейіп келеді.

Туристер көп баратын көрікті жерлердің бірі – Бурабай. Көлдері, орманы, таза ауасы мен ерекше табиғаты үшін бұл аймақ «Қазақстанның інжу-маржаны» деп аталады. Бурабайға барған адам Жұмбақтас, Оқжетпес, Көкшетау сияқты табиғи нысандарды көруге асығады. Мұндай жерлер елдің табиғи байлығы ғана емес, халықтың тарихымен, танымымен, мәдениетімен астасып жатқан қастерлі орындар. Алайда осындай көрікті мекендерде вандализм мәселесі жиі кездеседі. Вандализм дегеніміз – тарихи, мәдени, табиғи ескерткіштерді бүлдіру, сындыру, жазу жазу, бояу жағу, олардың бастапқы қалпына зиян келтіру. Мысалы, Жұмбақтас сияқты табиғи ескерткіштерге әртүрлі жазу жазу, сурет салу, өз есімін қалдыру, мата байлау немесе махаббат құлыптарын ілу – табиғатқа да, тарихқа да жасалған құрметсіздік. Көп адам мұндай әрекетті жай ғана қызық көруі мүмкін. Бірақ бір адамның тасқа жазған есімі, біреудің қалдырған белгісі уақыт өте келе табиғи нысанның көркін бұзады. Әсіресе туристік орындарда мұндай жағдай көбейсе, сол жердің тарихи мәні де, эстетикалық келбеті де жоғалады. Табиғатты қорғау тек тазалық сақтау емес, сол мекеннің рухын, тарихын, болмысын сақтау.

Бұл мәселені шешу үшін ең алдымен жастарға табиғи және тарихи ескерткіштердің маңызын түсіндіру қажет. Мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында туған жердің киелі орындары, табиғи нысандары, тарихи мұралары туралы көбірек айтылса, жас ұрпақтың жауапкершілігі де артады. Туристік аймақтарда түсіндірме тақтайшалар, ескерту белгілері, ақпараттық жұмыстар көбірек жүргізілуі керек. Қызылорда қаласында да осындай бағытта жақсы бастамалар бар. «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының еріктілері тарихи орындарға барып, ескерткіштердегі жазулар мен бояуларды өшіріп, бүлінген жерлерді ретке келтіріп жүргенін әлеуметтік желіден көріп жүрміз. Сондай-ақ олар есірткі жасыратын орындарды анықтап, қауіпті белгілерді өшіруге де атсалысып келеді. Бұл – жастардың қоғамға пайдасы тиетін нақты іс.

Тарихи маңызы бар орындарды, табиғи ескерткіштерді қорғауға осындай еріктілерді көбірек жұмылдыру қажет. Бірақ бұл тек еріктілердің міндеті болып қалмауы керек. Әр адам барған жеріне құрметпен қарап, қоқыс тастамауды, тасқа жазу жазбауды, табиғатқа зиян келтірмеуді өзінен бастауы тиіс.

Туризмнің дамуы жол, қонақүй, қызмет көрсету сапасымен ғана өлшенбейді. Ең алдымен, турист баратын жердің тазалығы, сақталуы, табиғи қалпы маңызды. Егер біз өз табиғатымызды, тарихи мұрамызды қорғай алсақ, ел туризмі де шынайы дамиды.

Ерасыл МАРАТҰЛЫ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
1-курс студенті

Пікірлер:
  • Автор туризм мен табиғаттың өзара байланысын өте жақсы ашып көрсеткен. Мақалада табиғаттың сұлулығы мен оны қорғаудың маңыздылығы нақты мысалдар арқылы түсіндірілген. Туризмнің адам өміріне пайдасы мен табиғатты сақтаудағы жауапкершілігі әсерлі баяндалған. Шығарманы оқу барысында туған өлкенің көркем жерлерін аралап, табиғатты аялауға деген ықылас арта түседі. Автордың ойы түсінікті, тілі көркем әрі тартымды. Жалпы, шығарма маған ұнады және пайдалы мәліметтер берді.

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: