Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Түлектер  тартуы

25.05.2026, 15:55 58

HALYQLINE.KZ

Бүгін Сырдария ауданы, Аманкелді ауылы №42 Қуаныш Баймағанбетов атындағы мектептің 2006 жылғы түлектері туған жерге деген құрмет пен азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетіп, елді мекеннің кіреберісіне сәнді қақпа орнатып, ауыл тұрғындарына тарту етті. Игі іс-шараға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов және ауыл ардагерлері мен тұрғындары, түлектер қатысты. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Салтанатты іс-шара барысында аудан әкімі Берік Сәрменбаев көпке үлгі боларлық игі іске ұйытқы болған түлектерге ризашылығын білдіріп, олардың туған жерге деген жанашырлығы мен елге деген қамқорлығын ерекше атап өтті.

– Бүгін №42 Қуаныш Баймағанбетов атындағы мектептің 2006 жылғы түлектері елді мекеннің кіреберісіне жаңа қақпа орнатып, ауылға үлкен тарту жасап отыр. Бұл – туған жерге деген құрметтің, азаматтық жауапкершіліктің және елге деген сүйіспеншіліктің айқын көрінісі. Осындай жарқын бастамалары арқылы олар туған жерге деген шынайы ықыласын, ыстық сағынышын және перзенттік парызын нақты іспен дәлелдеп келеді. Мектеп – әр адамның өмір жолына бағыт-бағдар беретін қасиетті білім ордасы. Осы шаңырақта білім алып, ұстаз тәлімін көрген түлектердің арада қанша жыл өтсе де туған жерін ұмытпай, ел игілігі жолында осындай сауапты іске бастамашы болуы – үлкен өнеге. Бұл тек қақпа емес, бұл – ұрпақтар сабақтастығының, ауызбіршіліктің және туған елге деген құрметтің белгісі. Дана халқымыз «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Бүгінгі түлектеріміз осы сөздің мәнін нақты іспен дәлелдеп отыр. Барлық ата-ана мен ұстаздарға ерекше алғысымды білдіремін. Сіздердің берген тәлім-тәрбиелеріңіздің нәтижесінде елін сүйетін, туған жеріне жанашыр азаматтар өсіп шықты. Бұл – сіздердің еңбектеріңіздің жемісі. Аманкелді ауылының жаңа қақпасының ашылуымен барша ауыл тұрғынын шын жүректен құттықтаймын, — деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Аудан басшысы игі іске бастамашы болған 20 жылдық түлектерді «Алғыс хатпен» марапаттады.

Іс-шара барысында Сырдария ауданының Құрметті азаматы Мырзағали Кенбаев ауыл халқы атынан алғыс білдірсе, 2006 жылғы түлектер атынан Асылхан Піржанов сөз сөйлеп, елге қызмет ету мақтаныш екенін жеткізді.

Құрметті меймандардың қатысуымен жаңа қақпаның лента қию рәсімі өтіп, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары игі бастаманың куәсі болып, түлектерге ақ батасын берді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: