Жасөспірімдер телефонға тәуелділікті сәби кезден бастайды. Оған ата-аналары да себепкер болады. Ата-аналар балаларды тыныштандыру үшін телефон, теледидар қосып қою салдарынан олардың санасына гаджетке деген тәуелділіктің басталғанын аңғармай да қалады. Ал осы тәуелділіктің соңы түрлі жағдайға алып келуі мүмкін. Көздің нашарлауы, ұйқының бұзылуы, стресс, депрессия, мазасыздық және әлеуметтік мәселелерге әкелетін, зейін мен есте сақтау қабілетін төмендететін мінез-құлықтық бұзылыстарды туындатады. Ол әсіресе балалардың ойлау мен сөйлеу қабілетін тежеп, виртуалды әлемге тәуелді етеді. Денсаулық сақтау мамандарының көбі гаджетке тәуелділіктен арылу бойынша пайдалы пікір айтады. Расымен сондай ма? Біз өзімізге эксперимент ретінде бір күн цифрлық детокс жасап көрдік. Барлық шаруамызды аяқтап, апта соңында кешке дейінгі уақытты телефонсыз өткізуге тырыстық.
Әрине, бізде тәуелділік бар екенін байқадық. Қолымыздан келгенше, смартфонсыз, гаджетсіз уақытымызды тиімді пайдаланып көргенімізде байқағанымыз, бізге берілген тапсырмалар өз уақытымын аяқталды. Жақындарымызбен көбірек уақыт өткізуге мүмкіндік болды және айналамыздағы адамдар мен достарымызбен сөйлесу барысы да жүйелі екен. Серуендеу арқылы жан дүниең тыныштық тапқандай сезіну болады. Ал өзге замандастарымыз осы экспериментті жасап көрді ме? Әлеуметтік желідегі ақпараттарға шолу жасап көрдік.
Интернетте біз секілді цифрлық детоксты жасап көрген замандастарымыз жетерлік. Еліміздегі кейбір мектепте оқушылардан телефонды жинап алу тәртіпке айналып келеді. Бұл үрдіс тек тәртіп орнату үшін ғана емес, сонымен қатар, оқушыларды номофобиядан арылтуға бағытталған. Осындай бастамаларды қолдап, рухани тұрғыда бағыт-бағдар беріп жүрген ұстаздар да бар. Солардың бірі – AlQA bilim академиясының ұстазы, «Астана» дәстүрлі-зияткерлік курсының жетекшісі Нұрболат Кәрібай.
– XXI ғасырда адамдар ақпараттың жетіспеуінен емес, ақпараттың көптігінен, ақпараттық семіздіктен зардап шегеді. Толассыз келген ақпардың толқыны адамның санасына толық сіңбей қалып жатыр. Адам алған ақпаратын ой елегінен өткізіп, толғанып-ойланып, тұжырымдап сіңіре алмаса, уақытша жадтан сәлден соң өшіп кетеді. Қазір жастардың зейінінің, жаттау қабілетінің нашарлауының да себебі – осы. Бұрын ақпар аз, бір ғана кітап қолға түседі, таласып-тармасып соны оқиcың, тұщынып, керегін аласың. «Смартфонсыз 10 күн» курсын өткізуіміздің себебі де сол, өскелең ұрпақтың уақытын тиімді өткізіп, digital detox жасау, — дейді Н.Кәрібай.
Психолог Шолпан Мықтыбектің айтуынша, смартфонға тәуелділіктің түп-тамыры көбіне адамның ішкі жалғыздығы мен эмоциялық бос кеңістігіне байланысты. Мұндай жағдайда адам ішкі күйзелісті басу үшін түрлі құралға жүгінеді, ал қазіргі уақытта сол құралдың бастысы телефон болып отыр.
Психологтың пікірімен денсаулық сақтау мамандары да келіседі. Невропатолог, медицина ғылымының кандидаты Лаура Есжанова экран алдында ұзақ уақыт отыру жүйке жүйесіне қосымша жүктеме түсіретінін айтады.
– Ми үнемі көп мөлшердегі визуалды және ақпараттық мәліметті өңдейді. Адам сол уақытта бір орында ұзақ уақыт отырып, аз қозғалады. Бұл мойын мен иық бұлшықетінің кернеуіне, бас пен мойын аймағындағы қан айналымның нашарлауына, жүйке жүйесінің шаршауына әкелуі мүмкін, — деді Л.Есжанова.
Оның пікірінше, гаджет тәуелділіктен арылу үшін аз-аздан болсын цифрлық детокс жасаған дұрыс. Әрине, әлеуметтік желінің пайдасы да, зияны да бар. Біз телефон тәуелділігінен арылу бойынша түрлі тәсілді қарап көрдік. Сонымен қатар, серуендеу, спортпен айналысу, жақындармен қарым-қатынас жасау, мүмкіндігінше артық хабарламаны өшіріп, ақпараттық жүктемелерді азайту арқылы өзімізге шектеу қойдық. Алайда гаджеттің пайдасын да естен шығармаған абзал. Себебі қазіргі қоғаммен цифрлық байланыс ғана жасап келеміз. Гаджет болмаса әлемдегі жаңалықты есту және ақпараттану деңгейіміз төмендейтіні рас. Демалыс күндері хабарламалар мен жаңалықтарды оқудан өзіңізді шектеп, кішігірім қадамдардан бастасаңыз болады, сонда сіз цифрлық әлем мен жеке өміріңізге деген қатынасыңыздың қалай өзгергенін байқайсыз.
Қымбат ДОСЖАН,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті.
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!