Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ӨРКЕНИЕТ БІР ОРНЫНДА ТҰРМАЙДЫ немесе «Болашақтың қаласы» несімен ерекшеленуі мүмкін?

26.05.2022, 10:20 546

«Төртінші өнеркәсіптік рево­люция жағдайында дамудың жаңа жолын табуымыз керек». Естеріңізде болса, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 4 жыл бұрын осылай мәлімдеген еді. Енді «Жаңа Қазақстанды құруға» бет бұрдық. Бәрі дұрыс! Адамға сенім керек. Сенімсіз мақсат-мұрат  асыл  болмайды.

Әлемнің есті елдері бүгінін бағамдап, болашағын бағдарлап қоюды ұмыт қалдырмауда. Мәселен, Қытай 2035-2050 жылы коммунизм шыңына шыққан, заманауи, қуатты елге айналуды мұрат етеді. Әрі оған сәтті қадам басып келеді. Сауд Арабия алда­ғы 100 жылда өркениет орта­лығы болуды көздейді. Әрі мұның  алғышарттарын  жасауда.

Жә, арабтардың арманына сәл кейінірек тоқталсам!

Алдымен өнеркәсіптік революция қалай басталды? Жалпы, өнеркәсіптік революция дегені­міз не?

Сарапшылар экономикалық жүйе мен әлеуметтік құрылымда жаңа бетбұрыс бастаған кезеңдерді өнеркәсіптік революцияға жатқызады.

Мыңжылдықтар жылнамасынан  адамзат өркениетінің өрісі Азияның кіндігінен тарағанын білеміз. Оған жылқыны қолға үйретуі, металды игеруі және т.б. айтуға болады. Алайда Азия өндірістік технология заманында  көштен  қалды.

Еуропа мен АҚШ-та адамзат өркениетінің дамуына серпін берген бу қозғалтқышы негізінде өнертабыс өндіріске енгізілді. Соның салдарынан еңбек қатынасы, өндіріс жүйесі мен экономика өзгерді. Осы сәттен бастап капитализм басым жүйе ретінде тарады.

ХІХ ғасырдың басында американдық Роберт Фултон алғашқы пароход құрастырды, 50-жылдары бу кемелері Атлант мұхиты арқылы тауар тасымалдай бастады. Бу кемесінің пайда болуы паровоз құрастырылуына серпін берді. Сөйтіп теміржол желісін құрауға ұмтылыс басталып, британдық инженер Ричард Тревитик алғашқы теміржол локо­мотивін жасады. 1830 жылы Ливерпуль – Манчестер бағытында теміржол желісі құрылып, жолаушыларға қызмет көрсету басталды. Бұл жаңалық өндірістің көлемін, энергияға деген сұранысты  арттырды.

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында екінші индустриялық революция кезеңі басталды. Бұл кезеңде байланыс құралдары тұрмыстық қолданысқа еніп, ақпарат таратудың тың тетіктері дүниеге келді. Мысалы, 1876 жылы Грэм Белл телефонды ойлап тапты. 1901 жылы  Гуглиэлмо Маркони радио толқындарын Атлант мұхитының  ар  жағына  жіберді.

Сонымен қатар қағаз жасау саласында жаңа өзгерістер болды. Бумен жүретін ауыр техникалар мұнай өнімдерін қолданысқа енгізіп, электр энергиясы пайда болды. Осы өнертабыстардың арқасында өңдеу өнеркәсібі жаппай  өндіріске  кірісті.

Үшінші өнеркәсіптік революция екі саладағы жаңа табыстарға негізделді. Біріншісі, ақпараттық-коммуникациялық технология, екіншісі, тұрақты энергияны іздеу.

Расында, интернет және ин­тернеттен жасалған барлық өнертабыстар ғаламшар үшін ең үлкен өзгеріс әкелді. Бастысы, автоматтандырылған өндірістер мен қызмет ету саласын жетілдіруге деген талпыныс жасанды интеллектіні  дамытуға  негіз  болды.

Енді төртінші индустриялық революцияның табалдырығында тұрмыз. Бұл кезең қалай, қашан, қайтіп жүзеге асады? Негізгі элементтері  не? Сұрақ  көп…

Дүниежүзілік экономикалық форумының негізін қалаушы және президенті, белгілі экономист Клаус Швабтың айтуынша, IV индустриалдық революцияның басталуы 2025 жылға қарай жүзеге  аспақ.

Төртінші индустриялық революция физикалық, цифрлық және биологиялық салалар арасындағы шекараны бұзатын технологиялардың бірігуімен сипат­талады екен. Басты сипатына адамзаттың ақылды қалалардағы өмір  салтын  жатқызуға болады.

Бүгінде энергияның жаңа көздерін қолдана отырып, экологиялық таза, адамзатқа мейлінші тиімді заманауи шаһар құруға әлемнің  озық  елдері  ұмтылуда.

Соның бірі – жоғарыда атаған Сауд Арабия. Бұл ел болашақтың қаласы ретінде «NEOM» жобасын ұсынып, кешенді жұмысты бастап кетті. Сауд Арабияның солтүстік-батысындағы арнайы экономикалық аймақта іргесі қаланған «болашақтың қаласы» әлем назарын өзіне аударды…

Алдымен арабия түбегіндегі алып елдің өткені мен бүгінін бағамдап  алсақ.

Әлемде бір әулеттің атымен аталатын  үш  мемлекет болса, соның  бірі – Сауд  Арабия.

ХVІІІ ғасырда Мұхаммед ибн Сауд және оның ұрпақтары батыс және шығыс Арабия түбегін бағындырып, елдіктің негізін қалай­ды. Бұл «Бірінші Сауд мемлекеті»  кезеңі.

Саудиттер билігі кеңейе түсіп, 1803 жылы Меккені, 1804 жылы Мединені өзіне қаратады. Бірақ Сауд үстемдігі Арабияда ұзаққа созылмады.

1811 жылы Осман сұлтаны II Махмұттың пәрменімен Сауд билігі әскери күшпен тоқтатылды. 1821 жылы Турки ибн Абдуллаһ османдарға қарсы көтеріліп, елдің жаңа астанасы ретінде Эр-Риядты  таңдайды.

Бүгінде Саудтар – елдегі тікелей басқарушы жалғыз отбасы. Үкіметтегі және аймақтардағы басшыларды патша тағайын­дайды.

БҰҰ мәліметі бойынша 2020-2021 жылғы әлем елдерінің экономикалық рейтингісінде Сауд Арабиясы 18-орында тұр. Бұл елдің ЖІӨ көлемі – 700 млрд доллар (Қазақстандікі – 170 млрд).

Ақпарат көздерінде Сауд Арабия­сында туған баланың есеп­шотында $10 000, баспаналы болуға $80 000, жоғары оқу орнын тамамдаған түлекке $13 000 берілетіні жөнінде ақпарат көп. Әрі біздің жер асты-үсті ресурс­тық байлықпен салыстырып, Арабиядан қай жеріміз кем дейтіндер  де  көп…

Саудтықтар 100 жылға стратегиялық жоспар құрып, мұнайсыз дамудың жолын қарастыруда. Соның бірі – туристерге арнал­ған  «Болашақ  қаласы».

Neom жобасы ресми түрде Сауд Арабиясының ханзадасы Мұхаммед бен Салман экономи­каны модернизациялау және мұнайдан әртараптандыру үшін әзірлеген Vision 2030 жобасының бөлігі  болып  табылады.

Заманауи шаһардың негізгі сипаты – ғылыми зертханалар, инженерлік шеберханалар, шығармашылық кеңістіктен тұрады. Әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымы жетілген Neom толығымен жасыл энер­гияны тұтынады. Онда биотех­нология, нанотехнология, цифрлық медицина, мобильді-коммуникация, cондай-ақ, сандық ұялы желілерге арналған алтыншы сымсыз буын 6G технологиясының  игілігі тұрмыс­тық  қолданысқа  енеді.

Пилотсыз жерүсті көлігі, түрлі әлеуметтік сервистік қызмет көрсететін роботтар мен дрондармен ерекшеленетін болады. Тіпті роботтар саны адаммен тең немесе одан да көп болуы ықтимал.

Кәдімгі фантазиялық кинодағы сюжеттер ойыңызға келді ме?

Иә, солай! Бұған еш таңқалуға, таңдануға болмайды, алдағы онжылдықтан өмір салтына енетін  құбылыс…

Міне, төртінші өнеркәсіптік революция  дегеніміз  осы!

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист

P.S. Айтайын дегеніміз, өркениет жолын табуда Жапония, Сингапур, Оңтүстік Кореяны үлгі етуге болады. Бұл елдер индустриялық революцияның негізгі қозғаушы күші, шикізаттың қоры болмаса да өркениет көшіне ілесудің жолын тапты. Ал, біздікі әзірге ұраннан аспай тұр. Ұрандаумен қанша жерге шабады екенбіз, ә?!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: