Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тазалық жұмыстары – басты назарда

10.04.2024, 8:20 265

HALYQLINE.KZ

Көктем келіп, күн жылынғалы қазалылық ағайындар да қызу қарекет басында. Аудан басшысы Мейрамбек Шермағанбеттің өзі бас болып, кентті көркейту жұмыстарын қолға алған. Оған сәйкес әрбір мекеме, балабақша, тіпті мемлекеттік қызметкерлерге дейін аталмыш жұмыстың басында, туған жердің көркейіп-гүлденуіне күш жұмылдырып жатыр.

Әйтсе де олқылықтар жоқ емес. Бүгін тазаланған жерді, ертесі келіп шашатын, қоқыс тастайтын тұрғындар баршылық.

Осыған орай кеше Қазалыда аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен аудандағы санитарлық тазалыққа қатысты кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиынға аудандағы барлық мекеме, кәсіпорын ұжымдары, көше комитеттері мен аудан тұрғындары қатысты.

Басқосуда аудан басшысы аудан көлемінде жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстары мен алдағы жоспарлар жайында айтып өтіп, туған жерді көркейту-көгалдандыру бағытындағы жұмыстарға бірлесе атсалысу керектігін жеткізді.

– Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазалы ауданында да «Таза Қазақстан» акциясы өз жалғасын табуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздегі cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырған болатын.

Кешеден бастап Президенттің бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Аталмыш акция асында Сыр өңірінде де «Таза Қазақстан – таза аймақ» атты экологиялық науқаны бастау алды.

Бүгінгі таңда Әйтеке би кентінде тазалық жұмыстары белсенді жүргізілуде. Оған барша мекеме атсалысуда. Десе де, тұрғындар тарапынан да осынау іске немқұрайды қарамауды сұраймын. Бұған әрбір көше комитеті де атсалысуы қажет. Әр адам өз ауласымен қатар, айналасына, үй-жайларының сыртқы тазалығына да мән беруі тиіс, – деді аудан басшысы.

Аудан әкімінің сөзінше, бұған дейін 60-тан астам тұрғынға қоқыс тастамау жөнінде полиция қызметкерлерімен бірлесе ескертулер айтылып, айыппұлдар салынған.

Жиында аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов Әйтеке би кентіндегі 7 аймақ бойынша атқарылып жатқан тазалық жұмыстары бойынша хабарлама жасады. Ал аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ғанибек Құрманалиев тазалық мәселесіне қатысты тұрғындар тарапынан болған құқықбұзушылықтарға қатысты қабылданған іс-шаралар туралы баяндады.

Кеңейтілген мәжілісте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов та сөз алып, елдің бірлігін, абыройын көрсететін үлкен істе ауызбіршілік танытуға шақырды. Сонымен қатар көше комитеттерінің төрағалары мен аудан тұрғындары да тазалық мәселесіне қатысты өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: