Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Самарқан қаласындағы ескерткіштердегі жазбалардың аудармасы

01.02.2024, 10:00 368

Қазіргі Қызылорда облысы, Сырдария ауданының Айдарлы, Аманкелді, Бесарық, Қоғалыкөл, Іңкәрдария ауылдарының мал қараған, аң қуған, шаруа жайын күйттегендері ауылынан шығып, ат терлетпей-ақ жете­тін көлденең көсілген Көксеңгірге келіп тіре­лері анық. Ауыл адамдары үшін тау аталатын Көксеңгір – қызылдың шеті. Одан әрі ат түгі­лі қазіргі заманның көліктерінің жүруі мұң өркеш-өркеш жүздеген шақырымға созылған құм дала. Көне түркі тілінде «сеңгір» сөзі зәулім, заңғар, биік тау мүйісі деген мағына беретін, бұл жота алыстан көкпеңбек болып созылып, қойнына талай тарихи сырды бүгіп көсіліп жатыр. Арабтар «Маварул-нахар» (Әму мен Сырдың арасын осылай деген) атаған бұл өлкеде адамзат тарихындағы талай елеулі оқиғаның ізі жатыр. Ислам діні араб жерінде пайда болғанымен, қанатын кеңге жайып өркендеген өлке. Сәулет өнерінің қайталанбас өзіндік өрнегі қалыптасқан Мәуереннаһрыңыз – осы жер. Осы Көксеңгірдің биік мүйісіне шыға қалсаңыз, шығысында Асанас, терістігінде Баршынкенттің күмбездері күнге шағылысып, көз қарықтырар еді. Көксеңгірдің дәл етегінде, ежелгі Іңкәрдарияның жағасында жайқалған Заңғар, Сырлытам қалалары көздің жауын алып, қайнаған тірлігі көзге шалынар еді. Әйгілі Жошы хан елу мың қолмен келіп бір қыс қыстаған Асанас, Баршынкент, Жент қалалары бұл күнде сырын бүгіп, үйілген топырақ астында сұлық түсіп жатқанын көрер еді.

Қоқандықтардың қорлығынан құтылу үшін орысты пана тұтқан осы өлке қазақтары Перов­скінің қол астына өтіп, «сорлының аты орға жығылады, ордан шығып, сорға жығыла­дының» кері келіп, Перовск уезінің Кеңтүп болысына қарап тұрған шағы екен. Кеңтүп болы­сын он сегіз жыл басқарған Мұңайтпас Лапиннің ұлы Серәлі Санкт-Петербордан оқып келген соң туған жерінен ұзап барып, жоғарыда өркениеттің құлашын кең жайған Самарқан сынды қаланың тарихи ескерткіш­терін зерттеуге ықыласы ауса керек. Сол жанкешті ізденістің жемісі «Переводъ надписей на историческихъ памятникахъ г.Самарканда» кітабы  қолымызға  тиіп  отыр.

Елі есімін білгенімен, саяси қайраткерлік бағасы айқындалмай жүрген әулеттің бірі осы Лапиндер  әулеті  жайлы  аз-кем  әңгіме.

Төрт түлігі сай Қалқаман Сумұрын Лапыда көпке дейін бала болмай қабаржып жүретін. Қорасанға қой айтып, ақсарбас атап, Арыстанбабқа түнеп, Құл Қожа Ахметтен тілеп, әулие жағалап жүріп Мүлкілан әулиеден аян болып, екінші жарынан 1835 жылы Мұңайтпас атты ұл дүниеге келеді. Ат арқасына мінген Лапының Мұңайтпасы еті тірілігінің арқасында ел бас­қару ісіне ерте араласады. Көршілес өзбек, орыс елдерімен арадағы керуен жолдары­на керуен­басы болып, сауда-­саттық жасап, тәжірибе жинақта­ған Мұңайтпас елін егін шаруашы­лығына,  отырықшылыққа  бейімдеген.

Осы Қоғалыкөл ауылы іргесіндегі «Хан ағашы» аталатын жерде өткен ғасырдың басын­да Сыр өңіріндегі төңкеріске дейінгі алғашқы еуропалық үлгідегі мектеп ашқан да осы Мұңайтпас Лапин болатын. Аталас ағайы­ны Бәлтік Тыныштықбайұлы 1906 жылы мешітін болыс Мұңайтпастың тапсырмасымен салдырған еді. Елі үшін еңбегі сіңген азамат қандай қоғамда болса да мерейі үстем, елге қадірлі. 1890-1896 жылдары халық соты, 1896-1906 жылдары Перовск уезінің Кеңтүп болысының болысы атанып, Ресей патша ағзамының күміс медалімен және Анна лентасымен марапатталады.

Малы мен жанына береке дарыған Мұңайт­пастың үш әйелі Бозша, Рзақия, Хадишадан тараған 19 ұл-­қыз осы өлкеде ер жетіп, Алашқа қызмет ету үшін әлемнің түкпір-­түкпіріне тарап жатты. Заманның ағымын аңғара білген сұңғыла жан Мұңайтпастың балалары алды Алмания, Ресейде білім алған, барам деген жеріне барған, алам дегенін алған, кілең «сен тұр, мен атайын», атпал азамат болып өсті.

«Тоғыз ұлым – бір төбе, Ертөстігім – бір төбе» демекші, енді сол он тоғыздың бірі Серәлі Мұңайтпасұлы Лапин жайлы аз-кем әңгіме  өрбітейін.

Серәлі 1868 жылы Перовск уезі, Кеңтүп болы­сының 4­-ші ауылында дүниеге келген. Ауыл молдасынан білім алған зерек бала білімін көтеру үшін үнемі талаптанды. Ташкенттегі мұғалімдер семинариясын, 1891 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген соң Самарқан әскери губернаторының аудармашысы болып қызмет атқарады.

1901 жылдан 1917 жылға дейін Самарқан, Сырдария облыстарында адвокат болды. Осы жұмыстарды атқара жүріп Серәлі Мұңайтпас­ұлы шығыстанушы, одан ағартушы және қоғам қайраткері ретіндегі өзіндік елеулі орны бар тұлға  болып  қалыптасты.

С.Лапин араб, парсы және т.б. шығыс тіл­дерін білген. Ол зайырлы шығыстанушы ғылымында тұңғыш рет Гур­-Эмир, Регистан, Шаһи­-Зинда кешендеріндегі, Көкілташ медре­сесі және т.б. көне архитектуралық ескерткіштердегі арабтың көне сюльси және зюльфи емлелерімен өрнектелген көркем жазуларды (эпиграфикаларды) оқыды, оларды орысшаға аударып, ғылыми айналымға қосты. Жәдігерліктердің тұрғызылған уақытын, оларды салдырған сәулетшілердің есімдерін (мысалы, Регистан ансамбліндегі Шер-­Дор, Тіллә­-Қари медреселерін әйгілі қазақ қайраткері және жауын­гері Жалаңтөс баһадүрдің салдырғанын) анықтады. Серәлі Мұңайтпасұлы, сондай-­ақ «Шаһнама», «Туһрат әл­-Хани» дастандарының парсы тіліндегі қолжазбаларын тауып, ғылыми айналымға қосты. Ал оның 1895 жылы Самарқанда жарық көрген «Самарқанд қаласының тарихи ескерткіштеріндегі жазулардың аудармасы» және «Орыс-­өзбек қалта сөздігі» Түркістан өлкесіндегі отырықшы туземдіктермен күнделікті тұрмыстық әңгімеге арналған 4000 сөз, өзбек тілінің қысқаша грамматикасы қоса тіркелген» деп аталатын кітапшалары Ресей шығыстану ғылымына қосылған елеулі үлес  болып  саналады.

Санкт­-Петербургтегі құрылысы Романовтар үйінің патшалық құруының 300 жылдығына аяқ­талған  мұсылман  мешітін  салу  ісіне  атсалысты.

1918 жылы шілдеде С.Лапин Түркістан лагерь­леріндегі соғыс тұтқындары мәселесі­мен шұғылданып жүрген Германия комиссия­сы өкілімен байланыс орнатып, Германияға келген соң 1918 жылы 25 қыркүйек күні Германия Бас штабының өкілі, лейтенант Эльснермен жолықты. Оны Қазан төңкерісінен ке­йін Түркістанда қалыптасқан саяси ахуалмен таныс­тырып, Түркістан халқына большевиктер үстемдігіне қарсы күресуде Германияның көмек  көрсетуін  сұрады.

Әскери экспедицияны ұйымдастыруда С.Лапиннің ұсынуынша Каспий теңізінен өткен әскер екіге жарылып, Ашхабад пен Бұқараны бетке алып, екіншісі Перовск пен Ташкент бағытында жылжып, ол топтар өз жолында жергілікті халық өкілдерімен толыға түсуі тиіс болды. Жоспарға сәйкес бұл екі топ Самарқан қаласы маңында тоғысатын болып белгіленді. Алайда, Германия үшін 1918 жылдың соңына қарай жағдай барынша ауырлай түсіп, үкіметтің С.Лапин ұсынысына назар аударуы­на мұршасы болмады. Оның үстіне С.Лапин осы жылдың 17 желтоқсанында сырқат­қа шалдығып, ауруханада жатты. Араға бір айдай уақыт салып, 1919 жылы Самарқанда белгісіз себептермен қаза тауып, Самарқандағы әулиелер  мекені  Шаһи­-Зиндаға  жерленді.

Серәлі Лапиннің өмір жолындағы саяси қайраткерлік жұмысы Кеңес өкіметіне қарсы бағытталғандықтан, Кеңестік жүйе оның қызметіне  өз  дәрежесінде  бағасын  бермеді.

Жоғарыда сөз болған Серәлі Лапиннің «Самар­қанд қаласындағы тарихи ескеркіштердегі жазбаларын» қал-қадірімізше қазақшалау­ға тырыстық. Сыр елі тумасының өз елінде еңбегімен таныстыруды мақсат етіп едік, қате-­кемшіліктері болса бірге түзеп, кейінгіге жеткізсек, еңбегіміздің  еш  кетпегені.

АУДАРМАШЫДАН:

Жазбалардың дені әуесқой фотограф Панкратьевтің және Самарқан тұрғыны Мырза Әбусайд мақсұмның түсірген суреттерін зерделей келе, жәдігерлерді түпнұсқасымен салыс­тыра отырып аудардым. Жазбалардың бәрі қазіргі заманда оқылуы қиынға түсетін ескі араб (сюлси, зюлфи) тілінде жазылған. Кейбір жазбалардағы Құран сүрелерін Саблуковтың орысша аудармаларын негізге ала отырып аудардым. Түпнұсқадан аудару кезінде орыс тілінде логикалық және стилистикалық бағытта қабыспай жатқанда ғана еркін аударуға тырысып бақтым. Аудармалардағы түсініктердің көпшілігіне жақшаға ала отырып қосымша түсініктер беруге тырыстым. Тастардағы жазбалардың өшуге айналғандары мен оқуға мүмкін болмаған жерлерін көп нүктемен белгілеп кетіп отырдым. Фотосуреттерден аударылған жазбалар №-мен белгіленді. № белгілері тек қана Панкратьев мырзаның «Самарқанд қаласының тарихи ескерткіштер альбомына» енген жазбаларға ғана қойылды. Альбомға енбеген жазбалар нөмірленген жоқ. Жазбаларды аудару жұмысына көп  қызмет еткен жоғарыда аты аталған Мыр­за  Әбусайд мақсұмға айрықша ілтипатымды  білдіргім  келеді.

Самарқанд қаласы.

3 июль 1895 ж.

«ГӨР ӘМІР ТЕМІР» қабіріндегі жазбалар.

Аса жоғары, жарылқаушы Алла Тағала:

«Кім бұл жерге кіретін болса, ол құтылады».

«Бұл жерге кірген жанға, мәңгілік мекен бола­тын  уәде  етілген  жәннат».

Аса жоғары, жарылқаушы Алла Тағала: (Періштелерге)

«Жаны тыншыған жандарды мәңгілік түгесіл­мейтін бұлақтары ағып жатқан жәннатқа  бастап  бар». Алла  ұлық  әрі  әділ.

Пайғамбар: (Алланың игілігі мен сәлемі болсын.)

«Өлместен бұрын өзін ахыретке дайын еткен жан. Одан әлем бет бұрмай тұрып өзі ахыретке бет бұрған, Алланың дидарын көруге асыққан  жан  қандай  бақытты».

Әмір Темірдің басына қойылған қара тас­тағы (нефрит) жазу.

Бұл жай ұлы сұлтан, мейірімді хақан Әмір Темір Гураган, Әмір Тарағайұлы, Әмір Бергүл­ұлы, Әмір Айлангирұлы, Әмір Анджилұлы, Қарашар Ноянұлы, Әмір Сигунчиұлы, Әмір Ирдамші Барласұлы, Әмір Качулайұлы, Туман­ханұлы.  Бұл  9-шы  ұрпақ.

Шыңғыс хан да бұл қасиетті, әсем жайда жерленген мадақталған сұлтанның аталары шыққан тектен тарайды.

Шыңғыс Хақан – Әмір Майсукай Бахадур­ұлы, Әмір Барнан Бахадурұлы, Кубул ханұлы, жоғарыда айтылған Туманханұлы, Әмір Байсеңгірұлы, Қайдуханұлы, Әмір Тутумтинұлы, Әмір Бұқаұлы, Әмір Бузанжараұлы.

— 4 —

Кімде-кім тереңірек білмек болса анығы: Ең соңғысының анасының аты Аланкува, өзінің әділдігі мен адамгершілік қасиетімен ерекшеленген жан еді. Ол адам кейпінде бөлмесіне енген қасқырдан жүкті болған еді. Ол өзін иман келтіруші Әли Әбу Тәліпұлының ұрпақтарының бірі екенін жария етеді. Бұл мәліметтің шындық екенін қабыл етіңіз. Мадақтал­ған  ұрпаққа  мәңгі  сәлем  болғай.

807 жылы шағбан (қыркүйек) айының 14-ші  күнінің  түнінде  дүние  салды.

Белгітастың  төменгі  жағында: Бұл белгі тас­ты Ұлықбек Гураган Житта жорығынан кейін  қойды.

«ШАХИ ЗИНДА» мазарындағы жазба.

Көше жақтан кіретін бас қақпада: Бұл салтанат­ты сарайды Абдул Азиз хан Ұлықбек Көрегенұлы, Шахрух ұлы, Әмір Темір Көрегенұлы  838  жылы  орнатты.

.    .    .     .    .    .    .    .

Бірінші мовзолей (36 баспалдағы бар шығыс беттегі дәлізде). Бақытты әмірші Әмір Хусайн, Қарақұтылықұлы. Алла оның мүрдесіне мейірімін төккей, 777 жылы иман келтіргені үшін  өлтірілген.

Сол жердегі парсы тілінде жазылған өлең:

Сатурн да шендесе алмас, сарайыма қара­шы.

Ажалдың уын ішкен соң, жұрттың бәрі бара­ды.

Болмас оған ешкімнің де таласы.

Жан жоқ менің жанымда, қараңғы менің көрімде,

Мейірімі  мен  серігім  әлемдердің  Алласы.

…     …   5     …      …

Батыс жағындағы бірінші тұрған мавзолейдің қарсы бетіндегі ғимаратқа, бұл құрылыс 788 жылы салынып бітті деп жазылған.

Бұл мавзолейдің есігінің жоғары жағында куффа жазуымен «МУХАММАД АЛИ» деп жазылған. 

…     ….   ….     …

Шығыс жағындағы екінші мавзолейде: Бұл қабірхана ұлы, мейірімді патшайым Шырин Бике  Тарағай қызынікі. Алла оның қабірін жарық  қылғай. 787 жыл.

…    ….   ….    …

Қарсы беттегі мавзолей (2-ші батыс жа­ғындағы) Жумадил ахир айының 20 (шілде) 772  жыл.  Ұста  Зайнудиннің  жұмысы.

Осы мавзолейдің есігіндегі парсы тіліндегі өлең:

Көз тартады алтынмен апталған төбесі,

Зайнуддин өнерінің ескерткіш боп қалған белгісі.

Төрт қабырғадағы ою-өрнек, әшекей,

Шебер-Құдай, жасампаздығының белгісі.

..     …     …    ….   …   …   ..

Батыс бетіндегі үшінші мавзолейдегі жазу: Ұста Әли Насафи

(т.е Каршинского.)

№10. Батыс беттегі бесінші мавзолейдің есігінің төбесіндегі жазу.

Туман Ака (Темірдің қарындасы) Әділ әмірші Әмір Мұсаның қызы. Алла оны өзінің мейірімі  мол  махаббатымен  жарылқағай.

..   …    6   …       ..

Жоғары мәртебелі Алла осы әйелдің құрметіне көкпен таласқан осы мешітті салдыруды лайық көріпті.

…………………………………….

№4. Куссам Аббасұлының (Шаһи Зинда) есігінің жоғарғы жағындағы жазба: Арабтық, Хашимдік, Құрайштық, Мекке мен Мәдиналық Пайғамбар: (Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  «Аббасұлы Куссам басқаларға қарағанда маған  мінезімен  де, сырт  келбетімен  ұқсас».

…………………………………………

№14. «ШАҺИ ЗИНДА» мешітіндегі жазу. Пайғамбар: (Алланың игілігі мен сәлемі болсын.) Ұлық Алла хақ, шапағат иесі Пайғамбар хақ: «Уақытын  өткізіп алмай құлшылық жасау­ға асық, Өлім сағаты соқпай тұрып кешірім тілеуге  асық».

……………………………………………

№12. «Шаһи Зинда» мешітіне алысырақта орналасқан Шыңғыс хан әулетінің белгісіз ханы­ның  көктасындағы  жазба:

О, Жаратушы Жасампаз Жеңіс иесі, Қиямет күнінің иесі, есеп күнінің иесі адамзат атаулыны мақшар майданында есепке тартар сәтте сұраушының тілегін беруші, кешірімді Аллаға шүкір. Көктің де, жердің де, он сегіз ғаламды Жаратушы бәрін естуші, бәрін білуші, кешу сұрағандардың тілегін қабыл етуші мейрімді де рахымды, кешірімді Аллаға сансыз мадақтар болсын. Ол ең бірінші әрі ең соңғы. Мәңгі тірі, қорек беруші, пенделердің қажеттіліктерін меңгеруші, жамандықты қайтарушы, адасқандардың қателіктерін кешіруші, шыншылдардың қорғаушысы, тәубаға келіп, қорқушылардың жүрегін тыныштандырушы, Аллаға Мадақ, Аллаға Мадақ, Аллаға Мадақ. Қате кемшіліктерді кешіруші өзіңнен басқа Тәңірі жоқ. О, Жарылқаушы өзіңнің жаратқандарыңның бәрін көркейтіп, көктетуші, күн мен түнді алмастырушы, жаратқандарына рызық несібе таратушы. Сен  сондайсың  Алла.

………… 8………..

№21. «ШАХИ ЗИНДА» мешітінің михрабындағы (михраб – намаз кезіндегі имамның орны)  жазба.

Аса мәртебелі Алла Тағала Құранда: «Жүзіңнің көкке жөнелгенін көреміз. Сондықтан өзің разы болған қыбылаға айналдырамыз. Енді жүзіңді «Месжід Харам» жаққа бұр. Қай жерде болсаңдар да: Жүздеріңді сол жаққа жөнелтіңдер. Расында өздеріне кітап берілгендер, негізінен қыбыланың ауысуын Раббыларынан бір шындық екенін біледі. Алла олардың істегендерінен ғапыл емес. (Құран. 2-сүре, 139-аят.) (Қазақша аударушыдан: бұл аяттар: Құран. 2-сүре, 143-аят).

Аса мәртебелі Алла Тағала: «Шын мәнінде мешіттер, Аллаға тән. Ендеше Алламен бірге ешкімді  шақырмаңдар». (Құран. 72-сүре, 18-аят.)

№18. Құлаған «ШАХИ ЗИНДА» мавзо­лейін­дегі  қабірдегі  жазба.

Алла өзі сақтаған «Алла туралыққа нұсқау­шы». Құрылыс 762 жылы сафар айының 13-і күні  аяқталды.

Үшінші мавзолейдің баспалдағының шығыс  бетіндегі  арғы  жағындағы  жазба: «Мұ­сылм­андар өлмейді, тек бір есіктен екіншісіне  өтеді».

«БИБІ  ХАНЫМ»  мешіт  медресесіндегі  жазба.

Бірінші  аркадағы  жазу:

Бұл собор Аллаға иман келтіруші Әмір Темір Кураган, Әмір Тарағайұлы, Әмір Бергил­ұлы, Әмір Анджилұлы, Әмір Айлангирұлы, Әмір Қара Чар ноянұлы, Алла оны мәңгілік билік иесі  еткей. 806 жылы салып бітті.

Медресе мұнарасында: Әлемнің бөлшегі­сің, өзіңді сабырдың қуатты қорғанымен қорғағайсың.

…….9……

Мрамордан жасалған құран пюпитрде «Бибі ханым» медресесімен екі аралықта төмендегі жазу жазылған: Ұлы сұлтан, мейірімді Хақан иманның сақтаушысы, Ханафия мазхабынан болған, ары таза сұлтан, сұлтанның ұлы сенім мен  қанағат  иесі  Ұлықбек  Көреген.

…………………………………..

№19. Екінші аркадағы жазбалар:

«Бұл қасиетті, ұлы қорғанды салуға Әмір Темір Көреген, Әмір Тарағайұлы, Әмір Бергилұлы, Әмір Анджилұлы, Әмір Айлангирұлы, Қара Чар ноянұлы жарлығымен салынды. Алла оны мәңгілік билік иесі еткей. 801 жыл.

№19. Осы екінші аркада:

………………………………….. «Ол сондай Алла, сауатсыздардың ішіне өздерінен; оларға Алла­ның аяттарын оқып, оларды тазартатын сондай-ақ оларға; Кітап, даналық үйрететін бір Пайғамбар жіберді. Негізінде олар бұрын ашық адасуда еді. (2) Ол Алла, бұл Пайғамбарды олардан басқа әлі оларға қосылмағандарға да жіберді. Ол тым үстем, Аса дана. (3) Бұл пайғамбарлық Алланың кеңшілігі, оны қала­ған ұлына береді. Алла, зор кеңшілік иесі. (4) Өздеріне Таурат жүктеліп кейін оны игере алмағандардың мысалы; кітаптарды артқан есек тәрізді. Алланың аяттарын жасынға шығарған елдің мысалы нендей жаман. Алла залым қауымды тура жолға салмайды. (5) Әй, Яһудилер! Егер өздеріңді адамдардан өзге, Алланың шын досымыз деп ойласаңдар, дереу өлім тілеңдерші! Егер рас айтушы болсаңдар да, (6) Негі­зінде олар, бұрын қолекі істеген қылмыстары­ның салдарынан әсте өлім тілемейді. Алла залымдарды жақсы біледі. (7) оларға: Расында

…   … 10 …  ..

сендер қашқан өлім; әрине ол, сендерге кездеседі. Сосын көместі, көрнеуді білуші Алла­ға  қайтарыласыңдар. Сонда сендерге істеген  істеріңді  түсіндіреді  де. (8)

(Қазақша аударушыдан: Басында көп нүкте қойылған жерде Жұма сүресінің басындағы мадақ сөздер мен соңғы сегізінші аяты өшіп қалған  болуы  мүмкін).

«БИБІ ХАНЫМ» мавзолейіндегі жазу

№16. Аса қамқор ерекше, мейірімді Алланың атымен бастаймын. Алладан басқа Тәңірі жоқ, Мұхаммед оның елшісі екеніне куәлік етемін. Алладан басқа Тәңірі жоқ, Мұхаммед оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік етемін.

Алладан басқа Тәңірі жоқ. Серігі жоқ, Жалғыз. Бүкіл әлемнің иесі, Аллаға сансыз мақтаулар болсын, өмірді беруші де, алушы да бір өзі болған Алла мәңгілік иесі. Барлық мүліктер оған тиесілі. Аллаға бәрі қайтарылады.

Төменгі жағында парсы тілінде жазылған өлең:

Мың жыл өтті Мәжүнін дүниеден көшкелі,

Жайынан оның сағыныш лебі еседі.

……………………………………….

Екінші қара таста куффа жазуымен жазыл­ған  жазба:

Бұл қабір  шейх……….Абусафа Абусайдұлы Аліәль хашун ……

507 жылы қайтыс болған. Алла оның қабырын  нұрландырғай.

………11…….

«ШОР ДОР» медресесіндегі қара тасқа парсы тілінде екі өлең жазылған:

Әділ әмір, қолбасшы Жалаңтөсті

Мадақтауға тілден жауһар төгілген.

Жер бетінде оның салған медресесі,

Жер мен көктің арасын тіреген.

Ұшқан қыран құстың қанаты талатын,

Мұнарасына отыз алты жылда баратын.

Толысқан жаңа айдай ажарына таңданып,

Айдың өзі жүрісінен жаңылып та қалатын.

Сол жылдың жемісі болған бұл жайға,

Келісіпті  атауға  «Жалаңтөс  Бахадүр»  деп  атын.

Аудармашының ескертуі: Жазбадағы «Ялангтуш Бахадур» сөзі мұсылманша (абжад бойынша) я-10 , л-30, н-50, г-20, т-400, у-6, ш-300,  б-2, х-5, а-1, д-4, р-200. Бұл барлық сандардың қосындысы 1028 жылға, медресені салған жылға сәйкес келеді.

..      ….    12   ….      ..

№5. Жомарттығынан билеуші Әмір Жалаңтөс,

Бұл сарай салынып бітіпті,

Төрт  аркасы  дүниенің  төрт  бұрышының белгісі.

Сән-салтанатын құмартыпты, келіп көргісі,

Қожа Хашим-Толық Сайд хазіреттің батасы.

Даналық пен ғұламалар сарайының үлгісі,

Күн шыжғырып, тіршілікті қайнатып.

Мейірім мен көңіл ісі өнерліге,

Тас қалатып, гүлге айналды, жайнатып.

Мұхаммед уәлі бұйрық етті:

«Қисық тастан белгі қойсаң жарасар».

Кемпірқосақ кейпіндегі, тас қойды иілген,

Көрініп тұр іс біткені мейіріммен.

Самаркандық Хасан ұста өнері,

Мақтаушының бал тамызар тілінен.

..   ..  19      ..    ..

ХОДЖА АХРАР құлпытасындағы жазбалар.

№23. Алладан басқа Тәңірі жоқ, Мұхаммед оның  елшісі.

Бұл қабірхана сарқылмайтын бұлақ пен жарық Құддус жаннатын Алла нәсіп еткен. Күн атқаннан, күн батқанға дейін Алладан тілек тілеген. Бәрін білуші, Алла жанын жай таптырған, жанатын рахым етіп, сыйға берген ол Алла мәңгілік мекені мен жаннаттың бақшасымен  сүйіншілеген.

Алланың елшісі оның бұл өмірдегі өмірінің ақыры жеткенін мәлім етті. Бұл қалаларда шақыру күніне дейін қалуы мүмкін. Әли мен Унайнадан жеткен хадисте: Мұхаммед (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын.) «жанұя мүшелерінен Маварул-нахар – екі өзен ортасы­нан (арабтар Әму мен Сырдарияның арасындағы елді осылай атаған) ғұламалар мен ағартушылардың ғылыми кеңестеріне келушілер ғылыми жетістіктеріне таңырқай қарайтын бір ұрпақ  келеді.

..     ..    20      ..     ..

Сұлтандар мен хақандар батыстан да шы­ғыс­тан, алыс-жақыннан олардың қасиетті жеріне басын иіп, маңдайын табалдырыққа сәжде етіп құрмет ететін. Ол өзінің білімдарлығы мен шейхтар жолын жалғаушы ретінде Пайғамбарымыздың ізбасары болып табылатын. Оның алтын арқау тегі, әкесі жағынан атасы, арғы аталары Сыддыққа жалғасатын. Ал анасы жағынан әжесі, әжесінің әжесі Омар ибн Хаттабтан тарайды. Онымен қоса анасы Сайдтан (Мұхаммедтің отбасы мүшелерінен) тарайды. Оның қасиетті демі үзілгенде, халық­тың көз жасымен бірге оның мейірім, шапағаты қоса төгілгендей болды.

Бұл жазбаның айналасындағы жазбалар.

Ол (Ходжа Ахрар) қасиетті Құран түскен Рама­зан айында дүниеге келген. Бұл айдың құрметіне Алла Тағала бұл балаға Алланың құпия­ларын толысқан жарық айдай анық көретін қасиет дарытты. Алланың ғажайып нығыметі Құранда «Таң рауандағанға дейін жалғасатын (Қадыр сүресі), бұл түн мың айдан қайырлы» болған тағдыр айқындалатын ай. Бұл айдың сұлу қасиетін сезуге қабілетті жандар қорытындыға қол жеткізе алады.

..    ..      21  ..   ..

Тастың төменгі жағында тасқа парсы тіліндегі  өлең  қашап  жазылған:

895 жыл, сенбісінің түнінде,

Елші Ахмет бақиға аттанған айдың басында.

Ажалдың таза шәрбатының дәмін татыпты,

Қожа Ахрар Убайдулла.

Тағдыры жазылған тақтасын,

Ғасырға жеткізер жаңғыртып.

Амалы Аллаға жаққасын,

Дәрежесін көкке көтеріп,

Алланың дәргейіне бастасын.

Жиырма екі беттен тұратын кітапты толық аударғанымен, оқырманға соның бір парасын ғана ұсынып отырмын. Ұлықбек медресесіндегі, Шайбани хан, Ходжа Зуд Мурат, Ходжа Ысқақ мазарындағы жазбалар жайлы кейі­нірек қалам терберміз. Әзірше кітаптың он шақты бетін ықшамдап ұсынуды жөн көрдім.

Өлеңдерін қазақша еркін аударма жасауға тырыстым.

Аудармадағы Құран сүрелерінің қазақша мәтіні Халифа Алтайдың «ҚҰРАН КӘРИМ» қазақ­ша мағына және түсінігі кітабынан алынды.

Кітапты  қазақшаға  аударған

Жұмабай  БАЙЗАҚҰЛЫ,

Сырдария  ауданы

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: