Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ зиялылары өзінің түбіне өзі жеткен болатын

18.03.2024, 12:10 183

HALYQLINE.KZ

ХХ ғасырда қазақ халқы басынан небір қасіретті кезеңді өткізді, соның ішінде қазақтың қаймағы болып табылатын зиялы қауымнан түгелге жуық айырылып қалдық. Сталин басқарған кезеңде зиялы қауымды қынадай қырғанды көргеннен кейін, олардың орнын басқан зиялы қауымның жаңа буыны жасқаншақ болып қалды, олардың орнын басқан қазіргі зиялы қауым мүлде енжар болды. Себебі заң дегеніміз бір адамның басқаруына ыңғайлы болуы үшін өзгере салатынын біледі. Сонымен 1917 жылы большевиктер билік басына келгенмен, кең-байтақ қазақ даласына совет өкіметін толық орната алмай қалған себебі азамат соғысы басталып кеткен еді. Соғыс кезінде Қазақстанды басқару үшін революциялық комитет құру керек болды. Сол кезде қазақтың зиялы қауымымен ақылдасу үшін Ленин Москваға бір топ қазақтың бетке ұстар өкілдерін шақырды, олар Ә.Жанкелдин, А.Байтұрсынов, Б.Қаратаев, С.Меңдішев, С.Сейфуллин еді. Ленин күн тәртібінде қазақ өлкесін басқару үшін Казревком құрылатынын, оның басшысына кімді ұсынатынын сұрағанда, делегацияның ішіндегі жасы үлкені, кезінде Ресей Думасының депутаты болған Бақытжан Қаратаев орнынан тұрып: «Владимир Ильич, қазақ өлкесі кең-байтақ жерді алып жатыр, біздің басқа халықтан ерекшелігіміз, халық үш жүзге бөлінеді, оны басқару өте күрделі, әр жүздің адамы өзінің жағына қарай бүйрегі бұрып тұрады, сондықтан ревкомды басқа ұлт өкілі басқарғаны дұрыс» деді. Совнарком төрағасы Ленин таң қалды, ол бұл орынға өзі 1903 жылдан білетін, Швейцарияда эмиграцияда жүргенде танысқан большевик Ә.Жанкелдинді (шоқынғаннан кейінгі фамилиясы Степнов) ұсынбақшы болған еді. Мынадай күтпеген ұсынысқа қуанып кетіп, поляк Станислав Пестковскийді Казревком төрағасы қылып бекітіп жіберді. 1920 жылы 26 тамызда РСФСР құрамына кіретін Қырғыз АССР-ін құру туралы Декретке қол қойған Ленин қазақтардан сұрамай-ақ тағы да поляк В.А.Радус-Зинькевичті төраға қылып бекітіп жіберді. Міне, бірін-бірін басшылық қызметке жібергісі келмеген қазақы қызғаныш 1946 жылы Жұмабай Шаяхметов басқарғанша, Қазақстанның бірінші басшысы басқа ұлт өкілі болып келді.

Сонымен «ағайынның аты озғанша, ауылдасымның аты озсын» дейтін қазақпыз ғой. Бар бәле сол, Қырғыз АССР-і құрылған кезден басталды, өкімет басшысы поляк болған соң, қазақ зиялылары үкімет портфелі үшін таласты. Олар сол үшін жершілдікке салынып, топ құрып, бір-біріне саяси айыптар таға бастады. Алғашқы болып екі топ құрылды, бірінші «Кенжиншіл» тобының жетешісі Атырау облысынан шыққан Асфендияр Кенжин (1887-1938) 1921 жылы А.Байтұрсыновтың орнына Ағарту наркомы, сосын Сауда наркомы болды, топта Мұхамедхафиз Мырзағалиев, Смағұл Сәдуақасов, Сақыпкерей Арғыншиев, т.б. болды. Екінші топ «Меңдішевшілер» тобының жетекшісі Сейітқали Меңдішев те (1882-1938) батыс өңір Бөкей ордасынан еді, топта Абдулла Асылбеков, Нығымет Нұрмақов, Әбдірахман Әйтиев, т.б. болды. Бастапқыда «Кенжиншілер» жеңіске жеткендей болды, құрамындағы С.Арғыншиев 1920 жылдың тамыз-қыркүйек айында, М.Мырзағұлов 1921 жылдың қыркүйек-1922 жылдың қыркүйек айлары аралығында үкімет басшысы болды. Алайда жетекшісі Асфендияр Кенжин алашордашыл ретінде большевиктер партиясынан шығарылған соң, қайта билікке келген жоқ. Қазревком төрағасының орынбасары болған Сейітқали Меңдешев 1920 жылы Қырғыз АССР-нің Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болды, оның қолында үкімет құрамын қайта құратын құзыреті болғанмен, бұл қызметте көп істей алған жоқ. Себебі бұдан кейін тартысқа «Сейфуллиншіл» мен «Қожановшылар» қосылды, оларды бұл үшін айыптауға болмайды, олар да совет өкіметінің орнатылуына өз үлесін қосқан болатын, әсіресе сұңқар ақын Сәкеннің еңбегі зор болды. Бірінші топты Сұлтанбек Қожанов (1894-1938) басқарды, Түркістан республикасының басшысы болған оны 1924 жылы Қазақстанға шақыртып, Қазақстандағы большевиктер партиясының екінші хатшысы қылады, іс жүзінде екінші адам болды. «Қожановшылар» тобында Санжар Асфендияров, Дінше Әділов, Ораз Жандосов болса, «Сейфуллиншілер» тобының басшысы Сәкен Сейфуллин (1894-1938) болды, топ құрамында Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, басқа топтан шығып қосылған А.Асылбеков, т.б. болды. Сәкен Сейфуллин 1922 жылғы қыркүйектен 1924 жылдың қазан айына дейін совнарком төрағасы болды. Cәкен үкімет басшысы болған кезде елімізге Қазақ атауын қайтаратын Декретке қол қойды, Ленинді жерлеу үшін Москваға үкіметті басқарып барды, қазақтың қыздарын қалыңмалын төлеп тоқалдыққа алуына тыйым салды. Сосын Сейітқали Меңдішев ҚазЦИК-тің төрағасы болып тұрғасын Сәкеннің орнына Нығымет Нұрмақов үкімет басшысы болды. Міне, мұның артында ұйқысыз өткізген айтыс-тартыс тұрды. Бір топтың екінші топты қаралайтын диспут, қаралайтын мақалалар мен арыз-шағымдар есепсіз жазылып жатты. Әрқайсысы бірінің артын бірі қазбалап, жау қылып көрсету үшін ВЧК-ОГПУ-НКВД-ге жасырын ақпар (донос) жазып жатты. Кейін осы жазғандары алдарынан шығып, бәрі тұтқынға алынған кезде осы доностары Қылмыстық Кодекстің атақты 58-бабына жатқызылып, жоғарыдағы мен атап көрсеткен азаматтардың барлығы «халық жауы» ретінде атылып кетті. 1937-1938 жылдары екі жыл ішінде, қазақ зиялылырының 120000-ы тұтқындалып, оның 25000-ы атылып кетті. Осынша оқыған зиялы қауымды құрту онша қиынға түспеген себебі Қазақстандағы орган басшылары болған Роденс пен Залин Москвадағы ОГПУ мен НКВД басшыларына қазақ зиялыларының арасындағы саяси ахуал туралы ақпараттық-сараптамалық бюллетень жіберіп тұрған болатын.

Үкімет басшысы болып тұрғанда, Москваға барған соңғы сапарында Сәкен Сейфуллиннен НКВД басшысы Николай Ежов: «Сендер қазақтар бірі-біріңді қаралайтын доносты неге көп жазасыңдар?» деп сұраған болатын. Айтыс-тартыстан шаршап жүрген Сәкен не десің, үбідей бәледен үндемей құтылды. Сол кезде-ақ, өзіміздің Семейдің Губкомынан қызметі көтеріліп кеткен сұмырай жерлесіміз Ежовтың қолында Сәкенді қаралайтын «компромат» бар екен ғой. Қазақ зиялылырының топ-топқа бөлінуін кейін олар өздеріне шебер пайдалана білді. Қазақ зиялылыларының топқа бөлінуі, әр топ билікке келсе қазақ халықының жағдайын жақсарту үшін өздерінің ойға алған ісін іске асырмақшы болды. Олар оны бірігіп істеуіне де болатын еді, бірақ ауызбіршілігі болмады. «Бөлінгенді бөрі жейді» деген рас болып шықты.

Қазақ зиялыларының бар арманы, қазақтың басқа халықтармен терезесі тең болып өмір сүруі үшін қызмет етті. Ахмет Байтұрсынов ақын, әдебиетші, ағартушы, лингвист-ғалым еді. Оның Әліппесімен қазақ балалары қазір де сауатын ашуда, тек халқым деп соққан алып жүрек иесі, бар өмірін халықына сарп етіп, кеш үйленгендіктен артында ұрпақ та қалмады. Жасы 65-ке келгенде тұтқындалып, ұрып-соғудың небір түрінен денесін көтере алмай жатқанда жазған мына соңғы өлеңі адамды бейжай қалдырмайды:

Не жазып ем,

Құдай-ау, мен қазаққа,

Мұбтала ғып салғандай бұл азапқа?!

Адамшылық есебіне кірісіп,

Қолы жетсін дегендік пе азатқа?

«Ұры қашықтан келмейді» деген қанатты сөз сияқты, «жау да қашықтан келген жоқ».

Қинамайды абақтыға жапқаны,

Қиын емес дарға асқаны, атқаны.

Маған ауыр осылардың бәрінен,

Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны.

«Ауруын жасырған өледі» деген сөз растығын өмірдің өзі көрсетті, қазақ зиялы қауымының ауызбіршілігінің болмауы қазаққа сұмдық қасірет әкелді, егерде оқығын зиялы қауым бір болғанда, қазақтың тең жартысын жалмаған аштық та болмас еді, иесі жоқ үйді әркім билеп кеткенін көрдік және көріп келеміз. 1920-1930 жылдардағы қазақ зиялы қауымының алауыздығын Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында, Сәбит Мұқанов өмірбаяндық «Есею жылдары» кітабында жазды, екі кітап та таптық тұрғыдан жазылса да, көп дерек алып, ой қорытуға болады.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: