Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кітап пен кітапханалар тарихы

23.04.2026, 6:00 54

Қоғамымызда электронды ақпарат құралдары, басқа да көздері көбейгенімен, кітаптың орны қашанда бөлек. Кітаптың өмірдегі, қоғамдағы қажеттілігін айтып жеткізу мүмкін емес. Данышпан Абай «Артық білім – кітапта, ерінбей оқып көруге» дейді. Білім бұлағы – кітаптың қастерлі қасиетін таныған Шығыстың жарық жұлдызы Әлішер Науаидің мына сөзін еске алар болсақ: «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына». Кітаптың құдіретін паш етеміз, ал сол кітаптың өзін қайдан аламыз? Қызықты ақпараттар және тың мәліметтермен қайда танысамыз? Әрине, білімнің қайнар бастауы болып саналатын кітапты сақтайтын, жинақтайтын, оны оқырманына жеткізетін қасиетті орын – кітапхана.

Төменде кітаптар мен әлемдегі ең таңғажайып кітап­ханалар  туралы  қызықты  деректер  топтамасын  ұсынамыз.

Әлемдегі алғашқы кітапхана 8000 жыл бұрын пайда болған. Ежелгі Месопатия тұрғындары тақтайшаларға балшықты жіңішке «сына» деп аталатын таяқшалармен жазған екен. Осы тәсілмен «сына жазуы» танымал бола бастады. Тақтайшаларды күйдіріп, олардың ішіндегі ең бағалыларын бұзылып кетпес үшін арнайы конверттерге салып қойған. Археологтар үлкен сарай­ларда тақырыптарына байланысты іріктеліп сақталған осындай конверттердің біразын тауып алған. Осы кезден бастап кітапхана тарихы­ның  алғашқы  беті  ашылған.

Ең танымалы – ежелгі Мысырда орналасқан Александрия кітап­ханасы. Онда Аристотель және Евклид сияқты ұлы ақындар оқыды. Өкініштісі сол, қазір ол жойылып кеткен. Онда 200000 шиыршық қағаз  және  700000  жазба  сақталған.

Әлемнің  екінші үлкен білім бұлағы – Отырар  кітап­ханасы Шыңғысхан шапқыншылығы  кезінде жоғалып  кетті.  Бұрын  Фараб аталған бұл қаладан тек  ислам  әлеміне емес, күллі дүниежүзіне аты мәшһүр, әлемдік ғылымға сүбелі үлес қосқан оқымыстылар шыққан-ды. Мұнда ежелгі сына жазуымен жазылған туындылар мен папирус орама қағаздарынан бастап, ортағасыр­лық Еуропа, Араб және Қытай ғалым-оқымыстыларының шығармаларына  дейін жинақталған. Міне, осындай кітап қоры өте бай кітапхана 1218 жылы пұтқа табынушы шапқыншылардың табанына тапталды. Отырар кітапханасы ата-бабамыз мекен еткен алып аймақта ілім дәнін сепкен киелі жер бол­ғаны ақиқат. Көптеген мұсылман ғұламаларының еңбектері арқылы Отырар  кітапханасы  біздің даламызға ислам дінінің  таралуына  өз  үлесін  қосты.

Йельс университетіндегі сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар бар Бейнеке кітапханасы 1963 жылы қаланған. Ғимарат­тың  қабырғалары  мөлдір мәрмәрден жасалған. Бұл – сирек кітаптар мен манускриптерді сақтауға арналған  әлемдегі  ең  үлкен  кітапхана. Мұнда бүгінде 11 миллион кітап бар, соның ішінде Гутенберг  Библия­сының  48  данасы  сақталған.

Прага қаласында орналасқан Страговск монас­тырының кітапханасы 1149 жылы қаланған. Мұндағы ең көне кітаптар ХІІ ғасырға жатқызылады. Бүгінгі күні кітапхана мұрағатында 130000 кітап, 1500 мерзімді баспасөз, 2500 қолжазба және бірнеше мың графикалық жазбалар  сақталған.

Әлемдегі ең ежелгі кітап Присс папи­рустары саналады. Ол б.з.б 3350 жылы жазылған. Бұл қолжазба оны 1839 жылы Фивадан тапқан Эмиль Присстің құрметіне осылай аталған. Қолжазбаның авто­ры – пер­ғауынның уәзірі Пта-Готеп. Ол қолжаз­бада жастардың тәрбиесіздігіне, ақымақ­тығына,  мінез-құлықтарының  өзгер­геніне  налыған.

Осыдан 1000 жыл бұрын өмір сүрген парсы визирі Абдул Кассим Исмаил қайда барса да әрдайым өзімен бірге жеке кітапханасын алып жүргендіктен даңққа ие болған. Бұл – өте қызық­ты факт, оның кітапханасы 117000 кітапты қамтып, алфа­виттік тәртіппен сұрыпталған кітаптары 400 түйеден тұратын керуенге тиеліп жүрген.

Кітапханада кітаптарды жіктеу жүйесін Ежелгі Қытайда ойлап тапқан. Бір кездері кітапханаларда барлық кітап түбірімен сырт­қа  емес,  ішке  қойылған.

Қазіргі  уақытта  әлемдегі  ең  үлкен кітап «Бұл – Мұхаммед (с.ғ.с.)» деп аталады. Оның салмағы 1,5 тонна  шығады. Кітап  429  беттен тұрады. Оны 9 ай  бойы 50  адам  жасап, 2,7 миллион  доллар  жұмсаған.

Әлемдегі ең үлкен электронды кітапхана – Конгресс кітапханасының жобасы саналатын Дүние­жүзілік сандық кітапхана. Цифрланған кітаптар  көлемі – 15  терабайт.

Қазіргі заманғы кітапханаларда 130 миллионға жуық түрлі кітап сақталған. Дана емес, 130 мил­лион туынды (басылымдар) бар. Кітаптарды данамен  есептегенде   әлдеқайда   көп  дана.

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: