Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда бас қалаға қалай айналды?

30.03.2023, 10:00 158

Тарих – сан ғасырлар бойы беті ашылмаған құпиялар мен сырларды бүгінгі жаңа дәуірге қайта жасақтаушы, өткен мен бүгіннің арасындағы ашық диалог көрінісі. Біз ұлан-ғайыр кең атырапта өмір сүріп келеміз, демек біздің аса құнды тарихымыз бен өткеннен бүгінге өсиет етер мол мұрамыз бар. Шаң басқан архивтегі құнды деректерді жаңа буынға жеткізе отырып,  тарихтың жаңа парақтарын аша түсеміз.

Сыр өлкесі – адамзаттың өмір сүруінің әр кезеңінде төрт астана бой көтерген қасиетті мекен. Еліміздің тарихындағы алғашқы егіншілік мәдениеттің ірі ошағы қала мәдениеті мен қорғаныс жүйесі дамыған, өзіндік жерлеу құрылыстары мен ғұрыптары арқылы ерекшеленетін аймақтардың бірі. Бұл жерде ең алғашқы б.з.д. II-IV ғасырларда Арал маңында қанатын жайған Шірік-Рабат қаласы, одан кейін IX-XI ғасырларда Сырдың төменгі ағысында өмір сүрген Оғыз мемлекетінің астанасы Жанкент қаласы, қазақтың алғашқы мемлекеті Ақ Орданың астанасы болған (б.з.б. 982 жылы) Сығанақ қаласы, соңғы рет 1925-1929 жылдары кеңес дәуірінде астана болған Қызылорда қаласын айтамыз. Біздің бүгінгі мақаламызда дәл осы кезеңдегі қала тұрғындарының күнделікті өмірі, олардың денсаулық сақтау жүйе­сіне қолжетімділігі мен халықтың экономикалық-тұрмыстық жағдайы туралы сөз етпекпіз.

Мемлекет ісінде жүрген қайраткерлер Ақмешіт қаласы шағын, әрі техникалық-инфра­құрылымдық жағынан әлсіз деп танып, астана болуына түбегейлі қарсы болған. Бірақ ел астанасына байланысты ұстанымдар мен қақтығыстарға нүктесін қойған Мәскеу болды. Мәскеу ел астанасы ретінде Ақмешітті қолдады. Себебі Ақмешіт қаласы Орынбор-Ташкент магистралы бойында орналасқан, сондай-ақ республика құрамына жаңадан енген Сырдария және Жетісу облыстарын әкімшілік тұр­ғыдан игеру мүмкіндігіне ие болатын. Қала (1922 жылдың қыркүйек айына дейін Перовск, 1925 жылдың сәуір айынан бастап Қызылорда) 1922 жылғы санақ бойынша бар-жоғы 9993 халқы бар шағын ғана қала болатын. Ал осынау экономикалық-саяси ахуалы орташа, халық саны аз, табиғаты да экологиялық апат аймағы саналатын өңірдің елдің бас қаласына айналуы Сыр өңірінің дамуына тікелей ықпал етті.

Өздеріңіз білетіндей, кез келген өрке­ниетті қоғам, ұлт алдымен халқының денсау­лығын ұдайы бақылауда ұстайды. Мәселен, 1925 жылы Қызылорда қаласының өзінде ұлттық аурухана, қаланың тазалығын қадағалау үшін құрылған санитарлық бақылау меке­месі, туберкулездік диспансер, орталық амбулатория, тері ауруларын емдейтін аурухана, балаларға кеңес беру бөлімшесі, санитарлы бактериологиялық лабораториясы сияқты емдеу, сауықтыру орындары жұмыс істеген. Қала тұрғындарының күнделікті өмірі, олардың денсаулық жағдайы мен әлеуметтік мәселелері зерттеушілердің назарынан тыс қалмайды, себе­бі сол арқылы жалпы тарихи, саяси жағдайды айқындау арқылы сол қалада өмір сүретін адамдардың жай-күйін, олардың мемлекетке, билікке көзқарасын айқындауға мүмкіндік  аламыз.

Қала тұрғыны

Дәл осы тақырыптарды кеңінен қозғап, әлеуметтік мәселелерін талдап көрсеткен оқулық­тар да аз емес. Атап айтсақ, А.Мухи­мов, М.Кереев, Ы.Қалиев, Н.Мыңжасов, Ж.Әлиев, А.Айдосов және М.Жетпісбаевтың «Алаштың Ақмешіті» және Б.Досмамбетов пен М.Кереев­тің «Қызылорда» атты еңбектерінде талданып  жазылған.

Қызылорда ел астанасы болып тұрған жылдары қала құрылысына қатысты туындаған сұрақтар, қала келбетін оның мәртебесіне лайық­тандыру жұмыстарына тұрғындар белсенді түрде қатысты. Ал өз кезегінде қала тұр­ғындарының белсенділігі өздері мекен еткен шаһардың шырайын кіргізуге көп көмегін тигізді. Қала ел астанасы болғаннан кейін респуб­ликаның әр өңірінен халықтың көптеп келіп қоныстануы, қала халқының саны ішкі миграцияның өсуіне алып келді. Бұл жағдай денсаулық сақтау саласына салмағын түсірді. Денсаулық сақтау саласының жұмысын жүйелендіру, қажетті кадрлармен қамтамасыз ету, жаңадан көп орынды ауруханалар салу, халыққа сапалы медициналық көмек көрсету сынды мәселелер үкімет  тарапынан  жіті  назарға  алынды.

Қала көшелерінде ойнап жүрген балалар

Қала ел астанасы болған 1925 жылға де­йін білім сапасы да сын көтермейтін жағдайда бола­тын.  Шаһарға жаңа орталықтың көшіп  келуі білім беру ісіне көңіл бөлініп, жұмысының ілгерілей бастауына түрткі болды. Мектептер саны өсіп, қала тұрғындары жоғары білім алуға мүмкіндік алды. Мектептер мен жоғары оқу орындарында қоғам, мемлекет қайраткерлері  дәрістер  оқыды, білім ордаларының мате­риалдық-техникалық  базасы  нығая  түсті.

Дәл осы кезеңдерде Қызылорда қаласында республикалық маңызы бар елеулі оқиғалар өз бастауын алды. Республикамызда алғашқы болып Қазақ театры құрылуының өзі аймақ­тың мәдени өмірінде маңыздылығы орасан зор оқиға еді. Сонымен қатар, болашақ қазақ халқының зиялы қауымы, жазушылар, ғалым­дары Қазақстанның Қызылорда қаласының астаналық кезеңінде қалыптаса бастады. Сондықтан 1925-1929 жылдар аралығы Қызылорда қаласының саяси орнының айшықталып, қала мәртебесін кеңейтудегі маңыздылығы өте ерекше.

Бұл мәліметтер PhD докторы Ерланбек  Жалмағам­беттың  докторлық диссертациясы негізінде өңделіп, жазылды. Мұндай дерекқор әрбір Сыр перзенті үшін өте құнды. Себебі туған қаламыздың бір кездері ел астанасы болған уақыты қала үйлерін жөндеу, көше жолдарын, электр желісін жүргізу, басқа да сол секілді қала ділгеріне керек қыруар жұмыстар атқарылған  кезеңмен  тұспа-тұс  еді.

Алтын  СӘДІРҚЫЗЫ,

Қызылорда  қаласының  тарихы  музейінің  қызметкері,  экскурсоводы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: