Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Майдангерлер достығы

26.04.2024, 8:00 86

HALYQLINE.KZ

Берден Әбілдаев 1924 жылдың 20 наурызында Қазалы ауданындағы Бозкөл ауылында тұратын шаруалар Әбілда Айекешов пен Асыл Жиенқожаеваның тұңғышы болып дүниеге келді. Соғыс басталған жылы 17 жастағы Берден мектепті бітіріп, ауылдағы шаруашылықта жұмыс істеді. 1942 жылы жасы жеткен соң соғысқа шақырту қағазын алды. Орта білімі болғандықтан танкистер даярлайтын қысқамерзімді курста оқып, танк экипажының радисі болып майданға аттанды.

1942 жылы Қызыл армияның шегіне отырып ауыр шайқастар жүргізіп жатқан кезі еді. Осындай ауыр шайқаста істен шыққан танкісін тастап, өз әскеріне қосыламын деп жүргенде ормандағы партизандарға қосылап, солардың құрамында жаумен шайқасты. 1944 жылы Украина жаудан азат етілгенде, Берден қажетті әскери маман ретінде танк экипажына радист болып қабылданды. Әрине, бірден қабылданған жоқ, ол кезде жаудың қол астында қалған халық пен партизандарға сенімсздік көрсетіліп, НКВД-ның ерекше бөлімінің қатты тексеруінен өтетін. Қажетті мамандар жедел тексерілсін деген нұсқауға сәйкес соған ілігіп, маршал И.С.Конев басқарған І Украин майданындағы генерал Д.Д.Люлещенко басқарған 5-ші танк армиясындағы гвардиялық полкінің экипажына алынды. Осы экипаждағы танк жүргізушісі украин жігіті Сергей Ковальчук пен танк радисі қазақ Берден Әбілдаевтың өмірлік достығы басталды. Украина толық азат етілген соң екі достың танк экипажы 1945 жылдың 17 қаңтарында Варшава қаласын азат етуге қатысты. Германия жеріне өту үшін Одер өзенінен өтулері керек болды, «Алынбайтын қамал» деп атаған фашистердің бөгетін бұзу үшін қалқымалы сал үстіндегі екі достың экипажы үздіксіз оқ жаудыра отырып, жау бекінісін бұзып жарып өтті. Одер өзенінен өту операциясына қатысқан Берден мен Сергей, Т-34 экипажының командирі мен оқ атушысы да «Қызыл жұлдыз» орденін алды. Екі достың Т-34 экипажы 1945 жылдың 30 сәуірінде Берлиндегі соғыстың соңғы ордасы Рейхстаг алдына келіп тоқтады. Берлин операциясына қатысқаны үшін Т-34 экипажы «Ерлігі үшін» медальмен марапатталды. Соғыс аяқталса да Берден мен Сергей Лейпциг қаласындағы №695 танк полкінде әскери қызметте 1947 жылға дейін болды. Берден мен Сергейдің достығы өмірінің соңына дейін ұласты. Сергей Ковльчук өзінің туған қаласындағы Чернигов педагогикалық институтының тарих фаультетін бітіріп, жоғары оқу орнында оытушы болды. Кейін Киев қаласына ауысып, ғылыми жұмыспен айналысты, өзінің қазақ досы Берденмен хат алысып тұрды. Жеңістің 25, 30, 35 жылдығына байланысты Киевке шақырып, майдандастарымен кездесіп тұрды.

Берден Әбілдаев Қазалыға келген соң 1947 жылдың 23 тамызынан бастап №7 «Ақөзек» бастауыш мектебінде мұғалім болды. 1950-1955 жылдары Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының тарих факультетін сырттай оқып бітірді. 1954-1958 жылдары №100  Кеңтүп мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, 1958-1960 жылдары Майлыбас ауылдық округіндегі мектеп директоры, 1960-1967 жылдары аудандық партия комитетінде, Абай ауылында партком болды. 1967-1973 жылдары Қазалы станциясындағы №43 жұмысшы-жастар кешкі мектебінің директоры болды. 1973 жылдан бастап Қазалыдағы №70 мектепте тарих пән мұғалімі болып абыройлы қызмет істеп, 1984 жылы зейнеткерлікке құрмет көрсетіліп шығарылды.

1985 жылы Жеңістің 40 жылдығына орай Киевтегі ғалым-досы Сергей Ковальчуктен шақыру қағазын алды, алайда денсаулығына байланысты бара алмағанына көпке дейін өкініп жүрді. Үлкен жүректі абзал азамат, ардақты ұстазым Берден Әбілдаев 1986 жылдың 4 сәуірінде қайтыс болды.

… Бақытым қайда деме – жан-жарыңда,

Базарым қайда деме – балаларыңда.

Ажарым қайда деме – таң нұрында,

Ажалым қайда деме – тағдырыңда.

Шырағым қайда деме – Шаңырақта,

Тұрағым қайда деме – қабір жақта,

Жұмағым қайда деме – Тәңір жақта.., – дегендей, Берден ағайдың жары Раушан анамыз екеуі сегіз баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп адам қатарына қосты. Үлкен қызы Жазық пен Оңдасын әке жолын жалғастырып ұстаз атанды. Әділ – Байқоңыр қаласында су шаруашылығы мекемесінде инженер, Бектөре – әскери қызметші, Жантөре – теміржол инженері, Роза – дәрігер, Мира да – инженер, Жанат – заң қызметкері.

Қазақ пен украин жігітінің соғыс кезінен басталған достығын көпшілік білсін деп жаздым.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

ҚР  Журналистер  Одағының  мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: