Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Психколония туралы не білеміз?

26.10.2023, 9:40 366

Сырдария (Тереңөзек) ауданы көлемінде, кезінде Қараөзек каналының оң жағалауында Қараөзек ауылынан әрі он екі шақырымдай жерде, уақытында бүкілодақтың астанасы болған Мәскеу қаласына тікелей бағынышты Психколония атты елді мекен болғанын біреу білсе, біреу  білмес.

Бүгінгі таңда осы елді мекен орнын күзетіп, қай кезеңде егілгені белгісіз бірнеше өсіп тұрған қара­ғаш тіршілігін тоқтатпай, кезінде осы орында үлкен елді мекен болғанының куәсіндей болып тұр. Егер осы ағаштарға тіл бітіп сөйлер болса, бізге беймәлім сандаған қилы  тағдырлы жандардың азапты өмірінен  сыр  шертер  ме еді?

Ел ауғанда бұл елді мекеннің негізі сонау Патшалы Ресей заманында қаланғаны туралы айтылады. Рас болса, Ресей мемлекетінің белгілі бір қылмыскерлер тобын климаттық ахуалы аса қатал осы өлкеге жер аударған деседі.

Осы елді мекен тұрған жерден дариядан саға алған үлкен өзек, сандаған шақырымдық жерді орай өтіп, қаншама гектар жер көлемін алып Қараөзек каналына қайта құйғанда ортада үлкен арал пайда болған. Осы өзектің алдыңғы жағынан тосып байлап, тіке қатынасқа жол салынған. Патшалы Ресей билігі қылмыскерлерді осы жерде қылмыстық мерзімі біткенше ұстаса, мерзімі біткендерінің кейбірі үйлі-жайлы болып осында қалғандары да болыпты. Бұл жерде тұтқындар дариядан су алып, кендір егумен айналысып, одан шаруа­шылыққа қажетті кендір арқан, үлкен қанар қаптар жасаумен  айналысыпты.

Патша үкіметі құлап, билік басына Кеңес үкіметі келу қарсаңындағы аласапыранды кезең ешкімнің есінде қалмаған. Қалғаны қалып, қалмағаны азамат соғысына қатысқан  шығар, оны  кім  біледі?

Кейін Кеңес үкіметі орнығып, өз-өзіне келе бастағанда осы орынды қайта қолға алып пайдаланса керек. Дария мен өзен арасындағы ішкі бұрыштан ұзын бір көше жасап, бірнеше ұзын төрт барақ үй құрылысын жүргізген. Ол барақтарда мекемеде еңбек ететін қыз­меткерлер отбасымен тұрған. Осы барақтың ту сыртынан, бірнеше метр әрі үлкен көлемде айна­ласы биік дуалмен қоршалған ауру­ларға арналған  жабық казарма үлгісін­дегі корпустар салынған. Алғашында саны төрт корпус болса, оның екеуі ерлерге, екеуі әйел­дерге арналған. Кейіннен құрт ауруы­на шалдық­қандарға арнайы бір корпус салы­нады. Алғашында бұл мекеме тұрған аралда тұрғы­лықты  халық  болмапты.

Осы мекеменің шаруашылық бөлімі, яғни ат, өгіздерді күтіп баптайтын мал қоралар арал сыртында орналасқан. Осы малдарды қарау­ға жергілікті халықтан шыққан жұмысшылар еңбек етсе, негізгі қызметкер, дәрігерлер қауымы барлығы дерлік Мәскеуден таға­йындалып келетін. Олар да белгілі бір мерзімге келіп, мерзімі аяқталысымен қайта кетіп отырған. Осыған қарағанда осы дәрігерлер қауымы да жер аударылған секілді.

Ал 1943-44 жылдары осы мекен соғыстан бастап жарақат алғандар, яғни контузияға ұшырағандарды емдейтін болған. Бұл жерде кейбір жоғары шенді әскерилер ем алғанымен, олар ешқашан емделіп тәуір болып шықпаған. Қайтыс болса осы жерде арнайы орынға жерлеп отырған. Осы кезеңде Қызыл­орда қаласынан да орта буын дәрігерлер қызмет ете бастаған.

Сталин кетіп, елде шамалы жылымық сезіле бастағанда дария­ның арғы бетіндегі колхоздан көшіп келушілер өзектің сыртқы жағына келіп қоныстана бастаған. Бұл мекеме тікелей одаққа қарасты болғандықтан, еңбекақы төлеу колхоздарға қарағанда тәуір болған.

Алғашында өзектің аяқ жағында сыртқы жағалауында теңіз аумағында болатын Лепро ауруымен ауырған жандардың балаларын ата-анасынан бөліп тәрбиелейтін балалар үйі, қашан мектепті біті­ріп азамат болғанша осы балалар үйін­де болған. Бұл балалар сырт­қы өмірден тыс, барлық тіршілігі қоршаулы корпус үйінде өтетін. Кейіннен ел адамдары үшін дүкен, кино клубы, төрт кластық мектеп қызмет  көрсеткен.

Қуғын-сүргін науқаны толық аяқталып, заман тыныштала бұл психколонияға Мәскеуден басқару тоқтатылып, соңында 1974 жылы бұл мекеме жұмысын толық тоқтатып, Қызылорда есі ауысқандар мекемесіне  барып  қосылады.

Жергілікті халық жан-жаққа көшіп кетті, мекеме орындары төбешікке айналып, бар құпиясын ішіне бүгіп жатыр. Мен жұрттан естігенімді қағазға түсірдім, мәлімет білетіндер болса әлі де ел тарихын толықтыруға үлестерін қосар деймін. Келешек жастар осы бір құпиялы мекеме сырын ашу үшін архивтік құжаттармен айналысып, шындық бетін ашар деп ойлаймын.

Жәнібек  МАХАНБЕТ,

ҚР  Мәдениет  саласының  үздігі,  өлкетанушы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: