Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Матросовтың ерлігін қайталап, тірі қалған қазақ батыры

27.10.2023, 9:00 207

HALYQLINE.KZ

Бұл батыр туралы алғаш рет сонау сексенінші жылдары «Лениншіл жас» газетінде Мейірхан Ақдәулеттің мақаласын оқығаннан кейін білдім. Ол кезде бұл мақала үлкен сенсация туғызды, кейбіреулері мүмкін емес десе, екіншілері оқ жүрегіне тимей өкпесін тесіп кетсе, аман қалуы мүмкін деп жатты. Сонымен батырымыз Сабалақ Оразалинов 1925 жылы Шығыс Қазақстан облысының Аякөз ауданында дүниеге келген, қазақ халқының басынан өткен 1931-1932 жылдардағы аштық кезінде ата-анасынан айырылып қалған Сабалақ балалар үйінде тәрбиеленеді. Соғыс алдында Аякөз депосында еңбек жолын бастайды, 1942 жылы он жеті жасында өз еркімен майданға сұранып қоймаған соң, Ашхабад қаласындағы мергендер даярлайтын оқу орнына жіберіледі. Оқуын бітіргесін 131-дивизиясының 482-ші полкі құрамында совет жерін жаудан азат ету шайқастарына қатысып көзге түскендіктен ефрейтор шенін алады.

1944 жылдың 18 қарашасында Эстонияның Моонзун архипелагіндегі Саарема аралының Каимри деревнясы үшін кескілескен шайқас болады, дзотқа бекінген фашистер оқ жаудырып қарсы шабуылға мүмкіндік бермейді, сол кезде аға лейтенант Климов ефрейтор Сабалаққа дзотты жоюға бұйырық береді. Екі ауыр гранатаны беліне қыстырып алып, жер бауырлап алға қарай жылжып кетеді, жау байқаса тоқтап, қайтадан алға жылжи түседі, не бәрі 150 метр-ақ жер жеткізе қоймайды. Граната лақтыратын қашықтыққа жеткен бойда бір гранатаны лақтырады, жау шамалы уақыттан кейін қайтадан ата бастайды, сол кезде оң иығынан жараланғанын біледі, не де болса ет қызуымен үлгерейін деп екінші гранатаны да лақтырады, тоқтап қалған дзот нүктеден тағы да оқ жаудырып, бүкіл ротаны тырп еткізбейді. Сол кезде көзі қауратып кеткен Сабалақ бар күшін жинап дзоттың шағын ғана көзіне атылып барып кеудесімен барып жауып жата қалады, арғы жағы есінде жоқ. Пулемет атуын тоқтап қалғанын көріп тұрған рота атойлап қарсы шабуылға шығып, дзотты жарып, арғы жағына бекінген 200 солдаттың көзін құртады.

С.Оразалинов Таллин госпиталінде 15 күннен кейін барып қана есін жинайды, барлығы 12 оқтың екеуі иығына, қалғаны өкпесін тесіп шыққан екен, тек 1-еуі алынбай өмірі бойы денесінде қалып қойды. Ленинград госпиталінде бір жыл бойы емделіп, еліне қайтарылды. Соғыс кезінде Матросовтың ерлігін 300 адам қайталаса, соның 6-ауы тірі қалыпты, соның бірі қазақ Сабалақ Оразалин еді. Сабалақтың ерлігі жасалынған жерге есерткіш тақта орнатылып, ерлікпен қаза тапты деп жазылып қойған екен. Матросов ерлігін қайталап қаза тапқан қазақ Оразалиннің ерлігі сол кездегі дивизиялық «За Отчизну» және армиялық «Ленинский путь» газетіне жазылғанмен, майданның әскери кеңесі батыр атағына ұсынған жоқ. Қазақ батыры 35 жыл бойы өлдіге саналып келді, тек 1980 жылы қазақ телевидениесі деректі фильм түсіріп, оны Москвадағы орталық телевидениесінен көрсеткеннен кейін ғана, батырдың тірі екенін көріп, майдандастарының сөйлегенін көріп қана оның Матросовтың ерлігін жасағандардың тізіміне қосты. Осы деректі фильмнің әсерімен Эстония мен Ленинградта тұратын, ерлігін көзімен көрген қаруластары жоғары жаққа оған Совет Одағының батыры атағын беру туралы бірнеше рет өтініш жазғанмен, ол да жауапсыз қалды. Батыр атағының берілмеуінің басты себебі тірі қалуында еді.

Соғыстағы ерлігі бағаланбаған Сабалақ батырымыз Жеңістің 40 жылдығына байланысты барлық ардагерге берілген ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденін алып, қанағат тұтты. Қанағат тұтты дейтін себебім, ол соғыстан аман келіп үйленіп, өмірге жеті бала әкеліп, қатарға қосқан болатын. Бір ұлын барша қазақ жақсы таниды деп ойлаймын. Асқар Сабалақұлы Оразалинов Қазақ ССР-нің су добы командасының капитаны, екі рет СССР чемпионы, әлемнің күміс жүлдегері атанған белгілі спортшы, нарық заманы келген тоқсаныншы жылдары спорт саласы тоқырап қалғанда Венгрия, Голландия, Испания құрама командасының сапында ойыншы болды. Соғыстан соң батыр ағамыз Сабалақ Оразалинов Аякөз депосындағы жұмысын жалғастырды, теміржол жұмысы ауыр болғандықтан, Алматы шай фабрикасына ауысып құрметті зейнетке шықты, 1988 жылы қайтыс болды.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Сурет  ашық дерекөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: