Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Батыр атағы берілмеген батыр

20.10.2023, 9:20 268

HALYQLINE.KZ

Совет-герман соғысының атақты батыры Даян Баянұлы Мурзин Башқұртстанның Балықты ауылында 1921 жылдың  20 қаңтарында дүниеге келді. Батырдың ерлігін өз елінен гөрі шетелдіктер жақсы біледі, соғыс кезінде сол жақтағы Қарсыласу майданында бригада командирі болған еді. Гитлер оның басына 2 млн марка тікті, неміс жұмысшысының жалақысы 100 марка болатын, осыдан-ақ оның фашистер үшін қандай қауіпті адам болғанын білуге болады. Партизан отрядын басқарған кезде 4000 фашистің көзін құртып, техника мен қару-жарақ тиелгін 60 поезды жарып жіберді. Генарал Мюллерді тұтқынға түсіріп, өміріне кепілдік беріп, өзі тергеп, өте құнды деректі Москвадағы барлау орталығына жіберді. Соңғы әскери шені майор болса да, жау оны «Қара генерал» деп атады.

Соғыс алдында педучилищені бітіріп, ауылындағы бастауыш мектеп директоры болып қызмет істеп жүргенде 1940 жылы Қызыл Армия қатарына шақырады. Сауатты әрі дене бітімі бойшаң жас жігітті Рига қаласындағы әскери училищеге оқуға жібереді, 2 жылдан соң соғыс басталуына екі күн қалғанда 19 маусымда жас лейтенант взвод командирі болып шекара заставасында әскери қызметін бастайды. Таңертеңмен жау бомбылағанда, өз взводын аман алып қалу үшін орманға барып паналайды, заставаға барайын десе, винтовкамен танкіге қарсы не істей алады? Соғыс тәсілін өзгертіп, партизандық қимылға көшеді, бірінші рет көпір үстінен өтіп бара жатқан жау жүк машинасына шабуыл жасап, 7 немісті өлтіріп, қару мен азық-түлікке ие болады, кейін орманда бытырап жүрген қызыләскерлер қосылып, үлкен отряд құрылып «За Родину» деп атайды, көпшілік оны командир қылып сайлайды. Кейін бұл отряд атақты партизан генералы С.А.Копактың құрамасы сапында соғысып жүргенде басынан ауыр жараланғасын ұшақпен «үлкен жерге» жіберіледі. Госпитальдан жазылып шыққасын арнаулы барлау мектебінде оқиды да, 1942 жылдың тамыз айында жау тылына түсіріледі, ол жақта өз еркімен Түркістан легионына жазылады. Білімді мұғалім болғасын, оны Түркістан легионының штабына алады, осы жерде ол астыртын ұйым құрады, жау сеніміне кіріп алғасын оны татарлардан құрылған «Еділ-Орал» легионымен 1943 жылдың тамызында Қазақстан шекарасына таяу жерге түсіреді, диверсиялық мақсатпен келген отряд түгелімен НКВД-ге өз еріктерімен беріледі. Майор Мурзин келесі тапсырмамен 1943 жылдың соңында Моравия жерінде десант ретінде жау тылында соғысатын партизан отрядын құрып, талай жау нысанын қиратумен атағы шығады. 1944 жылдың желтоқсанында чех және словак патриоттарымен бірге Словакия жеріне десант болып, бұл жақта да партизандық отряд ұйымдастырады, құрамында ағылшын, француз, итальян, поляк, орыс, т.б. халық өкілдері өз еріктерімен шайқасты. Отряд атын Ян Жижка атымен атап, командирі Даян Мурзин болды. Бұл отряд жаудың аэродромына жасырын шабуыл жасап, 18 ұшағын жойып жіберді, осындай тәсілмен 19 танк пен 200 автокөлігін, 2000-нан астам фашисті жер жастандырды. Абвер барлау орындары бұл отряд командирі кім екенін білгісі келгенде алған бар ақпараты, «отряд командирі грузин Юрий Мурзин» дегеннен артық еш нәрсе ала алмады, сірә немістер оның қалың қара сақалына қарап айтқан еді, ал Мурзиннің ұлты татар болатын. Гитлер «қара генералды» жоюды үшінші рейхтің №1 диверсанты Отто Скорцениге тапсырады, «Айтылмаған ақиқат» оқырмандарына бұл есім жақсы таныс деп ойлаймын, бұл барлаушы итальян фашистерінің көсемі Бенитто Мусоллиниді түрмеден босатып алған болатын. Бұл жолы Отто Гитлердің тапсырмасын орындай алмады, аяғынан ауыр жараланған Мурзин аюдың үңгіріне тығылып алғанда, үңгір аузына дейін келген неміс овчаркалары аюдың үңгіріндегі сасық иіс адам қанының иісін басып кетіп үңгірден ары қарай ізден ажырап қалды, сол маңайдағы үйлер мен шөптерді қоса өртеп жіберді де, қансыраған «қара генерал» бәрібір өледі ғой деп, фюреріне өлтірдім деп асығыс хабар береді. Радио хабарлары «қара генерал» өлтірілді деп жариялап жатқанда, командирінің тапсырмасымен танк армиясының қолбасшысы генерал Мюллерді қолға түсіріп «үлкен жерге» жіберді. Ерліктерінің бәрін айту мүмкін емес, «Қара генерал» үшін соғыс 1945 жылдың 9 мамырында аяқталды, сол күні сақалын қырып тастаған кезде қаруластары аузын ашып қалды, жасы шамамен 45-те шығар деп жүрсе алдарында 23-24 тегі жас жігіт тұрды, Даянға сақалды өсір деп барлау мектебіндегілер ақыл берген болатын «сол кезде сен сақалмен cалиқалы командирге ұқсайсың, әйтпесе 20-дан асқан сені бала көреді» деген болатын.

1946 жылы барлау отрядының радисткасы Надежда Ермаковаға үйленіп, білім саласында жүріп, сырттай заңгер мамандығын алып, прокуратура саласында еңбек етіп, Башқұрт АССР-нің ішікі істер министірінің бірінші орынбасарына дейін көтерілді. Ұлы Игорь әскери дәрігер болды. Соғыстағы ерлігі үшін 86 орден мен медальмен марапатталды, оның 70-тен астамы шетел ордендері еді, Чехословакияның Батыры атағымен қоса Англия, Франция, Италия, Германия, Польша т.б. елдердің ең жоғары ордендерімен марапатталды. Оның парадтық кителіндегі орден-медальдарының салмағы 30 килодан асатын еді. Даян Баянұлы туралы шетелдіктер көптеген кино түсірді, оның жау тылындағы әр ерлігі бір киноға арқау болатын. Мурзиннің отряды азат еткен Шығыс Европаның 14 қаласы оны өздерінің «Құрметті азаматы» деген атағын берді және Прага қаласына тірі кезінде-ақ ескерткіш орнатты. Мурзинмен бірге соғысып, оның ерлігі туралы ГДР-дің Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің, яғни «Штази» төрағасы, генерал Маркус Вольф, Чехословакия барлау органын басқарған генерал Ян Ондровчек, т.б. тамсанып жазды. СССР тарапынан екі Қызыл Ту, екі Қызыл Жұлдыз, Отан соғысы орденінің бірінші және екінші дәрежесімен және медальдармен марапатталды. Ұлты татар болғандықтан Татарстанның зиялы қауымы кезінде Л.И.Брежневке Рейхстагке ту тіккен Гази Загитов және «қара генерал» Даян Мурзинге Совет Одағының батыры атағын беру туралы өтініш жазғанмен пайдасы болған жоқ, тіпті сол майор шенінде қалды. Қарсыласу соғысында интернационалдық партизан құрамасын басқарған оған генерал-лейтенант шені сәйкес келетін. Кремльдің құлықсыз болатын себебі: 1968 жылы Прагаға совет танкілерін енгізгенде, Брежневке хат жазып бұл басқыншылыққа жататынын айтып, чех халқына қолдау көрсеткен болатын. Осындай тамаша ержүрек барлаушы-мұсылман Даян Баянұлы Мурзин 91 жасында 2012 жылдың 9 ақпанында қайтыс болды. Сосын барып ескерткіш орнатылды.

(Ашық дереккөзінен алынған суреттердің мен үшін ерекшесі партизан отрядымен азат еткен Прага көшелерімен келе жатқаны және сақалды Мурзиннің партизан палаткасының ішінде жайдары күліп отырғаны).

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: