Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алғашқы қазақ шығыстанушысы, азаттық күрескері

07.12.2023, 10:20 252

Серәлі  Лапиннің 155  жылдығы  қарсаңында

Қазақ ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті өкілі, қазақтан шыққан тұңғыш шығыс сәулет өнері   тарихын  зерттеуші,   ориенталист,  ағартушы, заңгер, саясаткер, түрколог, саяси қуғын-сүргін  құрбаны   Серәлі   Мұңайтпасұлы  Лапин­нің  155 жылдығы келе жатыр. Осы датаға орай мына жайт еске түседі. Серәлі Лапин кеңес билігі тұсында еңбекшілер өкіметінің қас-дұшпаны саналған, ұлтшыл санатындағы есімі дәріптелмеуге тиіс тұлға-тын. Дегенмен ғылыми, саяси еңбектерде аталатын. 1988 жылдың басында, әйгілі Сексен алтын­шы  жыл орнатқан «Кіші 37-нің» ызғары қайта бастағанда, мен репрессияға ұшыраған қазақ коммунистері туралы жазуды қолға алған едім. Сол мақсатпен Сұлтанбек Қожановтың зайыбы Гүләндам апаймен әңгімелесу барысында, көптеген қызық дерек қатарында, ол кісінің Серәлі Лапиннің туған қарындасы екенін білдім. Білген бойда ол жайындағы зерттеу мақаламды жазуға отырдым. Саясаттағы қызметін заман ыңғайына қарай атау­сыз қалдырып, шығыстанушы есебін­дегі ғылыми еңбегіне назар аудардым, сосын, әрине, туыстары жайында аздаған ақпарат бердім. Мақала «Серәлі Лапин кім болған?» деген тақырыппен 1988 жылғы мамырда «Өркен» газетінде жарияланды. Содан кейін біртіндеп Лапиннің өмір жолы көптеген ғалым­ның, өлкетанушының қаламына арқау  болды…

Көшпенді малшылықты қойған да, заманының ыңғайына қарай бейімделіп, керуен тарту кәсібімен табысты шұғылданған Лапы деген кісінің ұлы Мұңайтпас жасынан іскерлігімен танылыпты. Өзіне жетерлік дәулет құрап, көзі ашық адамдарға жақын жүруінің арқасында белгілі бір дәрежеде абырой-беделге де ие болған екен. Он тоғыз ұл-қыз өсіріп, тәрбиелепті. 1869 жылы туған екінші баласы Серәлі оқу-білім қууға айрықша ынта көрсетіп, әуелі ауылында мұсылманша сауат ашқан. Сосын Ақмешiттегі орыс-тузем мектебiн, Ташкенттегi Түркiстан мұғалiмдер семинариясын, Ресей астанасында Императорлық Санкт-Петербург уни­верситетiнiң (ИСПУ) заң факультетiн бiтiрген. 1889-1892 жылдары Түркiстан семинария­сында орыс оқушыларын жергiлiктi тiлдерге жаттықтыратын репетитор, 1892 жылдан Самарқан облысы әскери губернаторы жанында аудармашы, 1901 жылдан үзiлiстермен 1917 жылға дейiн адво­кат болған. Семинария қабырғасында оқып жүрген кезiнде түркiстантанушылар үйiрмесiне қатысып, шығыс тарихы мен мәдениетiн, шығыстың сәулет өнерi тарихын зерттеумен шұғылдана бастаған. Араб, парсы, т.б. шығыс тiлдерiн бiлген. Гури-­Эмир, Регистан, Шаһи-Зинда кешендерiндегi, Көкiлташ медресесi және т.б. көне архитектуралық ескерткiштердегi арабтың көне емлелерiмен өрнек­телген көркем жазуларды (эпиграфикаларды) оқып, оларды орысшаға аударды, ғылыми айналым­ға  қосты.

1895 жылы Самарқаннан екі кітапша жарық көріп, Ресей шығыстанушыларын елең еткізеді. Оларды Самарқан облыстық басқарма тілмашы Серәлі Лапин жазған-тын. Кітапшаның бірі «Самар­қан қаласының тарихи ескерткішіндегі жазулар­дың аудармасы», екіншісі «Орыс-өзбек қалта сөздігі. Түркістан өлкесіндегі отырықшы түземдіктермен күнделікті тұрмыстық әңгімеге арналған 4000 сөз, өзбек тілінің қысқаша грамматикасы қоса тіркелген» деп аталды. Бірінші кітапшада автор: «Бұл жазулардың дені бүгінде оқылуы қиынға түсетін көне емлелермен (сюльси және зюльфи) араб тілінде жазылған… өз бетімше тәржімелеген кезде мен мүмкіндігінше түпнұсқадан ауытқымауға тырыстым, тек сөзбе-сөз аудару орыс тілінде логикалық және стилистикалық қисынсыздықтарға ұрындырған жағдайларда ғана еркін кетіп отырдым», – дей келе, Гури-­Эмир («Әмірдің көрі» (моласы, зираты) мавзолейін, Шаһи-Зинда («Тірі патша»), Регистан («Құм­дауыт жер») ансамбльдерінің мавзолейлері мен медреселерін безендірген ою тектес өрнекті жазуларды орысша сөйлетеді. Екіншісін – орыс-өзбек сөздігін («Карманный русско-узбекский словарь Сер-Али Лапина») В.В.Бартольд «лингвистикалық сипаттағы түркологиялық еңбектердің ішіндегі» елеулілердің бірі деп бағалаған (Шығармалар жинағы, 9-том, 594-бет), Ресей шығыстану ғылымындағы жаңа мектептің негізін салушы, Петербург Ғылым академиясының академигі В.Р.Розен «Императорлық Орыс археология қоғамы Шығыс бөлімшесінің жазбалары» деген ғылыми журналда рецензия жариялаған. Самарқанда сөздіктің 4-ші басылымы («Русско-узбекский словарь С.А.Лапина») 1915 жылы шықты. Қазақ совет энциклопе­диясы (ҚСЭ, 7-т., 183-б.) 1900 жылы Самарқаннан Лапиннің «Орыс-тузем (қазақ) сөздігі» жарық көргенін хабарлаған. Оның түркологиядағы орынын бертiнде, 20-ғасырдың орта тұсында А.Е.Крымский, Н.А.Баскаков, А.Н.Кононов, Г.Н.Чабров секілді әйгілі ғалымдар да өз еңбектерiнде атап өттi.

Лапиннің бізге беймәлім басқа да еңбектері бар тәрізді, мәселен Бартольд (Шығ., 1-том, 143-6.) Мавераннаһр тарихын зерттеген жұмысында Самарқ­ан облысының 1896 жылға арналған анықтама кітапшасындағы «Лапин мырза келтірген басқа аңыздарға» да сілтеме жасайды. Оның «Самарқан ескерткіштері туралы жаңа мәліметтер» деген очеркіне қарағанда – Лапин өзіндегі «Туһрат әл-Хани» қолжазбасын мұқият оқып, ашық жиегіне ойларын түсіріп отырыпты. Онысына Самар­қанда қазба жұмыстарын жүргізген архео­лог, шығыс­танушы, Орта Азия тарихын зерттеуші Н.И.Веселов­скийдің де назар аударғанын айта келіп, жазу­ларды Бартольд (Шығ., 4-том, 39-б.) ғылыми айналымға қосқан. Жалпы, Лапинде көне қолжазбалар көп болғанын айтқан. 1902 жылдың жазында Түркістан өлкесіне келіп қайтқан сапары­нан кейін жазған есебінде Бартольд былай дейді: «Мен частный поверенный (Самарқан облысы губернаторының бұрынғы тілмашы) Сер-Али Лапин­нің жиғандарымен таныстым: қолжазбаларды марқұм граф Н.Я.Ростовцев (генерал-лейтенант, Самарқан губер­наторы, 1831-1897 жж., Самарқанда дүниеден озған – Б.Қ.) сатып алған көрінеді. Лапин мырзаның сөзіне қарағанда, граф қолжазбаларды оған көзінің тірісінде өзі беріпті. Қолжазбалар жетеу екен…»  (Шығ., 8-том, 157-б.). Қазақ энциклопедиясы келтірген деректерге қарағанда, Лапин «өзіне дейін белгісіз болып келген «Туһрат әл-Хани», «Шаһнама…» дастандары нұсқаларын – шығыстану ілімінде тұңғыш рет Орта Азия және парсы тілдеріндегі қолжазбаларды тапты; Шаһи-Зинда, араб қолбасшысы ибн Куссам жайлы аңыздарды жазып қалдырды… (ҚСЭ, 7-т., 183-б.). «Самарқандағы көне архитектуралық ескерткіштердің… салынған жылын (араб әріптерінің орналасу жүйесіне байланысты), сал­дырған адамдарды және тұрғызған сәулетшілердің есімін анықтады. Мысалы, Самарқандағы Шир-Дор, Тилля-Кари (Шер-дор, «арыстан таңбалы ғимарат»; Тилля-Кари, «алтынмен, ділдәмен апталған». – Б.Қ.) медресесін Кіші жүз… Жалаңтөс баһадүр  салдырған» (ҚСЭ, 12-т, 242-б.).

Серәлі Мұңайтпасұлының қоғамдық қызметі, Ресей мен қазақ елінің достық байланысын күшей­те түсуге тікелей сіңірген еңбегі де – өз алдына бір төбе. Ол Түркістан өлкесінде қазақ балалары үшін мектеп ашу ісіне араласты әрі өзі  ашуға көмектескен орыс-­тузем  мектептерінің кейбірінде сабақ та берді. 1900-1904 жылдары «Түркестанские ведомос­ти», «Оренбургский листок» газеттері беттерінде қазақ, өзбек, қырғыз секілді түркі халықтарының атауларын дұрыс қолдану жөнінде мәселелер көтер­ді. Оның адвокаттық қызметінің пайдасын қара­пайым халық 1905 және 1916 жылдары айқын сезінді. Осы кездердегі ұлт-азаттық көтеріліс­терге қатыс­қаны үшін  өлім жазасына кесілген жергілікті халық (қазақ, қырғыз, өзбек) өкілдерін ақ­тауы Лапиннің заң қызметіндегі үлкен еңбегі боп табыла­ды. Ол Түркістан өлкесінде тұратын мұсыл­мандардың   жинаған   қаржысына Петербургте  1913 жылы мешіт салу ісіне де атсалысты (ҚСЭ, 7-т., 183-б.). Бірінші орыс революциясының алғашқы жылындағы петиция нау­қанында жергілікті халық оның ақыл-кеңесіне, пікірлеріне сай әрекет етті. Серәлі олардың атынан талапнама жазып, патша үкіметіне жолдауға жәрдемдесті. «Шыққан тегі Перовск үйезінің Кеңтүп облысының киргизі (қазағы – Б.Қ.) боп табылатын частный поверенный Сер-­Али Лапин үйреткен… ойлар… жазылған петиция Перовскіде Сырдария губернаторын әбігерге салды», – деп жазды Е.Федо­ров Өзбек Орталық Атқару Комитеті жанындағы 1905 жылғы революцияның 20 жылдығын өткізу жөніндегі комиссия тапсырысымен жазылып, 1925 жылы шығарылған «Орта Азиядағы ұлт-азаттық  қозғалыс  очерктері»  атты  кітабында.

Мұңайтпастың тағы бір баласы – Серәлінің қарындасы Ләтипа да тарихта өзіндік қолтаңбасын қалдырған. Халық қолөнерінің шебері, ССРО Суретші­лер одағының мүшесі Ләтипа Қожықованың мемлекеттік тапсырыспен Ұлы Отан соғысы жылдары Ф.Рузвельтке арнап тіккен қазақтың ұлттық киімдері АҚШ-та, Рузвельт музейінде сақтаулы көрінеді. Ләтипа Мұңайтпасқызы – бармағынан бал тамған шебер ғана емес, қазақ өнер шеберлерінің тұтас бір әулетінің басында тұрған қадірменді ана. Оның балалары Қожахмет – ұлттық  бейнелеу  өнерінің  негізін салушылардың бірі, кескіндемеші, карикатурашы, график, Құлахмет – қазақтың тұңғыш театр және кино суретшісі, ал Сұлтанахмет әйгілі кинорежиссер болды. Кү­йеуі Қоңырқожа – революцияға дейін білім алып, орыс-тузем мектептерінде орыс тілінен сабақ берген мұғалім. Ұлт-азаттық қозғалысқа қатысушы. 37-жылы Үлкен террор репрессиясына ұшырағанға дейін Алматыда қызмет атқарды. Ол 1934 жылы нарком Жүргеновтің тапсырмасымен «Шаһнаманы» іздестірген. Гүләндәм Мұңайтпасқызы Серәлі қайтыс болғаннан кейін әркімнің қолында кеткен бұл қолжазбаның қалай табылғаны жөнінде қызық естелік  айтатын…

Серәлі Мұңайтпасұлының үлкен қызы Рабиға (Рәбия) Санкт-Петербургте, Смольныйдағы асыл текті қыздар институтында, ұлы Мерәлішер Царское Селодағы ағылшын спорт мектебінде оқыды. Бұл біздің ғасырдың 10-жылдары болатын, сол кезде Рабиғамен Санкт-Петербург Әскери-медициналық академиясының студенті Санжар Аспандиаров танысқан. Олар 1913 жылы үйленді. Серәлінің бұл күйеу баласы ұзамай революционер, мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым болғаны тарихтан мәлім. Тарих профессоры, ССРО Ғылым академиясы Қазақ филиалы президиумы төрағасының орынбасары Санжар Жафарұлы Аспандиаров (Асфендиаров) сталиндік репрессиялық машинаның пышағына Алматыда ілікті. Осында «халық жауы» белгісімен таңбаланған белгілі мемлекет және мәдениет қайраткері Темірбек Жүргеновпен қызметтес болған талай азаматтың қатарында, қарындасы Ләтипаның ері Қоңырқожа қамалды. Ташкентте тағы бір қарындасы Гүләндәмнің жұбайы, партия және мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожанов тұтқынға алынды. Олар сол беті қайтпас сапарға кетті. Ал Рабиға мен Гүләндәм «халық жау­ларының» әйелдері ретінде әйгілі АЛЖИР-де казармалық социализм құру азабын бастан кешті…

Қазақтың шұрайлы жерлерiн мұғажыр (переселен) мұқтаждықтары үшiн кесiп алу жалғастырыла берген кезеңде халық мүддесiне қызмет етудiң мүмкiн бiр жолы ретiнде, Түркiстан генерал-губер­наторының рұқсатымен, Лапин қазақ арасында сауда-экономикалық серiктестiк құрды (1910-13). 1912 жылы Санкт-Петербург оқу орындарында бiлiм алып жатқан түркiстандық студенттерге көмек көрсету қоғамының жұмысына қатысты. Қоғамның жиналысында Түркiстан халық-ағарту iсiнiң жай-күйi туралы баяндама жасады (1913). Санкт-Петербургте мешiт салу iсiне атсалысты (1913). Бүкiлресейлiк мұсылмандар съезiнде патша үкiметiнiң ағарту және дiни салаларындағы саясатын сынады (1914). Оның саяси күреске араласу белсендiлiгi монархия құлағаннан кейiн ерекше арта түстi. 1917 жылғы наурызда Ақмешiт халық өкiлдерi кеңесiнiң төрағасы, сәуiрде Ташкентте өткен Бүкiлтүркiстан мұсылмандарының 1-съезi төралқасының мүшесi, шiлдеде мұсылман халықтарының өзiн-өзi дiни қағидалар негiзiнде билеуiн мұрат етушiлердi бiрiктiретiн «Улема жамияти» («Ғұламалар қоғамы», «Дiн иелерiнiң кеңесi») ұйымының төрағалығына сайланды. Ұйым­ның қыркүйектегi съезi Түркiстанның болашақ саяси құрылысы жайында қаулы алды. Соған сәйкес, 1917 жылғы қарашада болған жұмысшы және солдат депутаттарының өлкелiк 3-ші съезiнде сөз сөйлеп, Түркiстан өлкесiндегi өкiмет билiгiнiң халықтардың сандық үлесiне сәйкестiкпен үйлесiмдi құрылуы керектiгiн мәлiмдедi. Алайда жергiлiктi халық өкiлдерiнiң орынды талап-тiлектерiн ескермей, бар билiктi жұмысшы және солдат депутаттарының кеңесi өз қолына алды. Сондай ахуалға байланысты Қоқан қаласына шақырылған Төтенше 4-өлкелiк мұсылмандар съезiнде Түркiстан автономиясын жариялауға қатысты. Түркiстан мұхтарияты Уақытша ұлттық кеңесiнiң мүшесi болып сайланды. Ол Қоқандағы Түркiстан автономиясы мен Ташкенттегi Кеңес өкiметi органдары арасындағы текетiрестi бейбiт жолмен шешудi көздеп, 1918 жылғы 17 қаңтарда өлкелiк халық комиссарлары кеңесiне жолдаған мәлiмдемесiнде екi тараптың бiрлесiп халық мүддесiне жауап беретiн ортақ билiк органын құруы керектiгi туралы ұсыныс бiлдiрдi. Алайда большевиктер Қоқан (Түркiстан) автономиясын қарулы күш қолданып қантөгiспен құлату жолын таңдады. Сонда Лапин саяси күресiн жалғастыру мақсатымен әуелi Бұхар әмiрлiгiне өттi, алайда кеңес ықпалы Бұхараға да тегеуiрiндеп енiп келе жатқандықтан, одан кетуге мәжбүр болды, сөйтiп, Ташкент арқылы, бірінші дүние­жүзілік соғыс тұтқындарын қайтарумен шұғылданып жүрген немiс комиссиясының көмегiмен, Германияға барды. Онда большевизммен күресуге жәрдем сұрады. Тиiстi қолдау таппай, 1919 жылы Самарқанға оралды. Көп ұзамай, белгiсiз жағдайда қайтыс  болды. Шахи-Зинда қабірстанына жерленді (ҚСЭ, 7-т., 183-б.).

Серәлі Лапиннің өмірі мен қызметін зерттеген жас ғалым Эльмира Әзіретбергенова осы ғасырдың басында диссертация қорғады. Билік тұтқасын ұстағандарға тынымсыз барғыштап жүріп, Алматыда Серәлі Лапинге көше атын беруге мұрындық болды. Кандидаттық диссертациясы негізінде таным­дық мәні жоғары монография жазды. Алайда кітабын жарыққа шығарудың реті әлі күнге де­йін келер емес. Алғаш рет Лапиннің 150 жылдығы қарсаңында әлеуметтік маңызы бар әдебиет қатарында басып шығару бағдарламасына енгізу ұсыныл­ған еді, қабыл алынбады. Содан бері жыл сайын қайта-қайта ұсынылып келеді, нәтижесіз. Енді 155 жылдығына орай шығарудың реті келе ме, жоқ па, әлі беймәлім. Бұл екі арада қазақтан шыққан тұңғыш ориенталист және қоғам қайраткері Серәлі Лапинді зерттеушілер (басты қозғаушы күш: жиені – қарындасы Ләтипа мен күйеубаласы Қоңырқожаның немересі Сәуле Құлахметқызы Қожықова (Ходжикова), тарих ғылымдарының докторы, профессор, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия мүшесі Хазіретәлі Тұрсын және «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы) мен жанашырлардың Самарқан мемлекеттік тарихи қорық-музейімен бірлесе ізденіп, ғалым және күрескердің жерленген орнын анықтады, басына уақытша ескерткіш белгі қойды, бүгінде жойылып кеткен сағананы жаңғыртып салу мәселесімен шұғылданып келеді. Бұл орайда өзбек ағайындардың және Лапиннің қызылордалық жерлестерінің қолдауына сүйене отырып, қайраткердің алдағы  155 жылдық мерейжасына қарай бейіт басына  лайықты ескерткіш қою, жұртшылыққа арнап  дөңгелек үстел, ғылыми конференция, басқа да іс-шараларын өткізуді ойластыру қажет-ақ. Және көптен тиісті билік орнына ұсынылып келе жатқан Лапин жайындағы Э.Әзіретбергенованың кітабы мемлекеттік  тапсырыс  жоспарына  еніп  жарық  көре  қалса,  үлкен  абырой  болар   еді.

Суреттерде: Серәлі Лапин; Рабиға Серәлі­қызы Лапина-Асфендиарова әкесінің басында (Самарқан, Шаһи-Зинда. ХХ ғ. 20-жж); С.Лапин қойылған орынның қазіргі көрінісі; Х.Тұрсын, С.Қожы­қова  және  София  Санжарқызы  Асфендиарова  Самар­қандағы  іздестіру  жұмыстары  кезінде.

Бейбіт  ҚОЙШЫБАЕВ,

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: