Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әуезовтың қазасы

18.04.2021, 12:00 625

HALYQLINE.KZ 1961 жылдың жазында әкем Мәскеуге жүретін болды. Қонақ күту әзірлігімен бәріміз жиналдық. Әкемді шығарып салуға келетін қонақтардың қарасы әдеттегідей біршама болды. Көңілдері қош болсын, дастарқан дұрыс болсын деп жүгіріп жүрміз. Тағы да қайда барады, неге барады деген сұрақ жоқ. Ас үйде шаруаларды реттестіріп жатқан әбігерлік арасында Валентина Николаевнаның өзі әкемнің осы сапарын шет жағалап айтты: «Науқасын біраз тексертуге бара жатыр, кешікпей қайтады ғой» деп қалғаны бар.

Әкем Мәскеуге аттанатын күні дастарқанда менің міндетіме қымызды күту тапсырылды. Сонда үлкен апаларымыз болса да ел ішінен келді ғой, қымыздың жайын жақсы біледі дегеннен кейін қонақтар келіп, дастарқан жайылғанда да қымызды өзім құйып, үлестіріп отырдым. Әкем бой жазғандай болды ма, сонда айрықша көңілді еді. Қымызды сапырып, үстел жағалатып жүрген бір әріректе әкем мені өзінің жанына шақыртып алды. Әдетінде онша-мұнша ашылып, сонша шүйіркелеспейтін ол маған:

– Мұғаш, Мәскеуден келгеннен кейін біз мамаң екеуміздің биыл жазды Карловы Вары курортында өткіземіз бе деген жоспарымыз бар, – деді.

Мен де әкемнің бұл ойын қостап:

– Папа, жоспарыңыз жақсы екен, курортқа барып біраз демалып келесіздер. Іргедегі Шолпан ата, Ыстықкөлден гөрі бір мезгіл сонда барып тыныққандарыңыз да дұрыс, – дедім. Осыны айтқаннан кейін сөзіміз бөлініп, шаруалармен болып кеттік.

Әкемнің сондағыдай керемет көңіл-күйін бұрын-соңды кездестірмеп едік, сол қалпында бәріміз жол болсын тілеп, шығарып салдық. Өкінішке қарай, жиналғандардың бірі жақын досымен, бірі ниеттес ағасымен, тағы біреулері өмірлік жанашырымен мәңгілік қоштасып тұрғанын білмепті.

Науқасын қаратып, операция жасату керектігі белгілі болғанда, әкеммен бірге Валентина Николаевна барғанда, қасында бірге болсын деп Ернарды да алдыртты. Мұрат сонда болатын.

Алматыда күн ыстық, мезгіл маусым айының аяғына айналып қалған. Үйреншікті күндердің бірінде біздің үйге мені сұрап Ләйлаш телефон соқты. Мен телефон құлағын алып едім, Ләйла сіңлім онша-мұнша ештеңе айтатындай болмай, тек қана «Мугака, бір жағдаймен біздің үйге келіп кетші» деді.

Күн еңкейіп қалған уақыт еді, мен көп бөгелмей ол тұратын Фурманов пен Жамбыл көшелерінің бұрышындағы үйге келдім. Кіріп барғанымда Ләйланың өңі өте жүдеу тартқанын байқап қалдым. Жолдасы Асқар қызметімен жүрсе керек, үйіне әлі келмепті. Ләйлаш Валентина Николаевнаның Мәскеуден телефон соққанын айтты. Ол әкенің жай-күйін айтып, «Мұғашты қасыңа шақыртып ал. Ол бүгін сенікінде болсын» депті.

Үйінде үй қызметшісі Ася да бар екен, бәрі жабырқау жүрген соң, мен де үндемедім. Ләйланың қора жаққа қарайтын терезенің алдына қайта-қайта барғыштап, әлденеге алаңдап жүргенін көргеніммен, сұрауға батылым бармады. Алайда менің ойымда бөтен ештеңе жоқ еді, әкем жайлы бөгде ойларды жуыта қоймадым. Өйткені ауырып, сырқаған емес, жай емделуге кеткен адам жөнінде ондай оғаш ой ойлау да мүмкін емес еді. Өзіміздің үйдегі Райхан апама да қараңғы түспей қайтып келемін деп кетіп едім, Ләйла өтінген соң, енді осында қалатын түрім бар.

Екі кішкентайды қарап отырған менің қасыма бір уақытта Ләйла жүгіріп келді де: «Мугака, терезеден қарашы!» деді абыржыған үнмен. Өзінің өңі қашып кеткен. Мен де, Ася да Ләйлаш айтқан терезеден сыртқа үңілдік. Қарасақ, көше жақтан төбесін жарқылдатып келген өкіметтік қара машина біздің подъездің алдына тоқтады. Ішінен екі кісі түсті де, подъезге кіріп кетті. Кешікпей үйдің есігі қағылды. Келіп тұрғандар Асқардың ата-енесі екен. Ася есікті ашқанда, біз шақырғанда болмаса, басқа уақытта келе бермейтін ол кісілерді көріп, тіксініп қалдық. Балалар да бір жайсыздықты сезгендей бізден ұстап алған, үндемейді, мен «Құдай-ай, сақтай гөр, тыныштық болса екен» деп ойлағанымша болған жоқ, басынан өте бір ұшқыр сәттерді өткеріп үлгерген Ләйла босап кетті, үлкен кісілер де дауыс салып кірді. Сорпамыз төгіліп, сорымыз қайнап қалғанын олар табалдырық аттамай білдік. Әбден жылап-сықтап, қаралы хабар естілген үрейлі минуттар өткеннен кейін ол кісілерді ас үйге кіргіздік. Киімдерін шешіп, ілетін хал қайда, сәлден соң барып құда басу айтып, жұбатып: «Осы күйде киініңіздер, үлкен үйге барайық» деді.

Көздің жасына ие бола алмай, ілбіп жүріп киінген біздерді ол кісілер әкемнің үйіне ертіп апарды. Барғанда – үйдің маңы қара-құрым халық. Үлкен кісілер Ләйлаш екеумізді қолтығымыздан сүйеген күйі үйге кіргізді. Онда үстелдерді жылжытып, қабырғаны жағалата орындықтарды тізіп, диванның орнын ауыстырып, төрден есікке қаратып қойған екен. Онда Үміш апа көңіл айта келгендермен көрісіп отыр. Дәті берік адам еді, қалжырағаны көрініп тұр, сол апамыздың екі жағынан Ләйла екеумізді отырғызды. Сол отырғаннан қанша отырғанымызды білмеймін, есіміз кіресілі-шығасылы күйде жүріп, әкенің сүйегін Мәскеуден алып келеді деген күні ғана өз-өзімізге сәл келгендей болдық. Оның рухымен қоштасуға жиналған халық көп еді. Әкемізді жерлеу рәсімі үкімет тарапынан ұйымдастырылды. Елі ардақты азаматпен, ұлы жазушысымен қалай қоштасқанын көзі көргендер айтып, жазып жүргендіктен, бұдан әрмен көпшілікке мәлім қаралы жайды қайта қозғауды артық санадық.

Абай атамыздың «Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме» деген сөзін көңілге медет қылсақ та, өмірдегі орнын биіктен көріп жүретін асқаралы әкенің қазасы жүректі еріксіз егілтті.

Мұғамила ӘУЕЗОВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: