Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тағылық һәм тәрбие

02.11.2020, 15:50 703

HALYQLINE.KZ Соңғы уақытта вандалдық әрекеттер өңірімізде өршіп кеткенін жазып та, айтып та жүрміз. Көзіне көрінгенді қиратуға әуес жандардың басым бөлігі – жастар. Тиісінше, күштері бойларына сыймай жүрген жастардың тағылық әрекеттерімен күресу қаламызда қарқынды жүріп жатыр. Қала әкімдігі тарапынан көптеген шаралар өткізіліп, кейінгі буынмен кездесулер ұйымдастырылуда. Сондай тәрбиелік кездесудің бірі қаламыздағы «Ерсұлтан» спорт кешенінде өтті.

«Сындыр-қираттың» шыңы жасөспірім шақта келетіні белгілі. Оларды жазалап та, сөгіп те тәртіпке келтіре алмаймыз. Оған дәлел, психологтердің тұжырымдары. Әйтпесе, балалар колониясынан шыққан жасөспірімдер неге қылмысты қайта жасап жатады дейсің? Ересек өмірге келгенде де сол «еркелігін» қоймайды емес пе? «Жаманды жаман десең, аяғынан тозады» деген сөз бар. Бұл мәселенің жалғыз шешімі – жастармен бетпе-бет кездесіп, осы тақырыпта еркін әңгімелесу. Тәрбиелік кездесулер жасау. Осы тұрғыда, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов және бөлім басшылары «Ерсұлтан» спорт кешенінде жас спортшылардың жаттығу уақытында келіп, тәрбиелік кездесу өткізді. Кездесуде балалармен ашық сөйлесіп, шаһарымызда болған тағылық әрекеттерді сөз етті және одан аулақ болуға шақырды. Сонымен қатар, кездесуде «Қажымұқан» спорт клубының директоры Жамал Бозова спортшыларының вандалдық әрекеттерге бармайтынына сенетінін жеткізіп, алдағы уақыттағы кәсіби мансаптарына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, «Ерсұлтан» спорт кешеніне қала әкімдігі арнайы спорттық құралдар табыстады. Онда жаттықтырушыларға арналған спорттық киімдер, жаттығуға арналған заттар және қорғаныш құралдары бар. Қазіргі таңда бұл спорт кешенінде 15 жаттықтырушы жұмыс істесе, ал, жалпы «Қажымұқан» спорт клубында 49 жаттықтырушы бар.

– Бүгін осы қаламызда және спорт кешендерінде вандализм әрекеттерін болдырмау және алдын алу мақсатында жас спортшылармен кездесу ұйымдастырдық. Сонымен қатар, мекемеге спорттық құрал- жабдықтар табысталып, қолданысқа берілді. Мұндағы негізгі мақсат – жастарды спортқа баулу және оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу үшін спорт кешендерін жеделдендіру. Бос уақытында пайдалы істермен айналысқан жастар тағылық әрекетке бармайды. Расында, көше қасіретіне айналған вандализм өкілдері әлі де қаламызда көп кездеседі. Шаһарымыздағы аялдамаларды, кіші архитектуралық нысандарды бүлдіру толастамай тұр. Осы тұрғыда, әр саланың жастарымен кездесу өткізіп жүрміз. Тағылықты тоқтату керектігін айтудамыз. Қазіргі таңда қаламыздағы бұқаралық спортпен айналысушылардың санын арттыруға жұмыс істеудеміз. Қараша айынан бастап «Ерсұлтан» спорт кешеніне қосымша 9 штат бөліп отырмыз. Қала әкімдігінің қолдауымен осы спорт кешеніне 800 мың теңгеге спорттық жабдықтар алынып, қолданысқа беріліп отыр, – деді қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов.

Қазіргі таңда қаламызда 317 мың 200 тұрғын бар. Оның 30 пайызы, яғни 96 мың 534 тұрғын бұқаралық спортпен айналысады екен. Ал осы жанына спортты серік еткендердің басым бөлігі жастар көрінеді. Дәлірек айтқанда, 80 пайыз жастардың еншісінде. Сондай-ақ, қаламыздың келбетін келтіріп тұрған «кереметтерді» сындырушылардың да көбі – жастар. Бұл фактілер шараның маңыздылығын көрсетеді. Сонымен қоса, бұндай кездесулер университет студенттері мен мектеп оқушыларына да онлайн форматта өткізілуде.

– Құрметті Сыр бойы халқы! Қалалық әкімшіліктен біздің спорт клубымызға көптеген спорт жабдықтары сыйға тартылды. Қала әкімдігіне спортшылардың атынан үлкен алғысымды білдіремін. Спорт кешенімізге нағыз керектілерді алып, жаңа құралдармен жаттығатын боламыз. Осы уақытқа дейін біздің спорт клубымыздан көптеген чемпиондар шыққаны баршаға аян. Бұл қолдаудың арқасында олардың саны артатыны анық. Осындай сапалы жаттығу залы мен сапалы құралдарды пайдаланған спортшының болашағы зор болмақ,- деді «Қажымұқан» спорт клубының директоры Жамал Бозова.

Сонымен қатар, қала әкімінің орынбасары Белкөл кентінің жастарымен және «Қажымұқан» спорт клубының спортшыларымен кездесті. Айта кететін жайт, «Қажымұқан» спорт клубында спорттың 11 түрінен үйірмелер ашылған. Онда қаланың 964 тұрғыны спортпен айналысады. «Ерсұлтан» спорт кешенінде дзюдо және грепплинг спорт түрінен 300-ден астам, Белкөл кентіндегі спорт кешенінде еркін күрестен 80-нен астам спортшылар жаттығуда.

Жалпы, адамдар бірнәрсені сындырып, қиратуға деген ой айналадағы бейберкетсіздіктен болатыны белгілі. Майда қылмыстыр көбейген жерде ауыр қылмыстар саны да артып, адамдардың оған бейімділігі артатыны тәжірибеде дәлелденген. «Қазанға жақын жүрсең қарасы жұғар, жаманға жақын жүрсең бәлесі жұғар» деген сөз бар. 1994 жылы Нью Йорк қаласының мэрі Pyдoльф Джyлиaни осы теорияны тәжірибе жүзінде орындап көрді. Қоғамдық көлікте билетсіз жүргендерден бастап, шағын вандалдық әрекеттердің барлығын жазалап, майда қылмыстың алдын алумен айналысады. Нәтижесінде, қылмыс деңгейі 56 пайызға азайған. Демек, тұрғындар қылмыс жасауға деген дағдыларынан айрыла бастаған. «Ұсталмаған ­вандал емес» демекші, біздің елімізде вандалдарды ұстау қиынға соғып тұр. Ал Еуропаның дамыған елдерінің қолданған шараларына көз салсақ таңғалдырады. Олар вандалдық әрекет жасаушыларға мүлдем аяушылық көрсетпейтін көрінеді. Мыңдаған доллар айыппұл салып, ол аз десеңіз түрмеге де жабуға дайын. Тіпті, Германиядағы Бранденбург аймағының басшысы вандалдарды халық алдына шығарып жазалайтынын ескерткен. Дегенмен, біздің мемлекетіміз бұл жағдайда толеранттылық түрде қарады. Жоғарыда аталған шаралардан бұл заңбұзушылықтың көрсеткіші азаймағанын ескерсек, бұның да тиіп жатқан көмегі шамалы. Демек, жергілікті тұрғындармен ашық әңгімеге шығып, пікірлесу – оң шешім. Алдағы уақытта жасалған жұмыстар өз жемісін беріп жатса бұл біздің қоғамның ортақ жеңісі болмақ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: