Бүгін «Достық үйінде» белгілі қаржыгер-экономист, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, Жаңақорған және Шиелі аудандарының құрметті азаматы Қамбарбек Амангелдіұлы Мүбәраковтың өмір және қызмет жолына арналған «Адал дос, асыл азамат» атты ғұмырнамалық естелік кітабының тұсаукесері өтті.
Кітапта елге еңбегі сіңген азаматтың жарқын бейнесі жаңғырып, өнегелі өмірінің әр белесі туралы естеліктер жарияланған. Қамбарбек Мүбараковтың саналы ғұмыры, атқарған қызметтері, ел игілігі жолындағы істері мен адамгершілік қасиеттері кеңінен қамтылған. Әсіресе, әріптестері мен замандастарының шынайы естеліктері арқылы оның тұлғалық болмысы айқын ашылып, оқырманға ой саларлық мазмұн ұсынылған.
Шараны облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет жүргізіп, кітап кейіпкерінің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін атап өтті.
Екі бөлімнен тұратын кітапта тұлғаның ата-тегі, өмір және еңбек жолы жан-жақты баяндалған. Өскелең ұрпаққа үлгі боларлық құндылықтар кеңінен қамтылған.
Іс-шарада сөз алған «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Бекмырза Еламанов, қаржы саласының ардагерлері Дайрабай Ысқақов пен Қалқазбек Әжібеков Қамбарбек Амангелдіұлының адамгершілік қасиеттері мен кәсіби шеберлігіне тоқталды.
Тұсаукесер тағылымды естеліктер мен мазмұнды пікірлерге ұласып, қатысушыларға рухани әсер сыйлады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!