Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр күріші – ел ырысы

22.08.2022, 12:15 463

Дала күні – 2022

«Тасыған қамбасы алтын ырыс қайнап,

Тұғырлы туған жерім күрішті аймақ.

Тоқсан жыл тарихы бар қазыналы,

Тұрады перзенттері ұлы істі ойлап».

Бұл өлең жолдары осыдан бірнеше жыл бұрын елі ырысты, жері күрішті Сырдария ауданының айтулы мерейтойына орай жазылған өлеңнің бастауы еді. Сыр диқандарының салтанатты түрде Сырдария ауданында егінге орақ салу рәсімінде осы жыр жолдары еске түсіп, дала еңбеккерлерінің қуанышында біздің де көңілімізді шаттық кернеді.

Жоғарыда атап өткеніміздей, биылғы егін жинау науқанындағы қызу еңбекті алғаш болып Сырдария ауданының шаруалары, оның ішінде ҚР Ауыл шаруашылығы саласының үздігі Қайрат Нұрсейітов басқаратын «Ақжарма және К» фермерлік қожалығы бастады. Орақ салу рәсіміне облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың шақыруымен ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев пен ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов арнайы қатысты. Сондай-ақ, ҚР Еңбек Ері, «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» Абзал Ералиев бастаған ауыл шаруашылығы саласының майталмандары, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов бастаған облыстық мәслихат депутаттары, аудан әкімдері мен басқарма басшылары және зиялы қауым өкілдері егіншілердің қуанышына ортақтасты.

Ел ырысы саналатын сары алтынды қамбаға жинау жұмыстарына орай ұйымдастырылған іс-шарада аймақ басшысы министрлермен бірге күріш алқабына барып, алғашқы орақ салу рәсімін өткізді. Нұрлыбек Нәлібаев Президенттің, Үкіметтің қолдауы негізінде биыл шаруалар былтырғыдай су тапшылығын көрмегенін тілге тиек етіп, Сыр диқандарына ақжарма тілегін арнады.

– Бүгін бәріміз үшін ерекше күн, салтанатты мереке. Өңірдің ауылшаруашылығы саласының еңбеккерлері қызу еңбекке кірісіп, елдің ықылас-ниетімен егін жинауды бастамақ. Құт қонып, бақ дарыған Сыр елінің осынау жауапты науқанды зор абыроймен өткізеді деп сенемін. Осы ретте облыс халқының басым бөлігі ауылда тұрғандықтан біз қашанда егін егу мен жинау науқандарын аса жауапкершілікпен өткіземіз. Жыл басында күріш көлемін былтырғы 84 мыңнан 64 мың гектарға дейін түсіру жоспарланғанын жақсы білесіздер. Алайда мұндай шешімнің аймақ халқы үшін зардаптарын болжай отырып біз ол қадамға бармадық. Яғни бірлесе жүргізілген жұмыстардың нәтижесіншде аймақтағы күріш көлемін 78,6 мың гектар көлемінде сақтап қалдық. Орын алған қиындықтарға қарамастан суды тиімді пайдалану, су дұрыс көтерілмейтін жерлерге насостар орнату, егістікті кезектеп суару, қашыртқыдағы суды екінші рет пайдалану қолға алынды. Бұған қоса, әртараптандыру бағытында суды аз қажет ететін мал азығы, көкөніс, бақша дақылдарының көлемін арттыруға нақты жұмыс істелді, – деді Н.Нәлібаев.

Мұнан кейін меймандар егін жинауға арналған ауыл шаруашылығы техникаларымен, облыста өндірілетін агроөнім түрлерімен танысып, сала мамандармен кеңінен пікір алмасты. Ведомство басшылары өз кезегінде диқаншылардың ала жаздай еткен еңбегін жоғары бағалап, ел Үкіметі қысқа мерзім ішінде мемлекеттік бағдарламаларды одан әрі жандандыру міндетін қойғанын тілге тиек етті.

– Қызылорда – күріштің астанасы. Саралап қарасақ, 6,8 мың гектар Алматы облысында бар, Түркістан облысында да аз емес, шамамен 1,5 мың гектар. Ал, негізі 78,6 мың егіс алқабының бәрі, яғни 90% дәл осы Сыр өңірінде егіледі. Ең өзекті мәселе, яғни дренажды жүйелерді жақсартуға жеткілікті мән берілсе, өнімділік одан да арта түседі. Бұл аймақта күріш өндіру өте жақсы деңгейде дамығанын білеміз. Ішкі қажеттілікті де, экспортты да дамытып отырған жергілікті шаруалардың еңбегін өзге өңірлерге үлгі етіп, ерекше атап өту қажет, – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Егіс алқабындағы мерейлі сәт «Дала күні» cеминар-кеңесімен жалғасты. Шет елдің ғалымдары мен білікті мамандары және отандық кәсіпкерлер өзара тәжірибе алмасып, тиімді байланыс орнату мәселесін ортақ тақырыптың басты арқауы етті. Алқалы басқосуда облыс әкімі Н.Нәлібаев ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке су тапшылығы жағдайында күріш шаруашылығын одан әрі дамыту үшін арнайы бағдарлама қабылдау қажет екенін және Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жұмысын жандандыруда бірлескен іс-шаралар қабылдауды алға тартты.

Ал ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешовке аймақтың 178 мың гектар инженерлік жүйеге келтірілген егістіктен айрылып қалу қаупі бар екенін жеткізді. Сол себептен суармалы жерлерді қалпына келтіру және айналымға қосу бойынша әзірленген маңызды жобалардың сапалы іске асуына ықпал етуді сұрады. Айтып өту қажет, биыл өңірдегі диқаншылар тұқым сапасын арттыруда украиндық ғалымдарымен бірге ауыл шаруашылығы дақылдары сорттарын тәжірибе ретінде егуді қолға алды. Бұл ретте Украина ауыл шаруашылығы ғылыми ұлттық академиясына қарасты «Күріш» институтының директоры Владимир Дудченко әріптестік байланыс орнатып, бірге еңбек етуге мүдделі екенін мәлімдеді.

Мұнан бөлек облыстық ауылшаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Т.Дүйсебаев, «Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Ә.Бекжанов, «СТ АГРО Гмбх» фирмасының аймақтық өкілі Б.Хамза, «Global Agri Prudukts» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Б.Бахаудинов, Австралиялық «Rubicon Water» компаниясының Орта Азиядағы өкілдігінің қызметкерлері мен «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы» ғылыми зерттеу институтының мамандары сөз сөйлеп, пікірлерін ортаға салды. Жиында аймақ басшысы суды аз қажет өнімдерге басымдық беру арқылы өнімділік мәселесін жолға қоюға болатынына тоқталды. Мәселен, жүгері егу суды аз қажет етеді, егер Сыр диқандары жүгеріні экспорттайтын болса, оның шығыны аз әрі табысы күріштен де қомақты болары анық. Сондықтан сала мамандары жүгері өндіру ісіне ерекше мән бергені жөн. Бұл – әртараптандырудың нақты мысалы және нәтижелі істің бастауы болмақ.

Жасыратыны жоқ, Сыр өңірінде соңғы жылдары су мәселесі проблемалық деңгейде болғаны рас. Бұл мәселе айтылды да, жазылды да. Дегенмен мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде Қызылорда облысындағы су шаруашылығы жағдайы тұрақтанды. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі кеңінен айтып өтті.

– Су тапшылығының алдын алу мақсатында биыл 22 каналды механикалық тазалау, 41 ұңғыманы жөндеу және бұрғылау, сорғы қондырғыларын сатып алу жұмыстарын жүргізуге Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Қабылданған шаралардың арқасында жалпы биыл вегетациялық кезең шығынсыз аяқталуда. Бұл мәселе Мемлекет басшысы мен Үкімет жетекшісінің тікелей бақылауында тұр. Сондықтан облыс әкімдерімен, көршілес елдегі әріптестерімізбен бірге су тапшылығын болдырмау мәселесін тереңнен зерттеп, қолда бар мүмкіндіктердің бәрін пайдаланып жатырмыз, – деді Серікқали Брекешов.

Жалпы облыста 188,5 мың гектарға егін егілген. Бүгінде бидай, арпа, сұлы дақылдарын жинау аяқталса, мақсары, картоп, көкөніс, бақша, жүгері, мал азығы дақылдарын жинау жұмыстары жалғасуда. Егілген күріштен жоғары өнім алу мақсатында күріш егісіне 100 пайыз жоғары репродукциялы тұқымдар себілді. Сондай-ақ күзгі егін жинау және дала жұмыстары үшін қажетті жанар-жағар май қоры жеткілікті. Ауыл шаруашылығы техникалары да күріш егісін белгіленген мерзімде жинап алуға толық дайын. Сондықтан алдағы егін жинау науқаны Сыр диқаншылар үшін қолайлы кезең болады деп болжанып отыр. Негізі науқанды 10 қазанда толық аяқтау жоспарланған.

Сыр еліне жұмыс сапары аясында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев пен Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге Ақжарма ауылының тыныс-тіршілігімен танысып, шаруа қожалығындағы күріш зауытының жұмысын көрді. «Ақжарма және К» шаруа қожалығының төрағасы Қайрат Нұрсейітовтің айтуынша, шаруа қожалығы өз қаражаты есебінен ауылды көркейту-көгалдандыруға, су жүйелерін жөндеу мен тазалауға, әлеуметтік дүкен мен монша құрылысын салуға, орталық стадионды жөндеуге және өзге де әлеуметтік бағыттарға 310,6 млн теңге бөлген. Сондай-ақ құны 122,6 млн теңге болатын күріш өңдеу зауыты мен астық сақтайтын қойма ғимараттарын салған. Қос министр мен облыс әкімі шаруашылықтың жоспарлары жұмыстарына сәттілік тілеп, еңбектерінің нәтижелі болуына шынайы тілектестігін білдірді.

Мұнан кейін ведомоство басшылары Нағи Ілиясов ауылдық округіне барды. 2250 халқы бар Нағи Ілиясов ауылында «Нұрлы жол» және «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламалары аясында 126,3 млн теңгеге ауылдық округінің кіреберіс жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 39,7 млн теңгеге көпбалалы отбасыларға 3 тұрғын үй салынған. Сондай-ақ 525,9 млн теңге қаражатқа 11 көше қайта жаңғырды. Мұның бәрі елді мекеннің ажарына ажар қосып, заман талабына сай дамуына тың серпін беруде. Ауылдың гүлденуіне қомақты үлес қосқан «Абзал және К» ТС-і жеке қаражаты есебінен ауылды абаттандыру және тұрғындарды әлеуметтік қамсыздандыру бағыттарына 797,2 млн теңге қаржы бөлген. Атап өтер болсақ, 384 млн теңгеге спорт кешенін салып, 137 млн теңгеге ауылдық мешіт жаңадан бой көтерген. Мұнан бөлек Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткіш құрылысы жүргізілген. Меймандар Н.Ілиясов ауылының дамуын жоғары бағалады.

Мұнан кейін министрлер Қызылорда қаласындағы су торабының қайта жаңарту жұмысымен танысты. Плотина қиыршық ыспа құм үстіне темір бетонды конструкциясы темір және ағаш шпунттарға орналастырған. Облыс әкімінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, қайта жаңғырту жұмыстарына бюджеттен 1 млрд 260 млн теңге бөлінген. Жұмыстар толық орындалған жағдайда Қызылорда су торабынан төменгі ағысқа 1200 м³/с-тен 1900 м³/с-ке ұлғаятын болады деп күтілуде. Мамандардың айтуынша, бүгінгі таңда Қызылорда облысындағы су шаруашылығы жағдайы тұрақты. Мәселен, Шардара су қоймасына Көкбұлақ су бекеті арқылы сәуір-тамыз айларында түскен су көлемі 3502 млн м3 құрап, 19 тамыздағы жағдай бойынша 3611 млн м3 құраған. Өткен жылдың вегетациялық кезеңінде су қоймасына барлығы 2,1 млрд м3 су келіп түскенін атап өту қажет. Қабылданған шаралардың арқасында жалпы биыл вегетациялық кезең шығынсыз өткізілуде.

Қорыта айтар болсақ, қос министрдің Сыр өңіріндегі жұмыс сапары нәтижелі қорытындыланды. Ауылшаруашылық саласының мәселелері кеңінен талқыланып, тиісті ұсыныс-пікірлер ортаға салынды. Ендігі мақсат – сала жұмысын бірге дамыту және шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсету шараларын жетілдіру. Ал «Еңбек – ердің айнасы» деп білетін диқандар жылдағы дәстүрге сай Жер-Анадан ризық теріп, ел қамбасын алтын дәнге толтыруға ниетті. Сол ниет елдің ықылас-пейілімен, бекем бірлігімен, көркем тірлігімен ұштасса, алынбайтын асу, бағынбайтын белес жоқ.

Ақтөре Ибрагимұлы,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: