Қазіргі қоғамдағы отбасы құндылықтарын сақтау, бала құқықтарын қорғау, психологиялық қолдау көрсету және жастар тәрбиесі сияқты маңызды мәселелерді бір ғана мекеме шеше алмайды. Бұл – мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара серіктестігін талап ететін ортақ міндет.
Осы мақсатта «Сенімен Болашақ» РҚБ Қызылорда облыстық филиалы Қызылорда қаласында «Серіктестік пен сенім: 5 жылдық тәжірибе және жаңа мүмкіндіктер» атты республикалық дөңгелек үстел өткізді.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, құқық қорғау саласының, білім беру ұйымдарының, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ өкілдері, психологтар мен қоғам белсенділері қатысты. Сондай-ақ «Сенімен Болашақ» РҚБ Төрағасы міндетін атқарушы Гүлшат Серікбекова, төраға орынбасары Шәкизат Қаратайұлы, жанашырлармен жұмыс жөніндегі координатор Жанарыс Хызыр және бірлестіктің жанашыры Бақұстар Жанғозин арнайы келді.
Дөңгелек үстелде отбасы институтын нығайту, бала құқықтарын қорғау, азаматтық жауапкершілікті арттыру, еріктілер қозғалысын дамыту және психологиялық қолдау жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды. Қатысушылар өңірлердегі тәжірибелерімен бөлісіп, мемлекеттік мекемелер мен азаматтық сектор арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған ұсыныстарын ортаға салды.
«Сапалы мемлекет – төрелі елдің кепілі» деп кез келген алаңда мемлекетіміздің орны төрден табылсын деген ниетпен бастаған бірлестігіміздің мүшелігіне қазіргі уақытта 160 мыңға жуық адам тіркелген. Бүгінде бірлестік республика көлемінде 16 өңірде филиал қалыптастырды. Оның ішінде 7 филиал белсенді жұмыс істеп келеді. Ал қалған өңірлер жергілікті жерден қолдау болған жағдайда толыққанды іске қосылуға дайын», — деді «Сенімен Болашақ» РҚБ Төрағасы міндетін атқарушы Гүлшат Серикбекова.
Іс-шара аясында қонақтар «Сыр жұлдыздары» шығармашылық және инновация академиясының жұмысымен танысып, облыстық тарихи-өлкетану музейін аралады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, күшті мемлекет белсенді азаматтық қоғаммен қалыптасады. Қызылордада өткен бұл басқосу серіктестік пен өзара сенімнің қоғам дамуы үшін маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ең бастысы – көтерілген бастамалардың нақты жобалар мен бірлескен жұмыстарға ұласуы.
Тұрсын Сәпиханқызы,
«Сенімен Болашақ» РҚБ Қызылорда облыстық филиалы психологі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!