Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Семей полигонының 472 мың гектары пайдалануға жарамды

29.08.2026, 12:00 24

Семей ядролық сынақ полигоны жабылғанына биыл 35 жыл толды. Соған қарамастан, оның адам денсаулығы мен табиғатқа тигізген зардабын зерттеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Қазір Абай облысында полигон аумағының радиациялық жағдайы тексеріліп, қауіпсіз жерлерді шаруашылыққа пайдалану мәселесі қарастырылуда. 

Бұрынғы Семей полигоны Абай, Қарағанды және Павлодар облыстарының аумағын қамтиды. Оның жалпы көлемі 1,8 млн гектар болса, 1 млн гектары Абай облысына тиесілі. Ұлттық ядролық орталық мамандары бірнеше жыл бойы жүргізген зерттеудің нәтижесінде 472 мың гектар жер шаруашылық мақсатта пайдалануға жарамды деп танылған. Бұл аумақ биыл сәуірде облыс қарауына берілді. 

Сонымен қатар бұрын радиациялық тұрғыдан ластанған аумақта орналасқан 13 жер учаскесін қауіпсіз аймаққа көшіру жоспарланып отыр. Бұл жерлер сегіз шаруа қожалығына тиесілі. Ал таза және ластанған аумақтардың арасы жасанды орман алқаптары арқылы бөлінбек. 

Полигон зардабын тартқан тұрғындарды медициналық бақылау да жалғасуда. Семейдегі Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институтында 2002 жылдан бері 375 мыңнан астам адам радиация әсеріне ұшырағандар ретінде тіркелген. Соңғы жиырма жылдан астам уақытта мұнда 706 мыңнан астам адам тексеруден өткен. Мамандар бұл топ арасында өкпе, бронх, сүт безі, бас және көз қатерлі ісіктерінің жиірек кездесетінін айтады. 

Қазір өңірде полигоннан зардап шеккен азаматтарға медициналық және әлеуметтік көмек көрсету, сондай-ақ бұрынғы сынақ алаңының қауіпсіз шекарасын нақты белгілеу жұмыстары жалғасып жатыр. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: