Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сарыарқа төсіндегі асқақ қала

03.07.2025, 8:40 278

Астана – еліміздің орталығы. Келбеті күнге шағылысқан шырайлы өлкенің өскеніне әр адам көңіл көзімен өлшем жасап келеді. Астана – армандар қаласы. Жастардың жаңалық жаршысына айналған ордасы. Астана – бүгінде кемеліне келіп, даму динамикасы қалыптасқан ордалы қала, сән-салтанаты жарасқан өңір.

6 шілде – Астана күні қарсаңында тәуелсіз Қазақстанның орталығы ел жүрегі Астана қала­сы туралы тереңінен қаузамақпыз. «Өткен­сіз – бүгін жоқ, бүгінсіз – ертең жоқ» демекші, сәл кейінге көз жүгіртіп көрейікші. Рас қазақ халқының осындай өрнекті де, келбеті күнге шағылысқан елордасы бір күнде пайда бола қойған жоқ. Бұл – үлкен жүректен, табанды шешімнен, жігерлі ойдан туған мүдделі  мақсаттың  жемісі.

Астана күні мерекесі – ел үшін ең жоғары мерейтой. Егемен ел атанып, еңсе тіктедік. Өз алдына дербес мемлекет қалыптастырдық. Түп тамыры ежелден бастау алған қазақ халқының елордасы бүгінде мәуелі бәйтеректей қанатын кеңге  жайып,  өз  алдына  көркейіп  келеді.

Ел Тәуелсіздігін алып, еңсе тіктегенде жаңа саяси стратегия, өзге бағытты таңдауға тура келгені анық. Егемендікке қол жеткізгенде қабылданған ең елеулі шешім – Қазақстан Республикасының астанасын Алматыдан Ақмола­ға көшіру. 1994 жылдың 6 шілдесінде қабылданған қаулы жаңа Қазақстанның жаңа тарихын жазуға бағытталған болатын. 1998 жылы 6 мамырда Астана атауы ресми түрде бекітілсе, 10 маусымда жас астананың тұсаукесері халықаралық деңгейде атап өтілді. Міне, осылайша тәуелсіз еліміздің жаңа астанасының жылнамасы тарихтың жаңа парағын ашты. Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы жүзеге асты. Дүние дидарына жаңа мемлекеттің Астанасы келді. Осы уақыт аралығында елорданың тарихы, мәдениеті мен өзіндік дәстүрі қалыптасты. Жасыратыны жоқ, қазір Астана қаласы ғажайып ғимараттарымен, ерекше келбетімен Еуразиядағы сәулет­ті  қалалар­дың  біріне  айналғаны  сөзсіз.

Тақырып төңірегінде ҚР Парламенті Сена­ты­ның  депутаты  Нұртөре Жүсіптің пікі­рін білген  болатынбыз.

БІРЕР  СӨЗ…

– Астананың өткені туралы бірер сөз ай­тайын. Жалпы, бізде бір түсінік бар. Қазақта қала болмаған, қазақ елі тек қана көшпелі, ат үстінде жүрген жұрт деген пікір қалыптасқан. Ал, енді үлкен тарихшы, ғалым, Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінің деканы болған ағамыз Уахит Шалекеновтың «Қазақта бала да болған, қала да болған» деген сөзі бар. Қытай жазба деректерінде Қазақстанда мың шаһардың шамшырағы жанып тұратын деген дерек бар. Сонау Сырдың бойынан бастап, қаншама көне қалалардың болғандығы сөзімізге дәлел. Бұл енді Сыр бойында қала көп болып, қырда, арқада қала болмады деген сөз емес. Ол жақта да бір заманда тіршілік өркендеген кездер болған. Бозоқ қалашығы және Көкшетау­дың аржағындағы Ботай қонысының қазіргі Астана тұрған жерде Қараөткелдің тұсында қала­лық үлкен сипат дәлелдердің болғандығын ғалымдарымыз анықтап жатыр. Бұл жөнінде тарихшы, ғалым Жамбыл Артықбаевтың «Қараөткел құпиялары» деген кітабы шықты. Қазақстан тарихын тереңдететін кітапта осы жерде үлкен қаланың болғандығын айғақтайды. Енді сол жерге біздің астанамыз орнықты, үлкен қалаға айналды. Кеше кеңестік кезеңде Целиноград атауын иемденді. Одан бұрынғы өзінің Ақмола атын қайтарып алды. Қаланың аты бірнеше мәрте өзгерді. Бірақ Астана деген орнықты атауына қазақ жұртының құлағы да, көзі де үйренді. Астананың құрылысы қалай басталып, бүгінге қалай жеткеніне дәлеліміз де көп. Оның бәріне өзіміз куәгерміз. Көп оқиға көз алдымызда өтті. Қазір қаншама зәулім үйлер салынды, жақсы ғимараттар бой көтерді. Архитектуралық жақсы шешімдер қабыл­данып жатыр. Елордамыз мәдениеттің де, өнердің де ордасына айналды қазір. «Астана LRT» құрылысы сәтімен аяқталып, Қоянды, Қосшы қалаларына қарай тармақтары созыла­тын болса, сол маңайда тұратын көптеген халыққа қолайлы транспорттық жүйе болып қалыптасады. Келешекте Есіл өзенінің арнасындағы суды да ағынды су ретінде дұрыс пайдалануға мүмкіндік алуға болады. Сонымен бірге салынатын құрылыс­тардың сапасына айрықша мән беру керек. Астананың архитектуралық көркіне аса мән беру абзал. Бұл жөнінде мемлекет басшысы жиында арнайы айтқан болатын. Осы бағытта да Астананың дамуының бас жоспары бекітілген. Қазір Қызыл­орда-Жезқазған жолы салынып бітетін болса, сол өңірмен қарым-қатынас жақсарады. Әрі қарай батыс аймаққа шығатын Торғай арқылы ішкі жолдар салынатын болса, Ақтөбе, Ақтау­ға қарай шығып кетуге болады. Бергі жағында Шығысқа, Павлодарға, Семей­ге, Өскеменге дейінгі жолдардың бірқатары салынып реттеліп қалды. Астана-Алматы бағытындағы жолдар да қазір қалыпқа келді. Осының барлығы Астанамен қарым-қатынас­ты жақсар­тады. Елордамыздың тартымдылығы жыл өткен сайын арта түседі деп сене­мін. Өйт­кені, бұл – тәуелсіз қазақ елінің астанасы. Астана күні құтты  болсын. Ел іргесі берік болсын, – дейді ҚР Парламенті Сенатының депутаты  Нұртөре  Жүсіп  бізбен  әңгімесінде.

Иә, Астана  қаласы  бүгінде жыл өткен са­йын  жаңарып, заманауи талапқа сай жаңғырып жатыр. Астана – әкімшілік және саяси орта­лық қана емес, Қазақстанның мәдени өмірі қайнап жатқан рухани жүрегі. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақ­тар­дың қатысуымен ауқымды халықаралық мәдени іс-шаралар, фестивальдар, көрмелер мен концерттер  жиі өтеді. Аталмыш күн – күллі қазақ  елі  үшін  ерекше  мереке.

«Astana TV» телеарнасының шеф-редак­торы, жерлесіміз Тәжімұрат Әлжанов Астанаға алғаш келу кезіндегі ойымен бөлісіп, ел­орданың бүгінгі келісті келбеті жайлы пікірін жеткіз­ді.

АСТАНАҒА  АҢСАРЫМ  АУЫП  ТҰРАТЫН

– Жер көріп, ел тану – бала күнгі арманым. Мамандық таңдар кезде де осыған ден қойдым. Журналистикаға танылу үшін емес, табан тоздырып жүру үшін келдім. Тілшілік тіршілікпен бармайтын жер, баспайтын тау болмайды. Шүкір, еңбек жолымда небір табиғаттың сұлулығын, кең-байтақ еліміздің байлығын көрдім. Шекара асып, өзгелердің өмірімен де таныс­тым. Әрине, арман асуымның баспалдағын «Халық» газеті қалыптастырды. Қаламымды ұштап, қанатымды қатайтқан ұстаханада жүріп, Сыр өңірін түгел шарладым. Теңіздің құрғаған табаны, Кіші Аралдың қалыптасуы, қарт Қаратаудың жоталарын жаяу шарлап, мақала жаздық.  Бір күні теріскейде жас журналистер форумы өтетін болды. Нұржан Әбжан­ұлы «қатарластарыңмен кездесіп, тәжірибе алмасып қайтарсың» деді. Қуаныштан төбем көкке екі елі жетпей қалды. Қызылжарға по­йызбен Астана арқылы барамыз. Сол кезде Арқа  төсіндегі бас қаланы алғаш көрдім. Жаңадан  салынған ғимараттар саусақпен санарлық. Екі күн жүріп барлығына бардым. Сұлулығына сүйсіндім. Шаһарға ғашық болдым. Содан кейін үнемі Астанаға аңсарым ауып тұратын. Еңбек демалысына шықсам, бірден отбасымызбен бас қалаға келетінбіз. Сапар сайын түрленгенін көз көрді. Қала тоқтаусыз дамып жатыр. Жүрегімнің түбінен орын алған қала­ға осыдан төрт жыл бұрын көшіп келдім. Бастапқыда ата-­анам жылы орнымызды суытып қайтеміз деп қорқақтаған. Әрине, үлкен кісілерге таныс емес жерге сіңісіп кету оңай еместігін түсінем. Сондықтан алғашқы жыл­дары ата-анама, балалары­ма қаланы толық таныстырып шықтық. Технология дамыған. Адасып қалады деген қауіп жоқ. Барлығын ұялы телефондағы қосымшалар арқылы бақылай аласың. Қаланың тазалығы, мәдениеттілік, қауіпсіздік бәрі-бәрі ауылдан шыққан бізге таңсық болды. Қоғамдық көліктің таңнан кеш қарайғанша жүретіні, ішінде бар жағдай жасалғандығы адамды көңілдендіре түседі. Тіпті жазғы мезгілде бірнеше бағытқа таңға дейін қатынайтын автобустар бар. Қалада саябақ өте көп. Жаз бойы көшенің барлығында концерт, мерекелік көңіл күй сезіліп тұрады. Қонақ көп келеді. Туристер толып жүреді. Балаларымның өзі бастапқыда таңырқай қарайтын. Мектепке де тез сіңісті. Ұстаздардың адалдығына сүйсінді. Біреудің көзі, енді бірінің өзі жақсы деп баға қоя салмайды. Жұмысқа қабылдау, мықты кадр­ларға басымдық беруде алда екеніне көз жеткіздік. Әділетті Қазақстанның баспалдағы бас қалада қаланып келеді. Жақсы нәрсеге тез үйрендік.  Туған жер  жүрегіміздің түбінде тұрады. Осындай  игіліктер  елге  барса деп тілейміз, – дейді Астана қаласының тұрғыны Тәжімұрат  Әлжанов  өз  сөзінде.

ТАРИХТАН  ТІН  ТАРҚАТСАҚ…

Расымен, Астана – барша жұрттың жүрек түкпіріндегі арман қала. Әлем елдері көшбасшылары елімізге келгенде алдымен Астана қала­сын көреді. Сол арқылы мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалын бағам­дайды. Бұрынғы аядай қаланың алып шаһарға айналу кезеңі, көрікті көшелердің кеңейіп, еңсе тіктеген ғимараттардың жаңа тынысы ашылған шағы  бүгінде уақытпен үндесіп дамып  жатыр.

Тарихи деректерге сүйенсек, қазақ елінің 1920  жылғы  астанасы – Орынбор қаласына дейін  де  жеті  астанасы  болған  екен. Айта­лық, Батыс Түрік қағанатының астанасы бол­ған – Суяб  қаласы, Қарахан мемлекеті тұ­сында – Баласа­ғұн, Қарлық қағанатында – Қойлық, Оғыз мемлекетінде – Жанкент, Қып­шақ ханды­ғы кезінде, одан кейін – Сығанақ қаласы, Қазақ хандығының саяси және рухани аста­насы – Түркістан шаһары, сондай-ақ, Алаш Орда мемлекетінде – Алаш қала секілді астана­лар  болған.

ЖЕТІ  КҮННІҢ  ҚАСТЕРЛІ  ЖҰМАСЫНДАЙ

Ақтаңгер айтыс ақыны, «Алтын домбыра» игері Мейірбек Сұлтанханмен тілдесіп, Астана күні қарсаңында лебізін білген едік. Жыр жүйрігі жастайынан қоныстанған қаланың көз алдында көркейіп өскенін, көңіл көкжиегіне көз қадаған келешегін орамды ой, сүбелі сөзіне  арқау  етті.

– Астана жайлы айтылатын сөз де, жазылатын жыр да, айтылатын ән де жетерлік. Ең бастысы, егемен елдің ынтымағының айнасындай  болып тұрған қаланың қашан көрсек тіршілігі  қайнап жатады. Біз осыдан он бес жыл бұрын арман қуып, оқуға келгендегі Астанамен қазіргі Астананың келбетін мүлде салыс­тыруға келмейді. Жаңадан ғимараттар бой  көтеріп,  қаншама  сәулетті құрылыстар салынып, тарихи оқиғалар өтті. Және өзге елдерге барған кезде Астананы танып біліп жатқаны көңіл қуантады. Бұл кешегі Орынбор, Алматыдан жалғасқан астаналар көші десек  болады. Сарыарқаның төрінде орналасқан жаңа астанамыздың жайнап, жарқырап, аз уақыт ішінде осынша деңгейге көтерілгені, ең бастысы, бейбітшілігіміз сақталып, астанамыз көркейе беруін тілейміз. Руханияттың ордасы болып жатқанына көзіміз куәгер. Өйткені, бұрынғы тың игеру кезінде 60-70-жылдары қала­да бір ғана қазақ мектебі болса, қазіргі кезде қарасаң қаншама істің атқарылғанын көрсетіп тұр. Сондықтан бір ауыз сөзбен айтсақ, аты да ерекше астананы әр қазақ жүрегімен сүюі керек. Көп сөзбен айтпай, былтырғы «Алтын домбыра» айтысында астананы жырлаған шумағым бар еді. Соны  айтып  берейін:

Сақталған сан ғасырлар сыры ашылмай,

Даламды  айтпау  ақынның  күнәсіндай.

Атырау – Жұмекенмен  жыры  жауһар,

Маңғыстау – Пір бекетпен діні асылдай.

Оралым – Махамбеттің ордасындай,

Ақтөбе – Ер Есеттің жығасындай.

Түркістан – ер Түріктің бесігіндей,

Қызылорда – қызырдың куәсіндей.

Қарт Тараз – тарихымның қақпасындай,

Жетісу – жердің жайған құлашындай.

Ұлытау – ұлтымыздың ұясындай,

Қарағандым – қонатын қиясындай.

Қостанайға қосылған Қарт Торғайым,

Бейне бір Бейімбеттің Шұғасындай.

Көркіне Көкшетаудың көз жетпейді,

Ақанның топтан озған құласындай.

Қызылжар – қырманымның егесіндей,

Кереку – Мәшекеңнің мұрасындай.

Өскемен мен Семейім Қабанбай боп,

Қалың жауды қабақтан тұр асырмай.

Ал Астанам – Алаштың ардақтысы,

Жеті күннің қастерлі жұмасындай.

Күллі әлемге қазақты мойындатқан,

Кешегі Әміре мен Күләшімдай.

Алпауыт мемлекеттер патшаларын,

Құрметтеп қарсы алатын құдасындай.

Елімнің Елордасы жасай берсін,

Қатар аққан қос судың тұмасындай.

Үр жүзі үлбіреген Есіліндей,

Нұр жүзі жарқыраған Нұрасындай

Еркіндік деп жан берген ерлерімнің,

Ең соңғы жасап кеткен дұғасындай!

СӨЗ  СОҢЫ

Азғантай уақыт ішінде ел жүрегі астанамыздың заманауи мегаполиске, мемлекеттің бар саласына оң әсер етуші қоғамдық-саяси орталыққа айналғанына күллі Алаш баласы куә. Қаланың көркіне сән берген Қазақ Ұлттық Өнер университеті мен Қазақ Ұлттық Хореогра­фия академиясы әр жүрекке жылулық сыйлайды. Сонымен қатар, Астана опера және балет театры мен Ұлттық академиялық кітапхана, Ұлттық мұражай астана мәдение­тінің алтын арқауы іспетті. Бұл нысандар –  дерлік бас қаламыздың мәдени айнасы. Елдің  жүрегі мен тілегі һәм тірегі болған Астана дәуірлер тоғысымен үндесіп, уақыт көшімен қатар дами береді. Астана күні қарсаңындағы айтылған  оқшау  ойдың  өзегі – осы.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: