Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Журналистің баспасөз хатшы қызметіне барғанына қарсымын

29.06.2026, 9:40 30

HALYQLINE.KZ

«1990 жылдарға қарағанда Қазақстан журналистикасының орны нығайып, кеңістігі кеңейді. Ол кезде орыстілді журналистика басым болды, қоғамдық пікірдің негізі солардың жазғанына қарай ойысты. Ал кейін заман өзгеріп, қазақ журналистикасы алдыңғы шепке шықты. Бір байқағаным, қазір орыс тілінде жазатындар өздері аудармаса да, жасанды интеллектінің көмегімен қазақ тілінде ақпарат беретін болды. Бұл – бірінші құбылыс. Бірақ мұндай жағдайда қазақ журналистикасы күшеюі керек еді. Себебі республикадағы, шетелдегі оқырман тарапынан сұраныс көбейді. Өкініштісі, тура сол шақта сауатты жазатын журналистер азайып кетті, кейбірін үкімет құрылымдары баспасөз хатшылығына тартып алды. Өз басым мықты журналистің баспасөз хатшы қызметіне барғанына қарсымын. Ал депутат болып, билікке қызмет етіп кеткендер туралы әңгіме бөлек. Мұның бәрі қазақ журналистикасына кәдімгідей соққы. Мәселен, Мақсат Толықбай, Нартай Аралбайұлы сияқты жігіттерге депутат болып не керек? Жарайды, Ермұрат Бапиды түсінемін. Жасы келді, еңбегі сіңді, айтарын айтып, жазарын жазды. Демек, ол қоғамды өзгертуге бір кісідей атсалысты. Ал қалғандары әншейін депутат деген атқа қызығып барғандай көрінеді. Халыққа олардың депутаттығынан гөрі журналистігі анағұрлым пайдалы болар еді. 300 депутаттың қатарында болғанша, алдыңғы шептегі 10 журналистің ішінде жүрмей ме?

Үшінші мәселе – қазір кейбір журналистер әлеуметтік желіге байланған. Демек, сайт пен басылымда тіркелген журналист әлеуметтік желіге шықса, өз атынан жариялайды. Мысалы, газетке мақала жазып, оны желіге салсаң, ақпарат құралдарының әлеуметтік желідегі бір көрінісі. Ал журналистиканы оқымаған, еш БАҚ-та тіркелмеген адамның парақшасы мүлдем бөлек. Оны сауат, стиль жағынан ажырату қиын емес. Бұл жерде әңгіме өзектілікке келіп ойысады. Журналист алдымен жазғанын өз басылымына жариялайды. Ал өзін блогер санайтындар әлеуметтік желіге сол мезетте салады. Сөйтіп, кейде жылдамдық жағынан ұтылып жатады. Ендігі дүние айтатын ойға қатысты болуы керек. Ой неғұрлым салмақты, қоғамға өзекті болса, сонда ғана оқырман мен көрерменді ұстап қаламыз. Бізге көп газет керек болмауы мүмкін, бірақ қалай да газет керек! Себебі әлеуметтік желі, сайт өшіп қалса, жазғаныңды қайдан табасың? Ал газетке жарияланған дүние кез келген кітапханада сақтаулы тұр. Сондықтан газет 20-30 жылдан кейін де қажет.

Шын мәнінде, қазақта «Саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған» деген мақал бар. Дәл қазіргі жағдайда мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейтіндер осыған тап болып отыр. Әрине, мемлекеттік тапсырыс болмаса, көптеген газет пен сайт жабылып қалар еді. Газет сатудан зор пайдаға кенелген басылым жоқ. Шығынды ақтамайды. Екінші, оқылымды ақылы етіп қою. Мұны кейбір сайттар ұтымды пайдаланды. Бірақ жұрт тегін дүниеге үйреніп қалған.

Үшіншісі – жарнама. Оның өзі кейде бар, кейде жоқ. Демек, қазақ тіліндегі сапалы газет пен сайттарды сақтап қалу үшін мемлекеттің қолдауынан басқа жол жоқ. Бір өкініштісі, тапсырысты орындау барысында сыни материалдарға назар аудармайды. Тапсырысты тек мақтау деп түсінеді.

Егер ақпарат саласын басқарсам, дәл сыни материалдарға тапсырыс берер едім. Мақтау-мадақтау өсірмейді, өшіреді. Сондықтан мемлекеттік тапсырыс аясындағы материалдың 50 пайызын министр, әкімдердің жұмысына арнаса, қалғанын қоғамдағы олқылықтарды сынайтын материалдарға беру керек. Сонда журналистика да, қоғам да дамиды. Сынамаған қоғамда өмір сүріп келдік қой, пайдасы қайсы? Ұлт дамуы үшін сынау керек. Бірақ бізде біреу сынаса, аттандап шығамыз. Жоқ, сынға төзімділікпен қарау қажет. Ақын Қадыр Мырза-Әлі: «Балам, озық өрен бол, Қыз көзіндей терең бол.

Даттады ма құлақ сал, Мақтады ма керең бол! Есте ұстар нәрсе – бұл…» деп өлең жазды. Бізге осы ұстаным керек!».

Қайнар  ОЛЖАЙ,

ардагер журналист.

(«Жас Алаш» газетіне берген пікірі)

Фото: nege.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: